Қазталов аудандық мәдениет үйінде ауданның Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Балқаным Жантолықызы Какимованың 75 жас мерейтойына арналған «Өнегелі өмір ізі» атты ұлықтау кеші ұйымдастырылды.

Шара барысында мерейтой иесінің өмірі мен еңбек жолын арқау еткен бейнеролик көрсетіліп, оның елге сіңірген еңбегі мен азаматтық болмысы кеңінен сөз болды. Еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласынан бастаған ол партия қызметінде, аудан және ауыл әкімі, ұйымдастыру-әкімшілік және білім салаларында басшылық қызметтер атқарып, өңір дамуына елеулі үлес қосты.

Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов құттықтау сөзінде мерейтой иесінің тағылымды ғұмырын жоғары бағалап, әсіресе 1985-1992 жылдардағы Қазталовтағы басшылық қызметіне ерекше тоқталды.

Аудан басшысы сол кезеңде елді сумен, газмен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандар салу және 1988 жылы ауданның қой шаруашылығы бойынша республикалық жарыстың жеңімпазы атанып, Қызыл туды иеленуіндегі Балқаным Жантолықызының еңбегін атап өтті. Салтанатты сәтте аудан әкімі ардақты жанға ізгі тілегін білдіріп, дәстүр бойынша ат мінгізіп, шапан жапты.

Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов, Орал қаласынан арнайы келген ауданның Құрметті азаматтары Абат Есенғалиев, Алтай Мұқанбетқалиев, Бауыржан Имашев, Сағынгерей Қадошев, сондай-ақ Ақжайық аудандық мәслихат төрағасы Сәлімгерей Сиражев, Ақжайық аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Максим Үмбеталиев, еңбек ардагері Уалиолла Әбішев және қоғам белсендісі Мирлан Құсайынов сөз алып, естеліктерімен бөлісті.

Кеш барысында Балқаным Жантолықызымен сұхбат жүргізіліп, мемлекеттік қызметшілерге айтар ақыл-кеңесі ортаға салынды.

Шара Еділ Мақсотов, Мұрат Ахметов, Алтынбек Еркінұлы және «Ақторғын» ансамблінің орындауындағы әндермен өрнектеліп, жастар мен ақындар Қыдыр Харесұлы мен Ернәсіл Рысқалиевтің арнау жырларымен түйінделді.
Ернәсіл Самиғоллаұлы,
Қазталов ауданы