Жаңа оқу жылы бастауын алды. Бұл – оқушы, ата-ана мен ұстаз үшін ерекше толқынысқа толы кезең. Әсіресе баласын алғаш рет мектепке шығарып салғалы отырған ата-ананың жүрегінде қуанышпен қатар жауапкершілік сезімі де басым.
2026–2027 оқу жылында Бөрлі ауданындағы білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізіліп, мектептер оқушыларды қабылдауға әзірленуде. Биыл аудан бойынша 1-сыныпқа 900-ге жуық бүлдіршін қабылданды. Оның ішінде 500-ден астам бала қазақ сыныбына, 300-ден астамы орыс сыныбына барады. Мамандардың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда биыл мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндер саны да өзгерген.

Бірінші сынып – баланың өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы. Кеше ғана балабақшада ойнап жүрген бүлдіршін енді мектеп формасын киіп, қолына алғаш рет сөмке ұстап, білім әлеміне қадам баспақшы. Бұл – бала үшін ғана емес, ата-ана үшін де ерекше әрі толқынысты сәт. Осы қуанышты күнді асыға күтіп отырған ата-аналардың бірі – Айжан Калиева. Оның баласы Дияр биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Олар Ақсай қаласының №3 жалпы орта білім беретін мектебіне құжат тапсырған.
- Баламыздың мектепке баратын уақыты келгеніне өзіміз де сенер-сенбесімізді білмейміз. Бір жағынан, қуаныштымыз, екінші жағынан, «мектепке қалай бейімделеді екен, ұстазын қалай қабылдайды, сабағына үлгеріп кете ме?» деген ата-аналық уайым бар. Қазір баламызбен бірге мектепке қажетті құрал-жабдықтарды дайындап, мектеп туралы әңгімелесіп жүрміз. Оның мектепке деген қызығушылығын арттыруға тырысып жатырмыз. Ең бастысы – мектепке қуана барып, білім алуға деген ынтасы болса екен дейміз, – дейді ата-ана.

Ал Ақсу мектеп-бөбекжай-балабақша кешеніне құжат тапсырған Талғат Әли Байсалұлының анасы үшін де биылғы оқу жылы – ерекше жаңалықпен басталғалы отыр. Ол баласының мектепке бейімделіп, жаңа ортаға тез үйренуін тілейді.
- Биыл баламыз 1-сыныпқа қадам басты. Бұл – біз үшін де, баламыз үшін де ерекше кезең. Мектепке бейімделіп, жаңа ортаға тез үйреніп, білім алуға деген қызығушылығы артса екен деп тілейміз. Ұстазына сенім артып, мектеппен тығыз байланыста болуға дайынбыз. Баламыздың алғашқы білім баспалдағы сәтті басталып, мектеп өміріне қуана араласатынына сенеміз, – дейді анасы.
Ата-аналардың пікірінше, баланың мектепке дайындығы тек оқу құралдарын алып берумен шектелмейді. Балаға психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету, күн тәртібін реттеу, өздігінен әрекет етуге үйрету де маңызды. Сондықтан ата-аналар балаларының жаңа ортаға тез бейімделуіне жағдай жасап, ұстаздармен тығыз байланыста болуға дайын.
Мектеп – бала үшін тек білім алатын орын ғана емес, достар тауып, жаңа ортаға бейімделіп, тұлға ретінде қалыптасатын маңызды кезең. Ал ата-ана үшін баласының алғашқы білім баспалдағына қадам басуы – үлкен қуаныш әрі жауапкершілік. Қазақстанда 2026–2027 оқу жылына бірінші сыныпқа құжат қабылдау 27 мамырда басталып, 31 тамызға дейін жалғасты. Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау ата-аналардың өтініші негізінде жүзеге асырылады. Бүгінде ауданның білім беру жүйесінде 43 білім беру мекемелері жұмыс істейді. Оның ішінде 25 мектеп, 14 балабақша және 4 қосымша білім беру мекемесі бар.
Алғашқы қоңырау – әр бала үшін жаңа белестің бастауы. Ал ата-ана үшін бұл – баласының өміріндегі маңызды сәттердің біріне куә болу. Кеше ғана қолынан жетелеп жүрген бүлдіршіннің мектеп табалдырығын аттап, «Мен оқушымын!» деген сәті әр отбасы үшін есте қаларлық ерекше күн болмақ. Жаңа оқу жылы білімге ұмтылған бүлдіршіндерге жаңа достар, жаңа мүмкіндіктер мен жарқын жетістіктер әкелсін!
Анаргүл Кушербаева
Бөрлі ауданы