10.09.2026, 12:15
Оқылды: 21

Арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау қызмет сапасы мен қауіпсіздігін арттырады

2026 жылдың 1 қыркүйектегі жағдай бойынша арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін 632 ұйым лицензия алды. Бүгінде мұндай қызметтермен 108 мыңға жуық адам қамтылған. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жазды. 

9651d372b4b18663c3b9b4a43720b8ed8e723fc10f8b07cd5daf742256e2842c_1280x720

Сапалы әлеуметтік қызмет адамға қажетті көмекті уақтылы көрсетуге, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, кәсіби қолдау ұсынуға, лайықты жағдай жасауға, сондай-ақ оның құқықтары мен қадір-қасиетін сақтауға бағытталған.

Арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау осы талаптардың орындалуын қамтамасыз етеді. 2025 жылдан бастап мұндай ұйымдардың қызметі белгіленген лицензиялық талаптарға сәйкес жүргізіледі.

Лицензия беру кезінде ұйымның арнайы әлеуметтік қызметтерді белгіленген талаптарға сай көрсетуге дайындығы бағаланады. Атап айтқанда, мамандармен қамтамасыз етілуі, материалдық-техникалық базасы, қызмет алушыларға қажетті жағдайлардың жасалуы ескеріледі.

Бүгінде 632 ұйым лицензия алған болатын. Оның ішінде 466-сы мемлекеттік мекеме, 166-сы үкіметтік емес ұйым. Жалпы 704 лицензия берілді.

Лицензия алған ұйымдардың қатарында 34 оңалту орталығы да бар. Олардың қызметтерімен шамамен 2,2 мың адам қамтылған. Оның ішінде 13 орталық балаларға қызмет көрсетеді, онда 562 бала көмек алады.

Жалпы, арнайы әлеуметтік қызметтер қарт адамдарға, мүгедектігі бар азаматтарға, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға, адам саудасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына және әлеуметтік қолдауды қажет ететін басқа да азаматтарға көрсетіледі.

Қазір үш өңірдегі тағы 4 ұйым лицензия алуға дайындалып жатыр. Оның үшеуі – мемлекеттік мекеме, біреуі – үкіметтік емес ұйым. Екі ұйым гибридті форматта жұмыс істейді, тағы екеуі жаңадан құрылған.

Лицензияның болуы тек формалды талапты орындау емес. Ол ұйымның қызмет алушыларға қажетті жағдай жасап, белгіленген талаптарға сай қызмет көрсетуге дайындығын білдіреді. Өйткені әр әлеуметтік қызметтің артында нақты адам тұр. Ол – бала, мүгедектігі бар азамат, қарт адам немесе көмек пен қолдауға мұқтаж басқа да қызмет алушы.

Сондықтан арнайы әлеуметтік қызметтің сапасын көрсетілген қызметтердің санымен ғана бағалау жеткіліксіз. Қызмет алушы үшін ең бастысы оның қажеттілігінің ескерілуі, көмектің уақытында әрі кәсіби көрсетілуі, қауіпсіздігі, құқықтары мен қадір-қасиетінің сақталуы.

Бұл ретте қызмет алушылардың қауіпсіздігіне ерекше мән беріледі. Ұйымдар олардың тұруы мен қызмет алуына тиісті жағдай жасауға, мамандардың кәсіби жұмысын қамтамасыз етуге, белгіленген талаптарды сақтауға және туындауы мүмкін қауіптерге дер кезінде әрекет етуге тиіс.

«Әр әлеуметтік қызметтің артында нақты адам тұр. Сондықтан біздің міндетіміз – әр қызмет алушының қажетті көмекті уақытында алуын, өзін қауіпсіз сезінуін және құқықтары мен қадір-қасиетінің қорғалуын қамтамасыз ету. Лицензиялау ұйымдарға қойылатын бірыңғай талаптарды сақтауға, көрсетілетін қызмет сапасына жауапкершілікті арттыруға және қызмет алушылар үшін тиісті жағдай қалыптастыруға бағытталған», – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде.

Лицензиялау – арнайы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға, қызмет көрсетушілердің жауапкершілігін күшейтуге, сондай-ақ әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған негізгі тетіктердің бірі.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале