Шыңғырлау ауданында байланыс қызметтерінің сапасын арттырып, тұрғындарға жоғары жылдамдықты интернет ұсыну бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. «Қазақтелеком» АҚ-ның Батыс Қазақстан облыстық ДЭСД мамандары «СНП-да FTTH желісін дамыту» стратегиялық кешенді жобасын жүзеге асыруда.

Жоба аясында ескірген байланыс бағаналары біртіндеп ауыстырылып, ауыл ішіндегі ішкі байланыс желілері толық жаңартылуда. Бұл шаралар интернет және телефон желілерінің сенімділігін арттыруға, тұрақты қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұрынғы инфрақұрылымның шектеулері мен техникалық ескіргендігі ауыл тұрғындарының байланыс қызметтеріне қолжетімділігін қиындатып, әлеуметтік және экономикалық белсенділіктің төмендеуіне себеп болып келген еді. Енді жаңа жүйелер енгізілгеннен кейін аудан орталығының тұрғындары мен кәсіпкерлердің цифрлық қызметтерге қол жеткізуі айтарлықтай жеңілдейді.Атап айтқанда, 50 ағаш бағана СВ-95 үлгісіндегі темірбетон тіректерге ауыстырылды. Телефон желісі арқылы 7,181 шақырымнан астам оптикалық кабель төселіп, тіректер бойымен 39,8 шақырымға жуық кабель тартылды. Жоба толық аяқталған кезде оптикалық желілердің жалпы ұзындығы 54 шақырымды құрайды.
Сондай-ақ абоненттік желілерді қосуға арналған ОРК типті соңғы-кабельдік құрылғылар орнатылып, 1700 дана желілік арматура қойылады. Станциялық жабдықтарды монтаждау жұмыстары да аяқталған. Huawei компаниясының GPON технологиясына негізделген, сыйымдылығы шамамен 2000 порт болатын жаңа жабдық тұрғындарға заманауи байланыс қызметтерін ұсынуға мүмкіндік береді.

GPON технологиясы арқылы интернет жылдамдығын 100-ден 500 Мбит/с-қа дейін жеткізуге болады. Сонымен бірге бір желі арқылы IP-телефония, интернет және телевидение қызметтерін қатар пайдалануға мүмкіндік бар.Жаңғырту жұмыстары интернет жылдамдығын бірнеше есеге арттыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде онлайн білім алу, қашықтықтан жұмыс істеу, электрондық коммерция, мемлекеттік қызметтерді алу және ақпарат алмасу сияқты салаларды тиімді дамытуға мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындары үшін тұрақты және жылдам интернет желісі әлеуметтік өмірді жақсартумен қатар, экономикалық белсенділікті арттыруға да әсер етеді. Мысалы, шағын және орта бизнес субъектілері онлайн платформаларды тиімді пайдалана отырып, өнімдерін нарыққа жылдам жеткізе алады, ал ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер заманауи технологияларды қолдану арқылы өнім сапасын бақылау мен нарықтық сұранысты қадағалай алады.
Жобаның маңыздылығы жөнінде «Қазақтелеком» АҚ Шыңғырлау аудандық бөлімшесінің бастығы Әділбек Нұрғазиев:
«Бұл жоба – ауданның байланыс инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеретін маңызды жұмыстардың бірі. Оптикалық технологияға көшу арқылы интернеттің жылдамдығы мен тұрақтылығы артып, тұрғындарға сапалы байланыс қызметін ұсынуға мүмкіндік туады. Әсіресе қазіргі таңда интернет күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанын ескерсек, мұндай жаңғырту жұмыстарының маңызы зор. Жоба аяқталғаннан кейін тұрғындар заманауи технологияға негізделген жоғары жылдамдықты интернет пен басқа да цифрлық қызметтерді тиімді пайдалана алады», – дейді.
Жұмыстарды жүргізу барысында аудан орталығының орталық бөлігінде елді мекеннің эстетикалық көрінісін жақсарту, бағаналар мен әуе сымдарын оңтайландыру мақсатында оптикалық кабельді жер астымен жүргізуге басымдық берілді.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы әкімдігі аппараты, облыстық цифрлық технологиялар басқармасы, «Батыс Қазақстан электр желілері» және Батыс Қазақстан ДЭСД арасында жасалған меморандумға сәйкес оптикалық кабельдің бір бөлігі Шыңғырлау аудандық электр желілері мекемесінің СИП оқшауланған электр сымдары бар темірбетон тіректеріне ілінуде.

Жобаның толық іске қосылуы Шыңғырлау ауданындағы байланыс желілерінің техникалық мүмкіндігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың сапалы әрі жылдам интернетке деген сұранысын қамтамасыз етуге жол ашады.Жаңартылған инфрақұрылым жаңа жұмыс орындарының ашылуына, кәсіпкерлік белсенділіктің өсуіне және аудан экономикасына қосымша инвестиция тартуға ықпал етері де анық.
Аудан орталығындағы байланыс инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарын Қазақтелеком акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облыстық желілік қатынау желісін пайдалану департаментінің мамандары жүргізуде. Бұл тұрғы да Қазақтелеком Шыңғырлау ауданының қызметкерлері Жасұлан Өтебаев,Серік Жұмашев,Амир Бикетеев,Айбек Құрметов,Бисұлу Телеубаеваның жауапкершілікпен атқарып жатқан жұмыстарын атап өтуге болады.Сырт көзге қарапайым көрінгенімен мамандардың атқарып жатқан жұмыстары аса дәллікті талап етеді.
Жаңа технологияға көшуге байланысты абоненттердің модемдері де оператор тарапынан ауыстырылатын болады. Жаңа құрылғы үшін ай сайынғы төлем ақысы қарастырылған.
Бұл Шыңғырлаудың цифрлық инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Заманауи оптикалық желінің іске қосылуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, аудан тұрғындарын сапалы цифрлық қызметтермен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды.
Сара Шакрат
Шыңғырлау ауданы