Орал қалалық полиция басқармасы жас кадрларды құқық қорғау саласына шақырады.

Сурет: сайт архивінен
Бұрын полиция қызметкері болу үшін арнайы академияда білім алу немесе әскери билет болуы қажет деп ойлайтын едік. Дегенмен соңғы жылдары құқықтық және педагогикалық жоғары білімі бар азаматтар әскери билеті болмаса да, сақшылар сапына қосыла алады. Осы тақырып төңірегінде Орал қалалық полиция басқармасы Абай полиция бөлімі бастығының жеке құраммен жұмыс жөніндегі орынбасары, полиция майоры Ердәулет Бисенғалиевпен тілдесіп, көптің көкейінде жүрген сауалдарды қойдық.
Бүгінде қала аумағында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін үш бірдей полиция бөлімі бар. Соның бірі – Абай полиция бөлімі. Аталмыш полиция бөлімі қала орталығын, яғни шаһардағы «Әмбебап» аялдамасынан «Пугачев» аялдамасына дейінгі аумақты қадағалайды. Бөлім бастығының орынбасары Е. Бисенғалиевтің айтуынша, полиция бөлімінде 150-ден аса қызметкер еңбек етіп жүр. Қазіргі кезде Абай полиция бөліміне учаскелік полиция инспекторы, тергеуші секілді құрылым қызметкерлері қажет екен.
– Полиция қызметкерінің қоғамдағы абырой-беделі айрықша. Мемлекет тарапынан да сала мамандарына жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Мұнда тұрақты жалақыға қоса, отбасының әр мүшесіне 60 мың теңге пәтерақы төленеді. Тарқата айтсақ, полиция қызметкерінің жұбайы және екі баласы бар деп есептейік. Сонда алпыс мың теңгеден есептегенде, бұл отбасыға жалпы 240 000 теңге беріледі. Осы қаражат тікелей «Отбасы банк» есепшотына аударылады. Егер жалдамалы пәтерде тұрса, онда арнайы келісімшарт арқылы қолма-қол алуға да мүмкіндігі бар. Үй алу үшін шотына түскен ақшаны да жинай беруге болады. Одан бөлек полиция қызметкеріне сырқаттанған жағдайда тегін медициналық көмек көрсетіледі. Маусымдық қызметтік киімдер де беріледі. Өңіріміздегі күштік құрылымдардың әле-уеті жыл сайын артып келе жатқаны жалпыға мәлім. Қазір еліміздің әр облысындағы полицейлер су жаңа қызметтік көлікпен жүреді. Кейінгі жылда полиция қызметкері болуды қалайтын жас талапкерлердің қатары көбейіп келеді. Біз оларға жұмысқа орналасу талаптарын үнемі түсіндіріп, насихаттаймыз, – деді полиция майоры Е. Бисенғалиев.

Құрылым өкілінің айтуынша, полиция қызметіне 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтар қабылданады. Ер азаматтардың бойы 170, ал қыз-келіншектердің бойы 165 сантиметрден төмен болмауы тиіс. Сонымен қатар олар арнайы медициналық тексерістерден, физикалық сыннан және мемлекеттік тестілеуден өтеді. Осы талаптарға толық сай келген азаматтар қызметтік міндеті бойынша Алматы, Ақтөбе, Қарағанды қалаларындағы полиция академиясына екі айға оқуға жолданады. Біз майордан полиция қызметіне орналасудың негізгі талаптары жөнінде сұрадық.
– Екі айлық оқу кезінде де полиция қызметкеріне жалақы төленіп тұрады. Онда азаматтар салаға қатысты жан-жақты дайындықтан өтеді. 11-сынып аттестаты мен әскери билеті бар жастар бірден сержант құрамына кіреді. Қатардағы полиция қызметкері белгіленген талаптарға сай болған жағдайда үш айдан кейін кіші сержант, бір жылдан соң сержант, екі жылдан кейін аға сержант, ал тағы үш жылдан соң полиция старшинасы атағын ала алады. Қызметтік шенмен қатар жалақы да өседі. Ал құқықтық және педагогикалық білімі бар жастар полиция қызметкері сапына қосылған соң, бірден офицерлік шенді еншілейді. Мәселен лейтенант шеніндегі полиция қызметкері бір жылдан кейін аға лейтенант, үш жылдан кейін капитан, төрт жылдан кейін майор шеніне дейін жете алады. Одан кейін де атақ-дәрежесі жоғарылай береді.
Полицияның басты міндеті – заң талаптарын сақтау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Құқықтық жоғары білімі бар азаматтардың жұмысқа қабылдануы заңдылық. Осы орайда педагогикалық бағытта бакалавр деңгейінде білім алған азаматтардың тәп-тәуір қызметке қабылдануына мүмкіндік беріледі. Мәселен, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспектор бола алады. Сол секілді полиция қызметі сан саладан тұрады, – деді ол өз сөзінде.
Сержант лауазымындағы полиция қызметкері қосымша жоғары білім алып, қызмет бабымен офицерлік құрамға өтіп, лейтенант шенін иелене алады. Абай полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция лейтенанты Орнат Бақыт осындай тәртіппен жұмысқа кірісті.
– Алғашында әскери билет Орал қаласы полиция басқармасында көлік жүргізушісі болуыма септігін тигізді. Содан кейін осы салаға қызығушылығым арта түсіп, абақты қарауылы болып еңбек еттім. Яғни бұл әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін қамауға алынған адамдарды уақытша ұстайтын полицияның арнайы мекемесі. Осында екі жыл қызмет еттім. Сол жылдары құқықбұзушылармен жұмыс істеуді үйрендім. Әрі шаһардағы Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде Құқықтану бағдарламасы бойынша заңгер мамандығында жоғары білім алдым. Соның нәтижесінде жақында полиция лейтенанты шеніне ие болып, Абай полиция бөліміне жедел уәкіл қызметіне орналастым. Өзім құралпы жастарды полиция қызметіне шақырамын. Жалақы жақсы әрі барлық жағдай жасалған. Мұнда маңыздысы тәртіп және қызметті алып жүру үшін ерік-жігер қажет, – деді жас офицер.
Нұрым ҒҰМАР,
«Орал өңірі»