Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің төрағалығымен өтетін кеңесте «Игілік» және «Береке» жеңілдетілген несиелік бағдарламалары арқылы асыл тұқымды мал басын импорттау мәселесі талқыланды. Кеңеске фермерлер мен шаруашылық басшылары, ӘКК өкілдері, сала мамандары қатысты.

ҚР Үкіметі мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдады. Соның аясында «Игілік» және «Береке» жеңілдетілген несиелік бағдарламалары іске қосылды. Сол үшін «Aqjaiyq» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация» АҚ мен аграрлық несие корпорациясының арасында 20 млрд теңгеге негіздемелік келісім жасалған. Бұл қаражатқа жергілікті шаруа қожалықтары ірі қара мен ұсақ мал сатып алады. «Бүгінгі күнге қос бағдарлама үшін облысқа 3,5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. «Даму» қоры арқылы 85%-ға дейін кепілдендіру мәселесі де шешілді. Енді несиелеуге өтінімдер тапсырып, асыл тұқымды мал басын алыс және жақын шетелдерден импорттауды ұйымдастыру қажет», – деген Қалияр Шадиярұлы күн тәртібіндегі мәселені тарқату үшін сөз тізгінін тиісті мекеме өкілдеріне берді.
Алдымен сөз алған «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қазбек Ұзақанов аталған бағдарламалардың шарттарын таныстырды. «Игілік» бағдарламасымен 100 бас импорттық ірі қара мал (ІҚМ)немесе 500 импорттық ұсақ малды (ҰМ) сатып алуға болады. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%-дан аспайды.

Кредит беру мерзімі – 7 жылға дейін. «Береке» бағдарламасының шарттары бойынша 500 бастан жоғары импорттық ірі қара малды немесе 1000 бастан жоғары импорттық ұсақ малды сатып алуға болады. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6% болса, кредит 7 жылға дейін беріледі. Қаржыландыру бағыты мен сатып алынатын мал түріне қарай негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу үшін 12 айдан 30 айға дейінгі жеңілдік кезеңі қарастырылған. «Игілік», «Береке» бағдарламалары тек ірі қара емес, қой, жылқы, түйе, ара, марал шаруашылықтары мен шошқа шаруашылығын да қамтиды. Бұл бағдарламалар жоғары өнімді асыл тұқымды мал сатып алуды қаржыландыру арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға арналған.
Осылайша төрт түлік санын көбейтуге, табындардың генетикалық әлеуетін жақсартуға, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен өндіріс тиімділігін арттыруға жол ашпақ.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 15 шілдедегі №280 бұйрығымен агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қарыздарына кепілдік беру және сақтандыру шеңберінде субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалының директоры Тарас Шалыга айтып өткендей, қор есебінен кредит сомасының 85%-ына дейін мемлекеттік кепілдік беріледі. Енді ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мемлекеттік кепілдікпен берілетін кредиттерді екінші деңгейдегі банктер, кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы ғана емес, сондай-ақ әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациялар арқылы да ала алады. Мемлекеттік кепілдіктер мал және өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға берілетін қарыздар бойынша қарыз сомасының 85%-ына дейін ұсынылады.
Шетелден мал импорттауға рұқсат алу, транзит мәселесі және РФ бойынша мал импорттауға болатын өңірлер туралы облыстық аумақтық ветеринариялық инспекция басшысы Тілек Мұхатов баяндады. Облыста алты шекара бақылау бекеті бар. Жыл басынан бері 13917 аутокөлік өткізіп, 213 937 тонна өнім кіргізілген. Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде және үшінші елдерде жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша эпизоотиялық ахуал әлі де күрделі. Бірқатар елде африкалық шошқа обасы, жоғары патогенді құс тұмауы, құтыру және басқа аурулар тіркелуде. Осыған байланысты жануарлар мен олардан алынатын өнімдердің импортына шектеу шаралары қолданылуда. Тілек Махсотұлы шектеулер мен мал импорттауға қатысты барлық ақпаратты ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің сайтынан және аумақтық инспекциялардан білуге болатынын айтты.
Кеңесте асыл тұқымды мал жеткізуші оператор Purcell компаниясының басшысы Пёрселл Патрик шетелден мал тасымалдаудың құны, ұйымдастыру мәселесі жөнінде баяндады. Бұл отбасылық бизнес Иордандияда 1950 жылы басталған. 2000 жылы компания дүниежүзінде мал экспорттаудан бірінші орын алған. Компания әуе, теңіз және құрлықтағы көлік жолымен мал тасымалдайды.
– Біз 2018 жылы Австралиядан Қазақстанның Ақтөбе мен Ақмола облыстарына 3500 бас малды кемемен әкелдік. 2019-2021 жылдары Ирландиядан көлікпен 2000 бас ангус тұқымын жеткіз-дік. Соңғы сегіз айдың ішінде Дания, Германия және Ресейден 2000 басқа жуық сүтті бағыттағы голштин және джерсей тұқымдарын Алматы облысына алып келдік. Етті және асыл тұқымды малды Ирландиядан, Австралиядан ұшақпен жеткізе аламыз. Сондай-ақ Бразилиядан кемемен әкелуге болады. Ал оларды тасымалдау құны түрлі себеппен өзгеріп отырады. Ең алдымен, әуе керосинінің құнына байланысты өседі, – деген шетелдік кәсіпкер Пёрселл Патрик малды әр елден жеткізу құнына тоқталды (5-слайд). Сондай-ақ батысқазақстандық фермерлермен бірлесіп бизнес жүргізетініне сенім білдірді. Кеңеске қашықтан қосылған Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының атқарушы директоры Бақтияр Өтелбаев Ресейден ақбас мал тұқымын әкелуде қиындық туындап тұрғанын атап өтті. Басқосуда фермерлер мал сатып алуға берілетін қаражатты алу үшін екінші тараппен міндетті түрде келісімшартқа отыру керектігі баса айтылды. Сонымен бірге шетелден әкелінетін мал ветеринариялық қауіпсіздік талаптарына сай лейкоз, трихомоноз, хламидиоз секілді он бір негізгі ауру бойынша міндетті карантиндік тексерістен өтетіні де тілге тиек болды.
Ясипа РАБАЕВА,
«Орал өңірі»