Батыс Қазақстан облысында алаяқтық жолмен алынған ақша қаражатын аудару үшін банк шоттарын заңсыз пайдалануға байланысты қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі шығарылды.

Сурет: сайт архивінен
Тергеу барысында Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті 2025 жылдың күзінде Орал қаласының жұмыссыз тұрғыны «оңай табыс» іздеп, Telegram-каналдардың бірінен жұмыс ұсынысын тапқанын анықтады. Белгісіз куратор оған ақшалай сыйақы үшін банк шоттарын рәсімдеуге және оларға үшінші тұлғалардың қол жеткізуіне мүмкіндік беруге дайын адамдарды іздеуді ұсынған. Ер адамға өз қызметі үшін шоттарға түсетін ақша қаражаты сомасының 7%-ын алуы тиіс болған.
Алынған нұсқауларды орындай отырып, ол сыйақы үшін банк шоттарын ашуға келісетін азаматтарды іздей бастады. Солардың бірі екінші деңгейлі банктердің бірінде шот рәсімдегені үшін 30 мың теңге ұсынылған Орал қаласының тұрғыны болды.
Ұялы телефонды пайдалана отырып, ер адам банк шотын тіркеуге және бейнетексеру процедурасынан өтуге көмектесіп, банк қосымшасы мен шот деректемелеріне қол жеткізді. Кейін бұл мәліметтер схеманы ұйымдастырушыға Telegram мессенджері арқылы берілген.
Сол күні, ашылған шотқа интернет-алаяқтардың құрбаны болған жәбірленушіден 500 мың теңге түсті. Ол ақшаны алып, алдын ала келісілген 35 мың теңге көлеміндегі сыйақысын өзіне алып қалды да, қалған 465 мың теңгені қылмыстық схеманы ұйымдастырушыға берді.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, оған жазаның бүкіл мерзіміне пробациялық бақылау белгілей отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Бұл қылмыстық іс «дропперлік» деп аталатын әрекетке қатысу табыс табудың зиянсыз тәсілі емес екенін тағы да дәлелдейді. Банк шоттарын, карталарды және мобильді банкингке қолжетімділікті қылмыскерлерге беру интернет-алаяқтықтардың жасалуына ықпал етеді және қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Азаматтар банктік картаны рәсімдеп беру немесе өз шоттарына қолжетімділікті ұсыну арқылы оңай ақша табуды уәде ететін ұсыныстардың көбіне қылмыстық схемалардың бір бөлігі екенін есте сақтауы қажет. Мұндай әрекетке қатысқан адамдар алған сыйақысының мөлшеріне қарамастан, қылмысқа сыбайлас қатысушы ретінде жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
БҚО бойынша ЭТТД