Бөкей орда ауданында кәсіпкерлер мен кәсіп бастауға ниетті тұрғындарға мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіруге арналған кеңейтілген кездесу өтті. Мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін кеңінен таныстырып, бизнесті дамытуға бағытталған қаржылық қолдау тетіктері жөнінде жан-жақты ақпарат беру мақсатында ауданға Батыс Қазақстан облысынан арнайы жұмыс тобы келді.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Азамат Мұхамбетжанов ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту аудан экономикасының тұрақты өсіміне негіз болатынын атап өтіп, мемлекет тарапынан ұсынылып отырған қолдау шаралары жаңа кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыруға және жұмыс істеп тұрған бизнесті одан әрі дамытуға зор мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ кәсіпкерлерді мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін пайдаланып, өз жобаларын батыл жүзеге асыруға шақырды.
Кездесуге Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы кәсіпкерлер және сауда бөлімінің бас маманы Руслан Ахметов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік филиалының бағдарламаларды насихаттау жөніндегі бас менеджері Бағдат Өтебалиева, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ несиелеу бөлімінің бас маманы Мира Досқалиева, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының шағын бизнесті несиелендіру орталығының менеджері Сұңғат Райым және «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ «Ауыл аманаты» жобаларын кредиттеу басқармасының бас менеджері Олжас Абаканов қатысып, мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қаржы институттарының өкілдері мемлекеттік бағдарламалардың басым бағыттарына тоқталып, кәсіпкерлерге ұсынылатын қаржылай қолдау тетіктері жөнінде кеңінен ақпарат берді. Атап айтқанда, «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында микро және шағын бизнесті субсидиялау, «Өрлеу» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиелеу, сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасының шарттары, субсидия алу тәртібі және мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану мүмкіндіктері жан-жақты түсіндірілді. Еркін форматта өткен кездесуде кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, жеңілдетілген несие алу және бизнес-жобаларды қаржыландыру бағытында сала мамандарынан нақты жауаптар мен тәжірибелік кеңестер алды. Кездесу соңында кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері жұмыс тобы мүшелерінің жеке қабылдауында болып, өз бизнес-жобалары бойынша кеңес алды.
Ақсәуле Әлжанова