Орал қаласындағы №19 жалпы білім беретін мектепте Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінің командирі, полковник Ерик Карибаевтың қатысуымен «Ерлік сабағы» өтті.

Іс-шара жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылды. Кездесу барысында оқушыларға әскери қызмет, Отан алдындағы борыш, әскери тәртіп, жауапкершілік және елге адал қызмет ету туралы кеңінен мағлұмат берілді. Сонымен қатар жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерді және Отан қорғаушыларын құрметтеу мәселелеріне ерекше мән берілді.
Іс-шараның практикалық бөлімі оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Әскери қызметшілер мектеп оқушыларына қару-жарақ пен әскери жабдықтардың үлгілерін таныстырып, олардың мақсаты мен қолданылу ерекшеліктері, сондай-ақ қауіпсіздік талаптары жөнінде түсіндірді. Оқушылар ұсынылған үлгілермен танысып, әскери қызметшілерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
«Мұндай кездесулердің тәрбиелік мәні зор. Оқушылар әскери қызмет туралы көбірек ақпарат алып қана қоймай, әскери қызметшілермен тікелей тілдесіп, олардың кәсіби жолы мен әскери форма киген азаматқа жүктелетін жауапкершілік туралы мағлұмат алады. Осындай тағылымды іс-шаралар жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді, Отанға деген құрметті қалыптастырып, елінің лайықты азаматы болуға ынталандырады», – деді алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі, кіші сержант Замир Кабиев.
«Ерлік сабағы» оқушылар үшін мазмұнды әрі әсерлі өтті. Мұндай кездесулер өскелең ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін арттырып, әскери қызметке деген құрметін қалыптастыруға және «Отанға қызмет ету» ұғымының мәнін терең түсінуге ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі