ҚР Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес еліміздегі 2 мыңнан астам мектепте «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында бірыңғай орта қалыптастырылып жатыр.

Фото: oqu_agartu
Білім беру кеңістігі арнайы әзірленген брендбук негізінде жаңа мазмұндық және көрнекі материалдармен толықтырылуда. Оқу ордаларын безендіру барысында бағдарламаның негізгі құндылықтары, Ата Заң нормалары мен «Таза Қазақстан» идеялары кеңінен қолданылған.

Сонымен қатар мектеп қабырғаларында ұлы тұлғалардың тағылымды сөздері мен Қазақстан табиғатын бейнелейтін суреттер көрініс тапты.

Бұл ауқымды жұмыс оқушылардың күнделікті өміріне «Адал азамат» құндылықтарын сіңіріп, олардың бойында азаматтық жауапкершілік, отаншылдық, заңға бағыну мәдениеті мен қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдыларын қалыптастыруды көздейді.