3.09.2026, 14:30
Оқылды: 14

Шыңғырлауда кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді

Шыңғырлау ауданында жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының басшылары және аудан тұрғындарының қатысуымен мемлекеттік қолдау шараларына арналған ашық форматтағы кездесу ұйымдастырылды.

image-03-09-26-12-01 (3)

Жиынға төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары Айбек Исламбек кездесудің мақсаты кәсіпкерлікпен айналысатын және кәсіп бастауға ниетті азаматтарға қолдау тетіктерін түсіндіру, қаржыландыру мүмкіндіктері туралы ақпарат беру және тұрғындардың сауалдарына нақты жауап ұсыну екенін атап өтті.

Кездесуге Батыс Қазақстан облысынан кәсіпкерлікті қолдау, қаржыландыру және ауыл шаруашылығы бағытындағы бірқатар мекеменің өкілдері қатысты.

Алдымен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының БҚО бойынша өңірлік филиалының директоры Тарас Шалыға сөз алып, кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде ақпарат берді. Одан кейін облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Эльмир Шарифуллин өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту бағыттарына тоқталды.

Ауыл тұрғындары үшін маңызды «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ менеджері Айдана Тәжімова түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бағдарлама аясында несие алу тәртібі, жобаны әзірлеу және қажетті құжаттар туралы мәлімет ұсынды.

image-03-09-26-12-01 (2)

Сонымен қатар «Даму» қорының менеджері Назгуль Хисимова, «Қазақстан Халық банкі» АҚ бас менеджері Едіге Рахимов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өкілі Тілек Мұқатаев және «КазАгроФинанс» АҚ маманы Нұрбек Есмағұл қаржыландыру, ауыл шаруашылығы жобаларын қолдау, несие алу және техника сатып алу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат берді.

Ақпарат көп болған жерде мүмкіндік те молаяды. Бүгінгі кездесудің ерекшелігі қатысушылардың тек тыңдаушы болып қана қоймай, өздерін толғандырған мәселелерін тікелей сала мамандарына жеткізуінде.

Жиынның соңында қатысушылар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Пікір алмасу барысында жеңілдетілген несие алу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу талаптары, құжаттарды рәсімдеу, ауыл шаруашылығын қаржыландыру және кәсіпті кеңейту мәселелері талқыланды.

image-03-09-26-12-01 (1)

Бүгінде Шыңғырлау ауданында ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өндіріс және басқа да салаларда кәсіпкерлікпен айналысып отырған азаматтар бар. Олардың әрқайсысының аудан экономикасына қосып отырған үлесі маңызды. Бір кәсіптің ашылуы бір адамның табысы ғана емес, жаңа жұмыс орны, жергілікті өнім, халыққа көрсетілетін қызмет және ауданның экономикалық әлеуетінің артуы.

image-03-09-26-12-01

Мұндай кездесулердің басты маңызы кәсіпкерлер мен мемлекеттік қолдау көрсететін ұйымдар арасындағы тікелей байланысты нығайту. Тұрғындардың өз жобалары бойынша мамандардан кеңес алып, қолжетімді мүмкіндіктермен танысуына жағдай жасалды.

Шыңғырлауда өткен бүгінгі кездесу де осы мақсатқа бағытталды. Қаржы институттары мен мемлекеттік мекеме өкілдерінің бір жерге жиналып, пікір алмасуы өзекті мәселелерді ашық талқылауға жол ашты.

Мемлекет қолдауы мен кәсіпкердің бастамасы ұштасқанда ғана жаңа жоба жүзеге асып, жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл экономикасының әлеуеті арта түседі. Ендеше, бар мүмкіндікті тиімді пайдалану – уақыт талабы.

 

Сара Әділ

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале