9.09.2026, 16:00
Оқылды: 12

Бөрлі ауданында әкелер форумы өтті

Бөрлі ауданында бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін арттыру, отбасы құндылықтарын нығайту және әке мен бала арасындағы өзара байланысты күшейту мақсатында «Әке мен бала: бір толқында, бір бағытта» атты аудандық әкелер форумы өтті.

WhatsApp Image 2026-09-09 at 15.56.09

Форумға аудан әкімінің орынбасары Ерік Төлепқалиев, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Сәуле Альдекенова, ардагер-әкелер, белсенді әкелер, ұстаздар, оқушылар, мектеп президенттері мен балалар өкілдері қатысты.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, отбасының берекесі мен бала тәрбиесіндегі әкенің орны туралы тағылымды ойлар ортаға салынды. Форум барысында аудан әкімінің орынбасары құттықтау сөз сөйлеп, қоғам өміріне белсенді араласып, жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген бір топ белсенді әкелерді марапаттау рәсімі өтті.

Жиында өнер иесі Дархан  Тасимов «Әке» әнін орындап, форумның мазмұнын әуезді әнмен толықтырды.

Негізгі бөлімде бала тәрбиесі, отбасы мен мектеп арасындағы әріптестік және әкенің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі жөнінде пікір алмасу ұйымдастырылды..

WhatsApp Image 2026-09-09 at 13.46.05

Сонымен қатар Ақсай қаласының №6 мектеп-лицейінің белсенді әкесі Нұрбек Аймурзиев  «Әке сөзі – тәрбие, әке ісі – өнеге» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті. Ақсай қаласының №9 жалпы орта білім беретін мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, белсенді әке Асылхан Кармысов та өз ой-пікірін ортаға салды.

Форумның маңызды бөлігі – жас буынның үніне арналды. Бала құқығы мен қауіпсіздігі мәселелері қозғалып, Ақсай қаласының №3 мектебінің оқушысы, мектеп президенті Есетов Батырбек сөз сөйледі. Ал Ақсай қаласының №5 мектебінің оқушысы, «Жас сақшы» үйірмесінің тәрбиеленушісі Әсем Талғатова «Балалық шаққа көлеңке түсірмейік» тақырыбында баяндама жасады.

WhatsApp Image 2026-09-09 at 13.46.09

Іс-шара соңында Ақсай қаласының №9 мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақытнұр Ғиниятқызы «Қазағым» әнін орындады.

Аудандық әкелер форумы барысында отбасы құндылықтары, әке мен бала арасындағы өзара түсіністік, бала қауіпсіздігі және ұрпақ тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілік мәселелері кеңінен қамтылды.

Мейрамбек Сыдықов,

Бөрлі ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале