28.08.2026, 15:45
Оқылды: 19

Жалпақталда еске алу турнирі өтті

Казталов ауданы, Жалпақтал спорт кешенінде Қараөзен ауылының атымтай азаматы атанып, өзінің өр мінезімен ауыл спортының дамуына мейлінше үлес қосқан, марқұм Темірханов Ерлан Мүтиғоллаұлының дүниеден озғанына 15 жыл толуына орай волейболдан еске алу турнирі өтті.

image-28-08-26-02-22-5

Айтулы турнирге Ерлан Мүтиғоллаұлының құрдастары атынан 1971 жылы туған Қараөзен ауылының «Құрдастар» командасы мен «Ардагерлер» командасы және Қараөзен мектеп лицейінің 1987, 1990, 1991, 1992, 1997, 1998,1999, 2001, 2002, 2007 жылғы түлектері қатысып, жарыс көркін қыздырды. Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған Қараөзен ауылдық округінің әкімі Нұрхат Болаев жарысқа қатысқан барлық спортшыларға сәттілік тілеп, еске алу жарысын жоғары деңгейде ұйымдастырған Ерлан Мүтиғоллаұлының ағайын-туыстары мен дос-жолдастарына ауылдастары атынан шынайы алғысын жеткізді. Одан кейін үлкен әулеттің атынан сөз алған Ерлан Мүтиғоллаұлының бауыры Нұржан Темірханов, құрдасы, досы Аңсар Ұзақбайұлы, Атыраудан келген бөлесі Алпысбай Қадырбайұлы ауыл спортының дамуына сүбелі үлес қосқан марқұм Ерлан Темірханов туралы ескірмес естеліктер айтып, бүгінгі жарыстың ертеңгі күнмен дәстүрлі түрде жалғасын табуына тілек білдірді.
Ардагер спортшыны еске алуға арналған турнир қорытындысында жүлделі ІІІ орынды Қараөзен мектеп лицейінің 2007 жылғы түлектер командасы (70 000 теңге), ІІ орынды «Ардагерлер» командасы (100 000 теңге), І орынды Қараөзен мектеп лицейінің 1987 жылғы түлектер командасы (150 000 теңге) өзара бөліссе, осынау айтулы жарыста Фархат Жақсылықов «Үздік байланыстырушы», Ержан Рухолла «Үздік тосқауылшы», Ерназар Тілемісов «Үздік шабуылшы», Артур Қасымов «Үздік ойыншы» аталымдарына ие болды.

image-28-08-26-02-22-2
Шара барысында ауыл спортының дамуына үлкен үлес қосқан марқұм Ерлан Мүтиғоллаұлының рухына арнап ас беріліп, дұға бағышталды.

image-28-08-26-02-22-3
Осылайша ертеңнен кешке дейін, бір күн бойына еш үзіліссіз өткен Ерлан Мүтиғоллаұлының рухына арналған еске алу шарасы жарысқа қатысушы спортшылар мен жарысты тамашалауға келген спорт жанкүйерлеріне ұмытылмас күн сыйлады.

image-28-08-26-02-22-6

Үлкен ұйымшылдықпен, жоғарғы деңгейде өткен шараны көріп, куә болған ауыл қонақтары мен спорт жанкүйерлері Қараөзен мен Жалпақталда тұратын ағайындарға риза болып, өздерінің шексіз алғысын білдірді.

Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале