18.08.2026, 17:45
Оқылды: 5

 Исатай Қарабаев: ”Бөрліден әлі талай чемпион шығады”

«Спорт – денсаулықтың ғана емес, елдің мерейін асыратын үлкен күш. Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде Қазақстанда Спорт күні аталып өтеді. Бұл күн – бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және спортшылардың еңбегін бағалауға арналған маңызды мереке. Осы орайда Бөрлі ауданындағы спорттың бүгінгі тынысы, жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Исатай Қарабаевпен әңгімелескен едік.

спортттттт

– Исатай Таштемірұлы, 16 тамыз – Спорт күні. Бұл мереке аудан спортшылары үшін де айтулы күн. Бөрлі спортындағы бүгінгі жетістіктерге тоқталып өтсеңіз.

– Спорт – денсаулықтың кепілі ғана емес, ауданның, елдің абыройын асқақтататын үлкен сала. Бүгінде Бөрлі ауданында спорттың дамуына барлық мүмкіндік жасалып келеді. Аудан бойынша ардагерлерді, жастар мен жасөспірімдерді қоса есептегенде, 42 спорт жеңімпазы бар. Оның ішінде биылдың өзінде 8 спортшымыз әлем чемпионы атанды.

Олардың қатарында самбодан әлем кубогының жеңімпазы Темірлан Көлбай, дзюдошы Әбілмансұр Серікбай, биатлоннан шаңғы жарысында жоғары нәтиже көрсеткен Жанерке Тудахунова, жас каратэшы Жасмин Жаманова, паратаэквандодан Мәлік Мұқашев бар. Сонымен қатар самбодан ардагерлер арасында Азия чемпионы атанған Қайрат Шарипов, паралифтингтен ағайынды Вадим және Сергей Шуклиндер де ауданымыздың мақтанышы.

Ауданнан шыққан әлем чемпиондары арасында Мәлік Мұқашев пен Темірлан Көлбайдың есімдерін ерекше атап өтуге болады.

3fbe582e-643a-436b-bae3-c8a1d77b993d

– Бөрлі ауданында спорттың қай түрлері жақсы дамып келеді?

– Қазіргі таңда дзюдо, самбо, қазақ күресі, шаңғы-биатлон, бадминтон, каратэ секілді спорт түрлері кең көлемде дамып келеді. Сонымен қатар ат спортына да ерекше көңіл бөліп отырмыз. Көкпар, аударыспақ бағыттарын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Үстел теннисін де алдағы уақытта кеңінен дамыту жоспарда бар.

– Ауданда спортпен қанша адам тұрақты айналысады?

– Бүгінде ауданда 24 мыңға жуық тұрғын спортпен айналысады. Бұл аудан тұрғындарының шамамен 42 пайызын құрайды. Бұл – біз үшін жақсы көрсеткіш. Дегенмен, бұқаралық спортты одан әрі дамыту, тұрғындарды спортқа тарту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.

– Балалар мен жасөспірімдердің спортпен қамтылуы қандай деңгейде?

– Қазіргі таңда аудан бойынша 21 спорт түрінен 1418 бала балалар-жасөспірімдер спорт мектебі арқылы спортпен шұғылданады. Ал мектеп жанындағы мектепішілік спорт секцияларына 1904 бала қамтылған. Бұдан бөлек, 200-ден астам бала жеке спорт секцияларына қатысады.

Балалар арасында футбол мен волейболға қызығушылық жоғары. Бұл спорт түрлеріне қатысатын балалар саны да көп.

спорррт

– Спорттық инфрақұрылым туралы айтсақ. Ауданда қанша спорт нысаны бар?

– Аудан бойынша барлығы 174 спорттық құрылым жұмыс істейді. Оның ішінде бір жүзу бассейні, 9 ату тирі, 5 спорт кешені және бір спорт манежі бар. Қалғандары – спорттық алаңқайлар.

Спорт алаңдарын жыл сайын жөндеп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Қарашығанақ, Бөрлі, Кеңтүбек, Жарсуат ауылдарында спорт кешендері, Қызылталда мәдени-спорт кешені жұмыс істейді.

– Ауылдық жерлердегі спорттың жағдайы қалай?

– Әр ауылда спорт әдіскері бар. Олардың негізгі міндеті – бұқаралық спортты дамыту, балалармен жұмыс жүргізу, спортқа бейімі бар жастарды анықтап, аудандық және облыстық жарыстарға дайындау.

Мысалы, Пугачев ауылындағы бұрынғы мектептің спорт залы күндіз балалардың игілігіне пайдаланылса, кешкі уақытта ауыл тұрғындары, ересектер спортпен айналысады. Яғни ауылдарда да спортпен шұғылдануға мүмкіндік бар.

– Сіздіңше, ауылдан үлкен спортқа жол ашуға бола ма?

– Әрине, болады. Ауылдан да чемпион, Олимпиада жүлдегерін шығаруға толық мүмкіндік бар. Ең бастысы – бала спортта өзін белгілі бір жасқа дейін жоғалтып алмай, тұрақты түрде айналысуы керек.

Олимпиадаға қатысатын жасқа жеткенше спортшыға табандылық пен төзімділік қажет. Үлкен жетістікке бір күнде жетпейсің. Еңбектену керек, жаттығу керек, қиындыққа мойымау керек.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Алда жоспар көп. Спорт саласындағы жұмыстар белгіленген жоспарға сәйкес, талапқа сай жүргізіле береді. Бұқаралық спортты одан әрі дамыту, балалар мен жастарды спортқа тарту, жаңа спорт түрлерін дамыту бағытында жұмыстар жалғасады.

Біздің ауданда басқа аудандармен салыстырғанда спортпен айналысуға мүмкіндік жеткілікті деп ойлаймын. Спорттық нысандарымыз бар, талапшыл әрі тәжірибелі жаттықтырушыларымыз да жетерлік. Ең бастысы – осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, жастарды спортқа баулу.

– Аудан тұрғындарына, жас спортшыларға қандай тілегіңіз бар?

– Барша аудан тұрғындарына спортпен тұрақты айналысып, салауатты өмір салтын ұстанса деймін. Ал жас спортшылар – қандай спорт түрін таңдаса да, соған адал болып, табандылық танытсын. Жеңістің артында үлкен еңбек, төзім мен үздіксіз ізденіс бар. Өздеріне сеніп, биік мақсат қоя білсе, Бөрліден әлі талай чемпион шығатынына сенемін.

— Сұқбатыңызға рахмет!

 

Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале