9.09.2026, 10:00
Оқылды: 14

Семей полигонының жабылғанына 35 жыл: Шыңғырлауда ардагерлермен кездесу өтті

Шыңғырлау ауданында Семей ядролық сынақ полигонында әскери міндетін атқарған ардагерлермен кездесу өтті.
Биыл Семей ядролық полигонын жабу туралы тарихи шешім қабылданғанына 35 жыл толып отыр. Осы атаулы күнге орай «Дән» мәдениет үйінде Семей ядролық сынақ полигонында әскери міндетін атқарған азаматтар мен ардагерлердің қатысуымен тағылымды кездесу өтті.

image-08-09-26-12-27
Жиынға аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев, «Ерекше тәуекелді солдаттар» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының төрағасы Есім Бектілеуов, аудандық филиал төрағасы Жарқын Нуров, Семей полигонында әскери міндетін атқарған ардагерлер, қоғамдық бірлестік жетекшілері, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Аталған кездесу жай ғана басқосу емес, өткенге тағзым етіп, тарихтан сабақ алуға үндейтін маңызды шара болды.

image-08-09-26-12-28

Кездесу барысында аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев ардагерлерге ризашылығын білдіріп, олардың ел тарихындағы орнына тоқталды.
Жиында  Семей полигонында әскери міндетін атқарған бірқатар ардагер "Семей ядролық сынақ полигонының ардагері" медалімен  және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
"Ерекше тәуекелді солдаттар" қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы атынан да бірқатар ардагерге Алғыс хаттар  табысталды.
Кездесуде ардагерлердің ұсыныс-пікірлері де тыңдалып, оларға көрсетілетін әлеуметтік және медициналық қолдау мәселелері сөз болды.

image-08-09-26-12-26 (1)
Аудандық аурухана директоры Құрманбек Құлбаба полигон зардабын тартқан азаматтарға көрсетілетін медициналық көмек жөнінде ақпарат берсе, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Гүлжихан Алпысбаева радиациялық залалдан зардап шеккен азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы таныстырды.

image-08-09-26-12-27 (1)

Ал Шыңғырлау аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Файзулла Серипов аталған санаттағы ардагерлермен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Бүгінде Қазақстан ядролық қарусыздану мен бейбітшілік идеясын әлемдік деңгейде дәріптеп келеді. Семей полигонының жабылуы соның айқын дәлелі.

image-08-09-26-12-26
Кездесудің тағылымы да осында. Ардагерлердің өмір жолы мен бастан өткерген кезеңдері кейінгі ұрпаққа аманат. Олардың естелігін тыңдау тарихты тірідей тану. Ал тарихты ұмытпау бейбіт күннің қадірін түсінудің ең үлкен жолы.
Семей полигоны жабылғанына 35 жыл өтсе де, оның зардабы мен тарихи сабағы әлі де өзекті. Сондықтан ардагерлерге көрсетілетін құрмет пен қолдау бір күндік шарамен шектелмеуі тиіс.
Өткенге тағзым – бүгінге өнеге, бейбіт күн – болашаққа аманат.

Сара Әділ
Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале