Баспаналы болу – жастар үшін маңызды мәселелердің бірі. Тұрғын үй бағасы мен халықтың табысы арасындағы алшақтық, алғашқы жарна жинау және ипотеканың ай сайынғы төлемі көпшілік үшін баспана алуды қиындатып отыр. Жастарға үй алу үшін неден бастаған дұрыс? Бірден ипотека рәсімдеген жөн бе, әлде алдымен қаржылық жағдайды тұрақтандырып, ақша жинаған дұрыс па? - деп жазды baq.kz.

Сурет: istockphoto.com
Қаржы маманы Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, баспана мәселесін шешуге асықпай, ең алдымен адамның жеке қаржысын ретке келтірген жөн. Ол тұрақты жұмыс, табысты дұрыс бөлу және жинақ қалыптастыруды негізгі қадамдардың бірі деп санайды.
Бірден ипотека алуға асықпай, алдымен қаржылық негізді қалыптастырған дұрыс. Тұрақты жұмыс, шығынды есепке алу, қарызды көбейтпеу және ең бастысы – тұрғын үйге арналған жеке жинақ шотын ашу қажет. Жастар табысының кемінде 20-30 пайызын тұрақты түрде жинағаны дұрыс, – дейді Бауыржан Ысқақов.
Маманның айтуынша, аз мөлшерден басталған жинақтың өзі уақыт өте келе қомақты қаражатқа айналады. Мысалы, ай сайын 100 мың теңгеден жинаған адам төрт жылда шамамен 5 миллион теңге, бес жылда 6 миллион теңге жинай алады. Ал ай сайын 150 мың теңге жинауға мүмкіндік болса, 6 миллион теңгеге шамамен 3 жыл 4 айда жетуге болады.
Бұл жерде тұрғын үй жинақ жүйесін пайдаланудың да маңызы бар. Сарапшының айтуынша, «Отбасы банк» арқылы тұрғын үйге ақша жинап, кейін бастапқы жарнаға қажетті қаражатты қалыптастыруға болады. Кейбір бағдарламаларда бастапқы жарна 20 пайыздан басталады.
Алайда баспана алу үшін тек алғашқы жарнаны жинау жеткіліксіз. Ипотеканы рәсімдегеннен кейін бірнеше жыл бойы ай сайын төлем жасау керек. Сондықтан адамның өз табысына сай үй таңдауы маңызды.
Үйді қалай аламын дегеннен бұрын, төлем қабілетіме қарай қандай үйді ала аламын деген сұраққа жауап берген дұрыс. Егер тұрақты табыс пен алғашқы жарна жиналған болса, ал ай сайынғы төлем отбасы табысының шамамен 30-40 пайызынан аспаса, ипотеканы қарастыруға болады. Ал табыс тұрақсыз болса, алдымен жинақтаған жөн, – дейді сарапшы.
Яғни маманның ұстанымы бойынша, жастардың баспанаға қол жеткізуінде ең маңыздысы – ипотеканы ертерек алу емес, оған алдын ала дайындалу. Тұрақты табыс пен қаржылық тәртіп қалыптасқан жағдайда ғана несие алу адамның бюджетіне салмақ салмайды.
Ал экономист Сапарбай Жұбаев бұл мәселеге сәл өзгеше қарайды. Оның пікірінше, әсіресе студент жастар үшін бірінші орында баспана емес, білім тұруы керек.
20 жастағы студент үй алуды емес, оқуды ойлауы қажет. Жақсы оқып, сапалы білім алса, кейін мамандығы бойынша жұмыс істеп, үйлі болуға мүмкіндігі артады. Сондықтан студентке қазірден бастап міндетті түрде жұмыс істеп, табыс тауып, үйге ақша жина деу дұрыс емес, – дейді Сапарбай Жұбаев.
Экономист жастардың студенттік кезеңін болашақ мамандығына инвестиция ретінде қарау керек деп есептейді. Оның айтуынша, сапалы білім алып, жақсы маман болған адам кейін тұрақты жұмысқа орналасып, табысын арттыру арқылы баспана мәселесін де шеше алады.
Сонымен бірге ол Қазақстандағы тұрғын үй бағасы мен халықтың табысы арасында үлкен айырмашылық бар екенін атап өтті.
Қазақстандағы үйлердің бағасы бүгінгі халықтың табысына қарағанда қымбат. Орташа жалақы 450 мың теңге деп айтылып жүр. Бірақ бұл – статистикалық көрсеткіш. Адамның қолына алатын нақты жалақысы бұдан төмен. Сондықтан баспана бағасы халықтың табысымен салыстырғанда жоғары болып отыр, – дейді экономист.
Сапарбай Жұбаевтың айтуынша, тұрғын үй бағасының өсуіне соңғы жылдардағы нарықтағы өзгерістер де әсер еткен. Ол 2021-2022 жылдары зейнетақы қорынан тұрғын үй құрылысына қомақты қаржы бағытталғанын атап өтті.
2021-2022 жылдары құрылысқа және тұрғын үй саласына үлкен көлемде қаржы жұмсалды. Соның нәтижесінде тұрғын үй бағасы айтарлықтай өсті. Бұрын 7 миллион теңге тұрған пәтерлердің 14-15 миллион теңгеге дейін қымбаттаған жағдайлары болды, – дейді ол.
Экономист баспана бағасының жоғары болуына Қазақстанның климаттық жағдайы да әсер ететінін айтады. Елдің кей өңірлерінде қыс ұзақ әрі суық болғандықтан, тұрғын үйді жылытуға және оны күтіп ұстауға кететін шығын жоғары.
Сонымен қатар Қазақстандағы табыс деңгейі дамыған мемлекеттермен салыстырғанда төмен екенін алға тартты. Бұл да азаматтардың баспана алу мүмкіндігіне тікелей әсер етеді.
Дамыған мемлекеттерде адамның ай сайынғы табысы 4-5 мың доллар болуы мүмкін. Қазақстанда орташа табыс 700-800 доллар шамасында. Сондықтан халық табысының төмен болуы да үй алуға кедергі келтіріп отыр, – дейді Сапарбай Жұбаев.
Жас отбасы үшін алғашқы жарна қаншалықты маңызды?
Баспана мәселесі студенттермен қатар, еңбек жолын енді бастаған жас отбасылар үшін де өзекті. Жас отбасы бір уақытта пәтерақы, күнделікті тұрмыс шығыны, бала тәрбиесі және ипотекалық төлем секілді бірнеше міндетті қатар алып жүруі мүмкін.
Сапарбай Жұбаевтың айтуынша, жас отбасылар үшін де алғашқы жарна жинау маңызды. Егер тұрғын үй құнының 20-30 пайызы көлемінде қаражат алдын ала жиналса, ипотекалық жүктеме жеңілдеуі мүмкін.
Жас отбасылар үшін ең алдымен ақша жинау қажет. Егер 20-30 пайызға дейін қаражат жинаса, үй алу жеңілдейді. Ал ақша жинауға мүмкіндігі жоқ отбасыларға мемлекет тарапынан төмен пайызды бағдарламалар арқылы көмек көрсетілуі керек, – дейді экономист.
Оның пікірінше, әлеуметтік қолдау көрсету кезінде шынымен баспанаға мұқтаж азаматтарға басымдық берілуі қажет. Әсіресе табысы төмен, көпбалалы немесе жалғызбасты ата-аналар секілді әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың жағдайы ескерілуі керек.
Экономист тұрғын үй кезегіндегі мәселені де назардан тыс қалдырмау қажет деп санайды. Оның айтуынша, кей жағдайда табысы салыстырмалы түрде жоғары азаматтар да жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қатысады. Бұл шын мәнінде баспанаға аса мұқтаж азаматтардың кезегін ұзартуы мүмкін.
Кезекте тұрғандардың арасында әскери қызметкерлер, бюджет саласында жұмыс істейтіндер, мұғалімдер мен дәрігерлер бар. Олардың арасында табысы жоғары адамдар да кездеседі. Сондықтан тұрғын үй кезегінде нақты мұқтаж адамдарға басымдық берген дұрыс, – дейді ол.
Ипотека алу үшін табыс қанша болуы керек?
Ипотека рәсімдеу кезінде адамның табысы мен ай сайынғы төлемнің арақатынасы маңызды. Себебі несие бірнеше жылға есептеледі және азамат ай сайын белгіленген соманы төлеуі қажет.
Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, адамның табысы тұрақты болмаса, ипотекаға асықпаған жөн. Ал тұрақты жұмыс пен жинақ болған жағдайда ғана тұрғын үй несиесін қарастыруға болады.
Мұнда адамның басқа қарыздары да ескерілуі керек. Себебі бірнеше несие қатар келсе, ай сайынғы төлем көбейіп, отбасы бюджетіне салмақ түседі.
Сондықтан сарапшылардың пікірінше, ипотека алар алдында адамның нақты табысын, күнделікті шығынын, жинағын және болашақтағы қаржылық мүмкіндігін есептеу қажет.
Баспанаға апарар жол әр адамда әртүрлі
Екі сарапшының пікірі баспана мәселесіне келгенде екі түрлі бағытты көрсетеді. Бауыржан Ысқақов жастарды ертерек қаржы жинап, тұрғын үйге дайындалуға шақырады. Ал Сапарбай Жұбаев студенттік кезеңде ең алдымен білім мен мамандыққа көңіл бөлу керек деп санайды.
Дегенмен екі пікірдің ортақ тұсы да бар. Ол – баспана алу үшін адамның өз мүмкіндігін дұрыс бағалауы қажет.
Бір адам үшін бірнеше жыл ақша жинап, кейін ипотека алу тиімді болуы мүмкін. Екінші адам үшін алдымен білім алып, тұрақты жұмысқа орналасып, содан кейін баспана мәселесін шешкен дұрыс. Ал жас отбасы үшін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары маңызды мүмкіндік болуы ықтимал.
Сондықтан үй алудың бәріне ортақ бір ғана жолы жоқ. Ең маңыздысы – баспана бағасына қызығып, қаржылық мүмкіндіктен тыс міндеттеме алмау.
Баспана алу – бір күнде шешілетін мәселе емес. Үйлі болу үшін тұрақты табыс, алдын ала жинақ және нақты жоспар керек. Әсіресе жастар үшін өз мүмкіндігін дұрыс бағалап, табысына қарай жоспар құрған маңызды. Өйткені үй аламын деп асығып, кейін несие мен қарыздың салмағын көтеріп қалмау керек.