Батыс Қазақстан облысының прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы және облыс әкімі Нариман Төреғалиев Қаратөбе ауданындағы магистральдық су құбырының салтанатты ашылуына қатысты, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасы.

Жоба Мемлекет Басшысының тапсырмасын орындау аясында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылды.

Жаңа су құбыры Төлен, Сәуле және Қарақамыс ауылдарының 1,5 мыңнан астам тұрғынын, сондай-ақ 9 әлеуметтік нысанды ауыз сумен қамтамасыз етеді.
Жобаны іске асыруға арнаулы мемлекеттік қордан 2,1 млрд теңге бөлінді.

Жалпы Батыс Қазақстан облысында қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік жобаларды іске асыруға 17,7 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі таңда жалпы құны 7 млрд теңгені құрайтын 24 нысан пайдалануға берілді.

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы қайтарылған қаражаттың мақсатты әрі тиімді пайдаланылуына, сондай-ақ іске асырылып жатқан жобалардың сапасына ерекше назар аударуды жалғастырады.