
Жақында күшіне енген жаңа заң мемлекеттік аппаратты түбегейлі жаңғыртуға бағытталған.
Құжаттың басты мақсаты – сервистік мемлекет моделін қалыптастыру, мемлекеттік қызметті кәсібилендіру және цифрландыру. Мемлекеттік органның жұмысы азаматқа ыңғайлы болуы керек.
Мысалы, азамат мемлекеттік қызмет алу үшін өтініш берді делік. Егер өтініште қате кетсе немесе қандай да бір құжат жетіспесе, енді оны бірден кері қайтаруға болмайды. Азаматқа қатесін түзетуге немесе жетіспейтін құжатты толықтыруға мүмкіндік беріледі.
«Бұл – мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа тәсілі. Яғни, басты мақсат – азаматқа кедергі жасау емес, оның мәселесін заң талаптарына сай шешуге көмектесу», – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызметке даярлау және кіру департаментінің директоры Нұрсұлтан Бекінов.
Мемлекеттік қызметші қандай болуы керек?
Жаңа заңда мемлекеттік қызметті өткерудің негізгі айқындалған.
Ол мемлекеттік қызметшілерге отаншылдық, кәсібилік, ашықтық, азаматқа бағдарлану, әдептілік және мінсіз бедел секілді талаптар жүктейді.
Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттік қызметші өз жұмысын жақсы білуі, азаматпен дұрыс сөйлесуі, мәселені шешуге ұмтылуы және әр шешімі үшін жауап бере алуы керек.
Яғни, мемлекеттік қызметші үшін «құжатты орындау» ғана емес, «азаматтың мәселесін шешу» маңызды болады.
Мемлекеттік қызметке жол мектептен басталады
Жаңа заңдағы маңызды жаңалықтардың бірі – жастарды мемлекеттік қызметке ерте дайындау.
Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің шамамен 33 пайызы – жастар. Енді бұл бағыттағы жұмыс мектептерді қамтиды.
11-12 сынып оқушыларына мемлекеттік қызмет туралы ақпарат беріліп, оның қандай мүмкіндіктер ұсынатыны түсіндіріледі.
Одан кейін оқушы ҰБТ тапсырады. Жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлер мемлекеттік органдарға қажет мамандықтар бойынша грантқа түсе алады.
Грантпен оқуға түскен жас маман университетті аяқтағаннан кейін жергілікті атқарушы органдардағы төменгі лауазымдарға конкурссыз орналасып, мемлекеттік қызметте кемінде үш жыл жұмыс істеу міндетін өтейді.
Үш жылдан кейін маман Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасына түсе алады. Оқуын аяқтаған соң орталық немесе жергілікті мемлекеттік органдардағы басшылық лауазымдарға конкурссыз орналасу мүмкіндігіне ие болады.
Яғни, жас маман үшін мемлекеттік қызметтегі мансап жолы алдын ала түсінікті болады:
Бұл жастарға мемлекеттік қызметті кездейсоқ таңдау емес, нақты кәсіби мансап ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметке кірудің жолдары жеңілдетілді
Жаңа заң бойынша мемлекеттік қызметке кірудің үш жолы бар: жалпы конкурс, заңда көрсетілген жағдайларда конкурстан тыс тағайындалу және келісімшартпен жұмысқа орналасу.
Сонымен бірге конкурсқа қатысу да жеңілдейді. Үміткерлер e-Qyzmet жүйесі арқылы үйден шықпай-ақ конкурсқа қатыса алады.
Жоғары оқу орнын жақсы аяқтаған жастарға да мүмкіндік беріліп отыр. Егер түлектің GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары болса, ол ауылдық және аудандық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурссыз орналаса алады.
Тағы бір мүмкіндік – уақытша бос тұрған қызметке бір жылға келісімшартпен жұмысқа орналасу.
Бұл адамның мемлекеттік қызметте өзін сынап көруіне мүмкіндік береді. Бір жылдан кейін ол өзіне осы саланың қаншалықты сәйкес келетінін бағалай алады. Сонымен бірге жұмыс істеген уақыты мемлекеттік қызметтегі еңбек өтіліне есептеледі.
Жаңа заңның мемлекеттік қызметшілерге қандай пайдасы бар?
Жаңа заң тек мемлекеттік қызметке кіруді емес, қызметшілердің еңбек жағдайын да өзгертеді.
Мысалы, демалыс немесе мереке күндері жұмыс істеген мемлекеттік қызметшіге қосымша ақы төленеді.
Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтіліне қарай қосымша демалыс күндері де беріледі.
Ал мемлекеттік қызметте 25 жылдан астам жұмыс істеген азаматтарға зейнетке шыққан кезде арнайы төлем қарастырылған.
Негізгі өзгеріс – көзқарастың өзгеруі
Жаңа заңның басты ерекшелігі – мемлекеттік қызметке деген көзқарасты өзгерту.
Мемлекеттік қызметші тек тапсырманы орындап, құжатқа қол қоятын адам емес. Ол – азаматтың мәселесін тыңдап, заң шеңберінде шешім табуға көмектесетін маман.
Ал азамат үшін мемлекетпен жұмыс істеу неғұрлым түсінікті әрі ыңғайлы болуы керек.
Сондықтан жаңа заңның негізгі мақсатын бір сөзбен айтсақ, ол – адамға қызмет ететін мемлекеттік аппарат қалыптастыру.