Қазақ қаламгерлерінің шығармалары бүгінде Қазақстаннан тыс жерлерде де кеңінен оқылып жүр, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Фото: pixabay.com
Еуропа мен АҚШ-тан бастап, Қытай мен Таяу Шығыс елдеріне дейін ұлттық әдебиетімізге қызығушылық артып келеді. Отандық авторлардың еңбектері ондаған тілге аударылып, шетелдерде жарық көріп, әлемнің жетекші кітапханалары мен университеттерінің қорына еніп жатыр.
Қазақ поэзиясы мен прозасының антологиялары БҰҰ-ның алты ресми тіліне аударылып, 90-нан астам елдегі 23 мыңнан астам кітапхана мен ғылыми орталыққа таратылды. Кейінгі жылдары Смағұл Елубайдың, Қабдеш Жұмаділовтің, Бауыржан Момышұлының, Әзілхан Нұршайықовтың, Дулат Исабековтің, Мұхтар Әуезовтің, Ілияс Есенберлин мен Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары шетел тілдерінде басылып шықты. Сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, Абайдың «Қара сөздері» және Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы әлемге кеңінен танылған туындылар қатарында.
Отандық баспалар Франкфурт, Болонья, Абу-Даби, Бейжің және Лондон халықаралық кітап көрмелеріне тұрақты қатысып келеді. Ал «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпазы – Гүлмира Амандықованың Абайдың «Қара сөздері» негізінде жазылған еңбегі әлемнің 12 тіліне аударылып, ЮНЕСКО кітапханасының қорына табысталды. Бұдан бөлек, 2025 жылы Бакуде өткен халықаралық байқауда «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың әміршісі» басылымы Гран-при иеленді.
Ұлттық әдебиетті насихаттауда цифрлық ресурстардың үлесі зор: Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасына 125 мемлекеттен пайдаланушылар кіреді. Сонымен қатар Мажарстан, Түркия, Қытай, Франция, Жапония, АҚШ, Италия, Финляндия және Бразилия сияқты 41 елдің ұлттық кітапханаларында қазақ әдебиеті орталықтары жұмыс істейді.