3.09.2026, 14:45
Оқылды: 15

Қазақ қызының тағдыры: қоғамды алаңдатқан мәселе

Қазақ қызының тағдырына қатысты алғаш Міржақып Дулатов «Бақытсыз Жамал» шығармасын қазақ әдебиетіне әкеліп, әйел ғұмырының ауырлығын қозғап еді. Содан бері қазақ әйелінің талайлы тағдырларын суреттеген қаншама шығармалар қатарға қосылды. Солардың бірі Дулаи Исбековтың «Гаухартас» шығармасы екені сөзсіз. Салтанаттың өкінішке толы өмірі баяндалған сол шығарма «Бұл қабірде өршіл мақсат пен үлкен арман иесі жатыр, бұл қабірде өмірге келе алмаған жас сәбидің анасы жатыр, бұл қабірде қадіріне жете алмаған Ыбыштың адал жары жатыр. Бұл қабірде ешқашан айтылмаған, ешқашан айтылмайтын менің аяулы махаббатым жатыр» деген Ыбыштың ойымен аяқталады. Шығарманың жазылғанына қанша уақыттың жүзі болса да әлі де сондай оқиғалар азаймай тұрыны байқалады. Заманның тыныш кезіне қарамастан біз талай «Салтанаттардың» жас қабірін құшақтап жылаған ана мен әкені, бауыр мен баланы көріп отырмыз.

Parent is holding her little girls arm and is about to use violence. Representing child abuse and domestic violence.

Сурет: istockphoto.com

Бүгінгі әлеуметтік желіні аша қалсаңыз түрлі оқиғаның куәсі боласыз. Әсіресе қазақ қызының, қазақ келінінің, қазақ әйелінің бүгінгі жағдайы көпшілікті ойландырмай қоймайды. Желідегі жазбаларды қарап жағаңызды ұстайсыз. Дегенмен мұндай жағдайлар бұрыннан бар болған. Әлеужелінінің әлеуеті болмаған кезде бір ауылдың, бір ауданның көлемінде  таралып, талқыланып қоя салатын. Қазір желінің арқасында елдің бәріне тарап, түрлі пікірлердің туындауына сеп болып отыр. Оның басы елдің бәрін алаңдатқан Салтанат Нүкеноваға қатысты қылмыстық іс болды. Одан соң да қоғамды алаңдатқан атқа сүйреп өлтірді деген Айзат Жұманованың, кездесуге шықпай қалған үшін қыршын кеткен Нұрай Серікбайдың, елдің бәрін елең еткізген Наташа Қалымбетованың, соңы бәрі барнидан басталды деген Мадина Рашидқызының өлімі қоғамда үлкен сеңді қозғағандай болды. Соның бәрін оқи отыра шынымен қазақ қоғамындағы әйелдерге қатысты оқиғалар неге осынша жиелеп кетті деген сұрақ еріксіз ойыңа орала береді. Сол себепті осы тақырыптың төңірегінде қалам тербеп көргенді жөн санадық. Қазақ «Жау жоқ деме, жар астында» деген. Елдің елең еткізген осындай жаға ұстатарлық оқиға біздің ауданымызда болмас үшін қандай шаралар өткізіліп жатыр, мұндай оқиғалар неге жиелеп кетті деген сұрақтардың мамандарға жолдап көрдік

Ауданымызға белгілі отбасы психологі Ботагөз Байқадамованың айтуынша жалпылама түрде қыздарға қатысты зорлық-зомбылық азайды деп айтқанмен, қысым әлі де бар дейді. Маман ретінде мұндай оқиғалардың бұрынғыдай болмаса да әлі басыла қоймағынын айтады. Зорлық-зомбылыққа төзбеу мәдениеті бір күнде қалыптаспайды. Ол отбасындағы тәрбиеден, мектептегі қарым-қатынастан, қоғамдағы ұстанымнан басталады. Сондықтан маманымыз бұл мәселеге тек құқықтық тұрғыдан емес, психологиялық, әлеуметтік және тәрбиелік тұрғыдан кешенді қарау қажет екенін айтады.

- Менің тәжірибемде түрлі жағдайлардың куәсі болып жатамыз. Дегенмен әйелдерге байланысты зорлық-зомбылық көрсету бүгінгі күннің басты мәселесі екені анық. «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық – тек отбасы ішіндегі мәселе немесе жеке адамдар арасындағы жанжал емес. Бұл – адамның психологиялық және физикалық қауіпсіздігіне, қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін күрделі әлеуметтік мәселе. Сондықтан оған «отбасылық жағдай», «ерлі-зайыптылардың өзара мәселесі» деп бейжай қарауға болмайды. Зорлық-зомбылықтың психологиялық ерекшелігі – оның салдары әр адамда әртүрлі көрінуі мүмкін. Кейбір әйелдер болған жағдайдан кейін өзіне деген сенімін жоғалтады, үнемі қорқыныш пен алаңдаушылықта жүреді. Өзінің пікірін айтуға, шешім қабылдауға қиналып, «бәріне өзім кінәлімін» деген ойға берілуі мүмкін. Бұл – зорлық көрген адамның әлсіздігін емес, ұзақ уақыт бойы психологиялық қысымда болғанының белгісі. Әсіресе эмоционалдық зорлық-зомбылықты дер кезінде байқау маңызды. Үнемі кемсіту, қорқыту, қорлау, бақылау, әйелді жақындарынан оқшаулау, оның шешімдерін жоққа шығару сияқты әрекеттер де адамның психологиялық жағдайына елеулі әсер етеді. Мұндай қарым-қатынас біртіндеп адамның өзін бағалауына, әлеуметтік байланыстарына және болашаққа деген көзқарасына кері ықпал етеді. Менің ойымша, зорлық-зомбылықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – қоғамдағы көзқарасты өзгерту. Күш қолдануды ақтайтын, жәбірленушіні кінәлайтын түсініктерден арылып, адамның қадір-қасиеті мен қауіпсіздігін бірінші орынға қоюымыз керек. Әрбір әйел өзінің қауіпсіз өмір сүруге, құрмет көруге және қорқынышсыз өмір сүруге құқылы, - дейді психолог Ботагөз Есетқызы.

Былтырғы жылдың наурыз-желтоқсан айларының аралығында маманға жеке психологиялық көмекке 87 адам жүгінсе, соның 21-і отбасылық кикілжіңді тоқтаудың амалын іздеп келіпті. Биылғы жылдың  мамыр мен тамыз айларының аралығында отбасылық мәселемен 8 жан жүгінген екен. Психологтың айтуынша отбасылық зорлық-зомбылыққа тек жастар емес, орта жастағы әйелдер де, тіпті жанұя құрғандарына 30 жылдан асқандар да ұшырауы ықтимал екен.

-Биыл қабылдауыма 60 жастан асқан әйел келіп, жұбайының өзіне қол көтеретінін айтып шағымданды. Өкінішке қарай, жасы ұлғайған әйелдер арасында да отбасындағы зорлық-зомбылықты жылдар бойы іште сақтап, ешкімге айтпай жүру жағдайлары кездеседі. Кейбір әйелдер «осынша жыл бірге тұрдық», «балаларым үшін шыдадым», «ел-жұрт не дейді?» немесе «осы жаста өмірімді қалай өзгертемін?» деген ойлармен көмек сұрауды кейінге қалдыруы мүмкін. Сонымен қатар мұндай жағдайда зорлық-зомбылықтың қайталану қаупін де ескерген жөн. Әйелдің қазіргі уақытта өзін қауіпсіз сезінуі маңызды. Егер оған қайтадан қауіп төнуі мүмкін болса, тиісті мамандар мен қызметтерге жүгіну қажет. Ең бастысы – әйел өзінің жалғыз емес екенін сезінуі керек. Оның жасы, отбасы жағдайы немесе қанша жыл некеде тұрғаны оның қауіпсіздікке және құрметке деген құқығын өзгертпейді, -дейді психолог.

Бөрлі аудандық сотының мамандарына былтырғы мен биылғы жылы отбасылық түсініспеушілік бойынша қанша іс қаралғаны жөнінде сұрау салғанбыз. Мамандар мәліметі бойынша отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге қатысты 73-бап бойынша сот істері былтырғы жылмен сатыстырғанда айталықтай азайған. Бұл бап қолданыстағы нормаларға сәйкес, оған отбасы мүшелеріне сыйламаушылық көрсету, былапыт сөйлеу, қорлау, кемсіту, үйдегі заттарды бүлдіру және тұрғын үйде тыныштықты бұзатын өзге де құқыққа қарсы әрекеттер жатады.

Бөрлі ауданындағы статистикаға назар аударсақ, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша сотқа жолданған істер санының төмендегенін көреміз. 2025 жылы ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша 198 әкімшілік іс қаралса, 2026 жылдың осы уақытқа дейінгі кезеңінде 111 іс тіркелген. Және де бұл сот болған істердің саны отбасыдағы зорлық-зомбылықтың барлық жағдайын білдірмейді. Отбасылық-тұрмыстық зорлыққа байланысты басқа да құқықтық құрамдар болуы мүмкін, ал ауырлау әрекеттер қылмыстық жауаптылық мәселесіне әкелуі ықтимал. Қазақстандағы құқықтық практикада отбасылық-тұрмыстық зорлыққа байланысты бірнеше әкімшілік және қылмыстық нормалар қарастырылған.  Алайда бұл көрсеткішті зорлық-зомбылық фактілерінің нақты азаюы деп бірден бағалауға болмайды. Себебі 2026 жылғы есептік кезең толық жылды қамтымайды. Дегенмен сандардың құбылмай жыл соңына дейін осылай қалғанын қалайтынымыз рас. Сонымен қатар бұл тұстағы әңгіменің тек әкімшілік жауапкершілік туралы баяндалып жатқандығын естен шығармаған жөн.

Жалпы сандарға сүйнер болсақ психолог маманның сандары да, аудандық соттың мәліметі де аудан бойынша әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық санының азайғанын байқап отырмыз. Әрине мұның артында мамандардың қажырлы еңбегі бары ақиқат. Алайда елдегі болып жатырған резонансты оқиғаларды көріп, көңіліміз алаң болады. Елеңдеп тақым қысып отырғандар, елді шулатқан ессіздер біздің де қасымыздан шықпасына кім кепіл?! Сондықтан айналамызға бір қарап, барымызша байқампыздық танытсақ деген өтініш айтқымыз келеді. Қазақ қызының, қазақ әйелінің, қазақ анасының салы суға кетіп, қадірі қашпаса екен...

Мейрамбек Сыдықов

Бөрлі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале