ҚР ҚМА мәліметінше, Алматы облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 17 мүшесі 800-ден астам көлікті тіркеу есебіне заңсыз қойғаны үшін сотталды.

Сот олардың әрқайсысына қылмыстағы рөлі мен қатысу деңгейіне қарай 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
ҚМА Алматы облысы бойынша департаментінің мәліметінше, қылмыстық топ екі жыл бойы белгіленген талаптарды айналып өтіп, көліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан. Алғашында техникалық регламент талаптары бұзылып әкелінген 642 жүк көлігі тіркелсе, кейін «қосар көліктерді тірілту» схемасы арқылы тағы 209 жеңіл көлік заңдастырылған. Бұл әрекетке полиция, мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері және жеке нотариустар қатысып, ақпараттық жүйелерге жалған мәліметтер енгізген.
Төленбеген тіркеу алымы 5,4 миллиард теңгені, ал утиль алымы 1,2 миллиард теңгені құрап, жалпы шығын 6,6 миллиард теңгеден асқан. Тергеу барысында көлік иелері алғашқы тіркеу алымдарын өз еркімен төлеп, мемлекетке 1 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылды. Сонымен қатар сотталғандардың қылмыстық табысқа сатып алған бес автокөлігі тәркіленіп, төрт бұрынғы полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылды, ал қатысы бар нотариустардың қызметіне тыйым салынды.
Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.