26.08.2026, 17:15
Оқылды: 9

Қала қазынасы толықты

Орал қаласының бюджеті 8,1 млрд теңгеге толықты. Қосымша қаржы қаланың әлеуметтік және коммуналдық мәселелерін шешуге, санитариялық тазалық пен абаттандыру жұмыстарына, сондай-ақ жолаушылар тасымалын субсидиялауға бағытталмақ. Бұл мәселе қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қаралды.

Жп Орал

Қала қазынасының ұлғаюына негізінен пәтерлерді сатудан түскен қосымша түсімдер себеп болған. Қайта нақтылаудан кейін Орал қаласының бюджеті 163,7 млрд теңгені құрады.

Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Азамат Қадыровтың айтуынша, қосымша қаражат ең алдымен тұрғындарға тікелей әсер ететін маңызды бағыттарға жұмсалады.

– 2,8 млрд теңге әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын субсидиялауға бағытталады. Қаланың санитариялық тазалығын қамтамасыз етуге 2 млрд теңге бөлінеді. Абаттандыру және көгалдандыру жұмысына 309 млн, жарықтандыруға 210 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар төртінші деңгейдегі ауылдық округтер бюджеттеріне 1,1 млрд теңге трансферт беріледі. Бұл қаржы негізінен тазалық пен жарықтандыру мәселелерін шешуге жұмсалады, – деді Азамат Қадыров.

Аталған қаражат қала маңындағы елді мекендердің қажеттілігіне бағытталады. Атап айтқанда, Деркөлге – 411 млн, Зашағанға – 527 млн, Круглоозерныйға – 169 млн, Желаевқа 42 млн теңге қарастырылған.

Әлеуметтік сала да назардан тыс қалмайды. Бұл бағытқа жалпы 1 млрд теңге бө-лінеді. Оның ішінде 500 млн теңге мүгедектігі бар мұқтаж адамдарды арнайы құралдармен қамтамасыз етуге жұмсалса, 350 млн теңге олардың құқықтарын қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталады. Ал 176 млн теңге әлеуметтік қорғау саласында жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге қарастырылған.

Сессия барысында депутаттар қаладағы өзекті мәселелерді де көтерді. Соның бірі – жолдардың жағдайы.

Қалалық мәслихаттың депутаты Асланбек Әминов бұл жұмыстарды жоспарлау мәселесіне назар аударды.

– Тұрғындар жолдардың бұзылуына алаңдаулы. Қазір қалада жылу магистральдары жаңғыртылуда. Оның барысында кеше ғана төселген асфальттың қайта қазылып жатқанына куә боламыз. Мұндай жұмыстарды жол жөндеуден бұрын жүргізуге болар еді, – деді депутат.

Қала әкімі Мұрат Байменовтің айтуынша, аталған жұмыстар энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында жүзеге асырылуда. Оның сөзінше, бұл – шаһардың инженерлік инфрақұрылымын жаңартуға мүм-кіндік беретін маңызды жоба.

– Бұл бастаманың маңызы зор. Өйткені тозығы жеткен желілерді жаңғыртуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге энергияны едәуір үнемдеуге жол ашылады. Барлық жобамен таныстым. Жаңғырту жұмысы аяқталғаннан кейін мердігерлер жол жамылғысын толық қалпына келтіреді, – деді қала  басшысы.

Мәслихат отырысында бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына депутаттық бақылауды күшейту мәселесі де сөз болды. Халық қалаулылары бөлінген қаржының әр теңгесі нақты нәтижеге жұмыс істеуі қажет  екенін атап өтті.

Жалпы, бюджетке енгізілген өзгерістер шаһардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале