Астана немесе Алматыда білім алу жақсы жұмысқа орналасудың кепілі ме? Ал өңірдегі жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектің еңбек нарығындағы мүмкіндігі шынымен шектеулі ме? Университет таңдау алдында тұрған жастарды осы сұрақтар жиі толғандырады. Ірі қалаларда жұмыс орны, кәсіби орта мен тәжірибеден өту мүмкіндігі көбірек екені рас. Дегенмен мамандар мен түлектердің пікірінше, болашақ мансапты тек университет орналасқан қаламен байланыстыру дұрыс емес. Жас маманның білімі, студент кезіндегі тәжірибесі, қосымша дағдылары мен жеке ізденісі де маңызды рөл атқарады - деп жазды baq.kz.

Сурет: istockphoto.com
«Оқу орнының қай өңірде орналасқаны кедергі емес»
2022 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған Нұрай Исанхан жұмыс іздеген кезде оқу орнының Түркістанда орналасқанына байланысты кедергі көрмегенін айтады.
Оның пікірінше, еңбек жолын енді бастаған жас маман үшін негізгі қиындық оқу орнының орналасқан жерінен емес, тәжірибенің аздығынан туындауы мүмкін.
«Жұмыс іздеу барысында университеттің өңірде орналасқанына байланысты ешқандай кедергі көрген жоқпын. Себебі адамның қай өңірде білім алғанынан гөрі, жоғары білімнің сапасы маңыздырақ деп ойлаймын. Өзіне сенімді, алған біліміне сенімді, өз мамандығына махаббатпен қарайтын адам үшін ондай кедергі жоқ», – дейді Нұрай Исанхан.
Оның айтуынша, оқуын жаңа аяқтаған түлекке еңбек нарығында бірден өз орнын табу оңай бола бермейді. Әсіресе жұмыс беруші тәжірибесі бар маманды іздеген кезде жас түлектің бәсекеге түсуі қиындайды.
«Жас маман болған соң бастапқыда жұмыс табу қиын болады. Бірақ ол өңірдегі жоғары оқу орнын аяқтағанына байланысты емес деп ойлаймын. Бастапқыда жұмыс өтілінің болмауы, практикалық дүниелердің жетіспеуі әсер етуі мүмкін. Өзін дәлелдей алатын жас маманға барлық жерде есік ашық», – дейді ол.
Студент кездегі тәжірибе жұмысқа орналасуға көмектесті
Нұрайдың студенттік жылдары тек аудиториядағы сабақпен шектелмеген. Ол оқу барысында түрлі басылымдар мен телеарналарда өндірістік тәжірибеден өтіп, журналистиканың нақты жұмыс процесімен танысқан.
Түлектің айтуынша, сол кезде жинаған машықтары кейін кәсіби қызметінде пайдасын тигізген.
«Өңірлік оқу орнында алған білімім мен тәжірибем, сабақ барысында жинақталған теориялық және практикалық мәліметтер қазіргі жұмысыма көп әсерін тигізді. Студент кезімізде түрлі өңірлерде, түрлі басылымдарда, телеарналарда өндірістік тәжірибеден өттік. Сол кезде алған тәжірибелерімнің қазіргі жұмысымда пайдасы тиіп жатыр», – дейді Нұрай.
Журналистика сияқты тәжірибені қажет ететін мамандықтарда студент кезінен редакция, телеарна немесе өзге де кәсіби ортада жұмыс істеп көру жас маманның еңбек нарығына бейімделуін жеңілдетеді.
Нұрай университет қабырғасында негізгі мамандығымен қатар түрік тілін де меңгерген. Оның сөзінше, қосымша тіл білу де жұмысқа орналасу кезінде артықшылық берген.
«Мамандығымнан бөлек түрік тілін үйрендім. Қазақ және түрік тілдерін меңгеруім жұмысқа орналасқан кезде үлкен мүмкіндік берді. Маман ретінде жұмыс істегенде де оның пайдасын көрдім», – дейді ол.
Өңір студентіне не жетіспейді?
Қазір өңірлік жоғары оқу орнында білім алып жүрген студенттердің көзқарасы сәл өзгеше.
Түркістандық студент Назипа Шері университетте өзін дамытуға мүмкіндік жеткілікті екенін айтады. Оның сөзінше, жастар түрлі жобаларға, байқауларға, қоғамдық және шығармашылық бастамаларға қатысып, тәжірибе жинай алады.
«Өңірлік университетте білім алып жүрген студент ретінде мен үшін ең үлкен мүмкіндік – өзімді жан-жақты дамытуға жағдайдың болуы. Университет қабырғасында түрлі жобаларға, байқауларға, қоғамдық және шығармашылық жұмыстарға қатысып, тәжірибе жинауға болады. Сонымен қатар оқытушылармен тікелей байланыс орнатып, өзіңе қажетті бағытта кеңес алуға мүмкіндік бар», – дейді Назипа Шері.
Дегенмен студент өңірдегі жастар үшін кәсіби ортаға ертерек араласу мәселесі әлі де өзекті екенін айтады.
Астана мен Алматының артықшылығы неде?
Назипаның пікірінше, Астана мен Алматыда студент үшін кәсіби орта кеңірек. Ірі қалаларда компаниялар, медиа ұйымдар, мемлекеттік мекемелер мен халықаралық ұйымдар көп шоғырланғандықтан, жастар оқу кезінде-ақ тағылымдамадан өтіп, болашақ жұмыс берушілермен байланыс орната алады.
«Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда түрлі компаниялар, медиа ұйымдар, мемлекеттік мекемелер мен халықаралық ұйымдар шоғырланған. Сондықтан ол жақтағы студенттер оқу барысында-ақ тәжірибеден өтіп, мамандығына қатысты кәсіби байланыс орната алады. Ал өңірлік студенттер үшін мұндай мүмкіндік кейде шектеулі», – дейді студент.
Осы себепті ол өңірдегі жастарға ірі қалаларда тағылымдамадан өтуге, тәжірибе алмасуға және кәсіби ортаға араласуға көбірек мүмкіндік беру қажет деп есептейді.
«Өңір жастарының ірі қалалардағы кәсіби ортаға шығуына, тағылымдамадан өтуіне және тәжірибе алмасуына көбірек жағдай жасалса жақсы болар еді», – дейді Назипа.
Сарапшы: Университет бәрін шешпейді
Сарапшы Айман Бахтиярқызы Исмаилованың пікірінше, университеттің студенттің қалыптасуына әсері бар. Алайда болашақ маманның кәсіби деңгейін тек оқу орны анықтамайды.
«Университеттің әсері бар, әрине. Себебі жақсы университет сапалы білім, жүйелі тәжірибе және жақсы орта береді. Бірақ болашақ маманның қандай болатыны тек университетке байланысты емес. Студенттің өз талпынысы да өте маңызды», – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, ірі қалада орналасқан университет студентке көбірек мүмкіндік ұсынуы мүмкін. Бірақ бұл өңірде білім алып жүрген жастардың кәсіби тұрғыда өсуіне жол жабық дегенді білдірмейді.
«Менің ойымша, студенттің өз ізденісі маңыздырақ. Жақын жердегі немесе өз еліндегі университет барып-келу үшін ыңғайлы болуы мүмкін. Бірақ университет алыс жерде орналасса да, одан тәжірибе жинап, білімін сапалы әрі жаңаша жетілдірсе, жақсы маман бола алады», – дейді Айман Исмаилова.
Сарапшы жас маманның мүмкіндігін кеңейтетін бірнеше факторды атап өтті. Олардың қатарында қосымша білім алу, тағылымдамадан өту, кәсіби жобаларға қатысу, жаңа дағдылар меңгеру және өз саласындағы адамдармен байланыс орнату бар.
«Университет – мүмкіндік береді, ал нәтижеге жеткізетін – адамның ерен еңбегі», – деп түйіндеді сарапшы.
Диплом алған қала мансапты анықтай ма?
Нұрай Исанханның тәжірибесі өңірлік университет түлегінің де еңбек нарығында өз орнын таба алатынын көрсетеді. Ал Назипа Шерінің пікірі өңір студенттері үшін ірі кәсіби ортаға шығатын мүмкіндіктерді көбейту қажеттігін аңғартады.
Яғни Астана немесе Алматыда оқу белгілі бір артықшылық беруі мүмкін: студенттің тағылымдамадан өтуіне, кәсіби байланыс орнатуына және жұмыс берушілермен ертерек танысуына мүмкіндік көбірек. Алайда мұны жақсы жұмысқа орналасудың кепілі деуге болмайды.
Жас маманның болашағына университеттің орналасқан жерімен қатар білім сапасы, оқу кезінде жинаған тәжірибесі, қосымша дағдылары және жеке ізденісі әсер етеді. Сондықтан өңірде білім алу мүмкіндікті автоматты түрде шектемейді. Керісінше, студент ұсынылған мүмкіндікті қаншалықты пайдалана алғаны маңызды.