19.08.2026, 14:30
Оқылды: 10

Бөрлі ауданында «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты мерекелік шара өтті

Бөрлі ауданындағы ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, татулық пен мәдени сабақтастықты дәріптеп отырған қарашаңырақ – Достық үйінде «Мирас» қазақ мәдени бірлестігінің 10 жылдығына арналған «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты мерекелік шара өтті.

image-19-08-26-11-26

Айтулы басқосу Достық үйінің 10 жылдығымен қатар, қазақ мәдени бірлестігінің он жылдық белесіне орай ұйымдастырылды. Шараға мәдениет пен өнер саласының өкілдері, ақ жаулықты әжелер, өнерпаздар мен ауыл-аймақтан келген қонақтар қатысты.

Жиынның мән-маңызы ерекше. Өйткені Достық үйі – аудандағы түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына топтастырып, мәдени құндылықтарды дәріптеп келе жатқан маңызды орталық. Ал күні кеше ғана Достық үйінің директоры қызметіне Толқын Абайқызы Хадышова тағайындалған болатын.

Мерекелік шара қазақтың ұлттық аспаптарындағы әуезді әуенмен басталып, қонақтар дәстүрлі ән мен күйдің сүйемелдеуімен қарсы алынды. Дастархан жайылып, ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.

Шараның ашылуында сөз алғандар «Мирас» қазақ мәдени бірлестігінің он жыл ішінде атқарған еңбегіне тоқталып, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеудегі белсенділігін атап өтті.

«Мирас» қазақ мәдени бірлестігінің төрайымы, Достық үйінің директоры Толқын Абайқызы да көпшілікке ізгі тілегін білдіріп, ұлттық мұраның ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.

Мерекелік шара «Дәмі де, дәстүрі де – ұлттың мұрасы» атты дастархан дәмімен жалғасты. Қонақтарға қазақтың ет тағамдары, сүт өнімдері мен нан тағамдары ұсынылып, олардың жасалу жолы мен тәрбиелік мәні таныстырылды. Ақ жаулықты әжелер ұлттық дастарханның берекесі мен қазақы қонақжайлықтың ерекшелігі жөнінде тағылымды әңгімелер айтты.

Ұлттық дәстүрдің тағы бір жарқын көрінісі – ақ жаулықты әжелердің қатысуымен ұсынылған «Босаға майлау» дәстүрі болды. Көпшілікке қазақ халқының тұрмыс-салтында ерекше мәнге ие бұл ғұрыптың тәрбиелік маңызы көрсетілді. Әжелер салттың мәнін түсіндіріп, кейінгі ұрпаққа ата дәстүрді дәріптеудің маңызын жеткізді.

Мерекелік кеште дәстүрлі әнші, мәдениет саласының үздігі әрі Еңбек даңқы төсбелгісінің иегері, Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті Қарагөз Әбілдаева «Аман ба» және «Жолыққан қандай жақсы» әндерін орындады. Сондай-ақ Мәдениет қайраткері төсбелгісінің иегері Жаныл Чугирова да өз өнерін ортаға салып, көрерменге әсем ән сыйлады.

Қазақтың қара домбырасынан төгілген күй де мерекенің ажарын аша түсті.

Шара барысында ұлттық ойындарға да ерекше мән берілді. Қонақтар мен қатысушылар «Асық ату», «Арқан тарту», «Ләңгі» сынды ұлттық ойындарға қатысып, мерекелік көңіл күйді еселей түсті.

 

Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале