3.09.2026, 12:30
Оқылды: 15

Мұнай саласының майталманы

 6 қыркүйек – Мұнай және газ саласы қызметкерлерінің күні

Меңдеш Халелұлы 1947 жылы 28 тамызда Атырау облысының Құлсары қаласында мұнайшының отбасында дүниеге көрінген. 1965 жылы орта мектепті үздік бітірген соң, алғашында РФ Уфа мұнай институтына оқуға түседі. Алайда бірінші курсты аяқтаған соң, оқуын Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтында жалғастырады. Бұл  оның бала кезгі арманы еді. Мұнай және газ кен орындарын игеру мамандығы бойынша бітіріп, тау-кен инженері біліктілігін алды. Студенттік жылдарында болашақ жары Әлия Абдоллақызымен танысып, 4-курста екеуі шаңырақ көтереді.

DSC01081

Ол кезде қолына күректей дипломы бар жас мамандарға жұмыс орнына жолдама беретін. Меңдеш Халелұлын сол кездегі Шевченко қаласына жолдайды. «Жұмысқа орналаспас бұрын жан жарыммен қол ұстасып ауылға бардым. Алайда әкем мені мемлекет көрсеткен жердегі жұмысқа жібермей қойды. «Келінді басқа жақтан алдың, ол қазақтың тәрбиесін көруі керек» дегендей сөздер айтып, бір-екі жылға ауылға қалдырды. Осылайша екі жылдай ата-анамыздың қасында, қарашаңырақта тұрдық. Содан соң, зайыбым екеуміз Маңғыстау облысына кеттік. Мен «Өзенмұнай» мұнай және газ өндіру басқармасына жұмысқа тұрдым. Ол кезде бұл Қазақстандағы ең ірі кен орны болды»  деп есіне алды зейнеткер.

Меңдеш Халелұлы өндіріспен бірге ержеткен. Еңбек жолын мұнай және газ өндіру операторынан бастап, «Өзенмұнай» МГӨБ бас инженерінің орынбасары, партия комитетінің хатшысы лауазымдарына дейін көтерілді. Он екі жыл бойы Атырау және Маңғыстау облыстарындағы мұнай кен орындарында жұмыс істеді. 1982 жылдан 1991 жылға дейін партия комитетінің хатшысынан бастап, түрлі деңгейдегі партия қызметтерін атқарды. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болды. Кейін Алматы саяси ғылымдар институтында саясаттану мамандығы бойынша екінші жоғары білім алды. Экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесі бар.

– Басшылық қызметтерде жүргенде «Бұдан әрі қарай даму керек, өсу керек» деген ой келді де, барлық жұмысты тастап, отбасыммен Америкаға кеттім. 1990 жылдарда АҚШ-қа барған қазақ некен-саяқ еді. Балаларым сонда оқып, ер жетті. Мен сол елдің тың жаңалықтарын меңгеріп, елдің өндірісіне енгізгім келді. Бір байқағаным, онда  өнім өндіру әдістері жан-жақты дамыған. Елге келген соң Маңғыстауда «Arman» БК» компаниясын қазақстандық-америкалық бірлескен кәсіпорны ретінде ұйымдастырдым, – деді зейнеткер.

Меңдеш Салихов үш жыл бойы Америка Құрама Штаттарында оқып, тағылымдамадан өткен. Массачусетс университетін менеджмент мамандығы бойынша бітірді. Екі жыл бойы Даллас қаласындағы (Техас штаты) Oryx Energy компаниясында Қазақстан жобаларының директоры болып жұмыс істеді. Елге келген соң екі жылдай «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ басқарды. Кейін мұнай сақтандыру компаниясының негізін қалап, «Catkaz Limited» компаниясын құрды.

– Біздің елде кен орындары ашылған жерге қала тұрғызылған. Бұл дұрыс емес. Ал шетелде елді мекеннен қашықта орналасқан. Жұмыс-шыларды өндіріс орнына көлікпен тасымалдайды, – деді мұнайшы-зейнеткер.

Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысының құрметті азаматы атанған мұнайшы түрлі дәрежедегі алғысхаттармен, медальдармен марапатталған. «Алматыдан Оралға көшіп келгенімізге алты жылдай болды. Жас ұлғайған соң табиғаты таза, жасыл қала іздеп, Оралға табан тіредім. Біз бұған дейін тұрған өңірлерге қарағанда мұнда ауа таза. Бүгінде екі ұлымыз Америкада, тұңғышымыз Ақтауда тұрады», – деді Меңдеш Халелұлы.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале