13.08.2026, 15:30
Оқылды: 9

Айдар сорының әлеуетін қашан пайдаланамыз?

Жаздың ыстығы бастала көпшілік жұрт суға шомылу орындарына, бассейндер мен жағажайларға ағылады. Алайда тұзды балшыққа батып, сордың суына түскенді жаны қалайтындар бар. Тұзға түсудің пайдасы қандай?! Тұзды бассейндердің денсаулыққа кері әсері бар ма?! Халықтық дәстүр не дейді?! Бүгін сол туралы айтамыз.

46135c3e-5952-43f2-8f18-b851569c8745

“…Шілденің шіліңгір ыстық уақыты. Кеңес үкіметінің бір отар қойын суат басына иіріп, көкем түстенуге қамдануда. Астындағы торы қасқа шағыр көздің ноқтасын түріп, байырғы тасқұдықтың іргесіндегі жүлгеге шідерілеп, тамға бет алды. Бір мезетте ескі арбаның көлеңкесін қазып, ылғалына бауырын төсеп жатқан Ақтөске жан бітіп, қырқа жаққа қарап, шәуілдей жөнелді. Шыбын-шіркейдің тісі шыққан уақытта, шағырайған күннің ыстығына да қарамастан, өз міндетіне өте жауапты қарайтын мақлұқ.

«Төбеге шығып, қырдың астына көз сал», – деді де, көкем үйге кіріп кетті. Шатырдағы күнге қызған «шифер» толқындарын бағындырып, еп беттеп төбеге шықтым. Орталық жақтан үлкен көш келе жатыр. Екі тіркеме тіркеген трактормен буылып-түйілген заттар және үш-төрт ат-арба, қыруар адамдар. Тымырсыған ыстықты пысқырмайды. Әндетіп-әуелетіп, шулап келе жатыр. Көш көрікті.

Көрген жайтты үй ішіне жеткіздім. Ас басына енді жайғасқалы жатқан көкем маған кіләттарға су толтыруды тапсырып, өзі орнынан ытқып тұрды да, бағанағы иіріп кеткен отардан бағлан ұстап әкелуге бет алды.

Бұл жолаушылар біздің жайлаудың үстімен өтіп, батыс беттегі Шәкір сорға бет алған көрші ауыл, қыстақтардан жол-жөнекей жиналған кісілер. Тұз айы орталаған уақытта дәстүрлі түрде осындай бір-екі күндік басқосулары болатын…”

Кешегі кезең әдебиетінде тұзға түсу науқаны міне осындай - тұғын. 

Ел ішінде 12 шілде мен 12 тамыз аралығы «тұз айы» деп аталады. Шамасы күн ысып, балшық бабына келетін болып тұр. Осы кезеңде тұзды сорға барып, оның суына жатып, балшығын денеге жағу дәстүрі бар. Әсіресе жаздың ыстық кезінде сордың суы жылынып, тұздылығы арта түсетіндіктен, тұзға түсуді осы уақытқа сәйкестендірген.

Тұзды балшыққа түсуге қатысты жергілікті жұрт арасында қалыптасқан өзіндік ем - шара әдістері бар. Балшықта біраз уақыт жатқаннан кейін ауызға тұздың дәмі сезіле бастаса, оны халық «тұз денеге жеткілікті өтті» деген белгі ретінде қабылдаған. Яғни осы кезде балшықтан тұрып, сумен шайынып, процедураны аяқтау керек деген түсінік бар. Тұзды ваннадан кейін тойымды тамақтану, қалың киіну шарт.

73862f37-8b0b-4a22-8858-eb8fe56d73a9

Сырым аудандық ауруханасының бас мейіргері Әсел Серікбайқызының айтуынша, тұзды су бактериялар мен вирустардың көбеюін тежеуге, кілегей қабықты тазартуға, жергілікті қан айналымын жақсартуға және зақымдалған тіндердің жазылуын жылдамдатуға ықпал етеді.

Дегенмен денсаулыққа қатысты кез келген нәрсеге сақтықпен қараған жөн. Түрлі аурулардың ауыр және асқынған кезеңдерінде тұзды суға шомылу кері әсер етіп, денсаулық жағдайын нашарлатуы мүмкін. Сондықтан кез келген емдік әдісті қолданбас бұрын оның ағзаға әсерін ескеріп, қажет болған жағдайда дәрігермен кеңескен абзал.

Кейінгі уақытта алыс пен жақындағы жұрт тұзға түсу үшін Жетікөл ауылдық округіне келетінді шығарды. Себебі,  Қосарал ауылынан 15 шақырым жерде Айдар соры бар.

 Ел арасында сақталған аңыз бойынша, ертеректе бұл жерде Атыраудан жол жүріп келе жатқан Айдар есімді адай азаматы аялдаған деседі. Аңызда оның тері ауруына шалдығып, осы сордың жағасында бірнеше күн тыныққаны, тұзды суға түскеннен кейін жағдайының жақсарғаны айтылады. Осыдан кейін Айдар сордың басына жерленген деген әңгіме бар.

Уақыт өте келе Айдар есімімен байланысты бұл оқиға жергілікті жұрттың жадында сақталып, сор «Айдарсор» аталып кеткен дейді. 

Кейінгі жылдары Айдар байдың құлпытасы да табылды. 

Табиғи байлық жерімізде жарқырап жатса, оның басына халық із салса - демек Жетікөл ауылдық округінде жаңа туристік бағыт гүлденгелі тұр. Сордың басында демалушыларға ыңғайлы қызмет ұйымдастырып, мамандар жұмылдырылса, тәртіп пен қауіпсіздік назарда болса - Айдор сорының әлеуеті ашылар еді. 

Қоңдыкер ЕЛЕУОВ,

“Сырым елі”

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале