Облыс орталығындағы «Атамекен» өнер ордасында «Сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтудегі мемлекеттік құрылымдардың рөлі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Батыс Қазақстан облыстық соты мен Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы бірлесіп өткізген басқосуға Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы Досжан Әмір, облыс әкімі Нариман Төреғалиев, өңірдегі құқық қорғау және мемлекеттік құрылымдардың басшылары мен өкілдері, жоғары оқу орындарының құқықтану саласындағы ғалымдары, нің қызметкерлері мен заң саласының мамандары қатысты.
Конференция мақсаты – қылмыстық, азаматтық және әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаларын сақтай отырып, сот төрелігін мемлекеттік тілде жүзеге асыруға жағдай жасау, мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, құқықтық құжаттардың қазақ тілінде сапалы әзірленуін қамтамасыз ету және жас заңгерлердің мемлекеттік тілде білім алуына басымдық беру. Жиынды облыстық соттың төрағасы Азат Ізбасаров ашып, мемлекеттік тілдің сот төрелігін жүзеге асырудағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, құқықтық салада мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту үшін сот пен құқық қорғау құрылымдарының бірлескен әрі жүйелі жұмысы қажет. Бұл ретте мәселе тек сот отырысын қазақ тілінде өткізу немесе процессуалдық құжаттарды аударумен ғана шектелмеуі тиіс. Мемлекеттік тілдегі құқықтық құжаттың мазмұны түсінікті, терминдері бірізді, заң талаптарына сай әрі кәсіби деңгейде әзірленуі керек. Өйткені сот құжаты – жай ғана ресми қағаз емес, ол азаматтың тағдырына, құқығы мен заңды мүддесіне тікелей әсер ететін маңызды құқықтық акт.
Конференция барысында осы бағыттағы ортақ проблемаларды саралап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыруға мүмкіндік беретін баяндамалар тыңдалды.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
– Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері тіл саясатын ұлттық мемлекеттіліктің, қоғамның руханимәдени тұтастығының маңызды негіздерінің бірі ретінде қалыптастырып келеді. Сондықтан қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту және оның қоғамдағы беделін арттыру – баршамызға ортақ міндет. Бұл бағытқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айрықша мән беріп келеді. Мемлекеттік тілдің құқықтық кеңістіктегі орны ерекше. Әсіресе сот жүйесінде оның кеңінен қолданылуы құқық үстемдігі қағидатымен және азаматтардың құқықтарын қорғаумен тікелей байланысты. Сот ісін жүргізу тілінің дұрыс таңдалуы, процессуалдық құжаттардың мемлекеттік тілде сауатты әзірленуі – заңдылық пен әділдіктің маңызды шарттарының бірі. Мемлекеттік тілде сот ісін жүргізу азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттырып, өз құқықтары мен міндеттерін толық түсінуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, ұлттық құқықтық мәдениетті дамытуға ықпал етеді. Осы ретте мемлекеттік құрылымдардың жауапкершілігі жоғары. Мемлекеттік тілде іс жүргізу тек құжаттарды аударумен шектелмей, құқықтық құжаттардың сапасын, заң терминдерінің бірізділігін және мамандардың тілдік әрі кәсіби біліктілігін арттыруды қамтуы тиіс. Мемлекеттік тілде іс жүргізу формалды талап емес, мемлекеттік құрылымдар қызметінің қалыпты әрі сапалы стандартына айналуы қажет. Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мемлекеттік басқару мен құқықтық салада қазақ тілінің сапалы қолданылуына ерекше мән береміз. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік тілді тек міндетті талап ретінде емес, азаматтармен тиімді қарым-қатынастың, сапалы мемлекеттік қызмет көрсетудің және кәсіби коммуникацияның негізгі құралы ретінде орнықтыру. Бұл бағытта мемлекеттік құрылымдардың, сот жүйесінің, құқық қорғау саласының, ғылыми және білім беру ұйымдарының өзара тәжірибе алмасып, бірлескен жұмысты күшейтуі маңызды, – деді облыс әкімі.
Конференцияда алғашқы болып облыстық соттың мемлекеттік тілді дамыту мәселесін үйлестіруші судьясы Мағира Қитарова сөз алып, «Мемлекеттік тілдің сот процесінде қолданылу мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.
– Облыстық сот мемлекеттік тілдің үлес салмағын арттыру бойынша құқық қорғау құрылымдарымен, адвокаттармен, медиаторлармен, нотариустармен іс-шаралар жоспарын құрып, жұмыстануда. 2026 жылдың сегіз айында облыс соттары 24598 іс қарап, оның 7994 ісі мемлекеттік тілде жүргізілді, яки 32 пайызды құрады. 14971 азаматтық істің 3353-і (22 пайыз), 801 қылмыстық істің 350-і (44 пайыз), 880 әкімшілік істің 156-сы мемлекеттік тілде қаралып, 18 пайызды көрсетті. 7946 әкімшілік құқықбұзушылық іс қаралып, оның 4136-сы мемлекеттік тілде аяқталды (52 пайыз). Ал 2025 жылдың сегіз айында облыс соттары 30908 істі қарап, 7794 ісі мемлекеттік тілде аяқталып, 25 пайызын құрады, – деді Мағира Қитарова.
Баяндамашы сот ісін жүргізудегі мемлекеттік тілдің қазіргі ахуалына тоқталып, сот процестерінде қазақ тілін пайдалануды арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Сот ісін жүргізудің сапасы тек сот жүйесіне ғана байланысты емес. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру, қадағалау, адвокаттық қорғау және басқа да құқықтық рәсімдер біртұтас жүйе болғандықтан, бұл процестің әр кезеңінде мемлекеттік тілдің сапалы қолданылуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, құқық қорғау құрылымдарының жауапкершілігі де айрықша. Облыстық прокуратураның мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыдағы қатысу басқармасының бастығы Бәйдібек Балабек құқық қорғау құрылымдары арасындағы өзара іс-қимыл кезінде қазақ тіліндегі құқықтық құжаттардың сапасы мен бірізділігін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, іс жүргізу құжаттарын мемлекеттік тілде әзірлеу тәжірибесін одан әрі жетілдіру қажет. Бұл ретте әрбір құқық қорғау құрылымының өз саласында қалыптасқан құжат айналымы мен терминологиялық қолданыстарын біріздендіру маңызды. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ұланбек Әбілқайыр полиция құрылымдарындағы іс жүргізуде мемлекеттік тілдің қолданылуы мәселесін көтерді. Әсіресе қылмыстық процесте қазақ тіліндегі құжаттардың сапасын арттыру, қызметкерлердің тілдік сауатын жетілдіру, тергеу мен анықтау барысында мемлекеттік тілді еркін меңгерген мамандардың үлесін арттыру қажеттігі сөз болды.
Құқық қорғау саласында тілдік сауаттылықтың маңызы зор. Себебі тергеу хаттамалары, қаулылар, түсініктемелер және басқа да процессуалдық құжаттарда бір ғана сөздің дұрыс немесе бұрыс қолданылуы құқықтық мәнге әсер етуі мүмкін. Ал экономикалық құқықбұзушылықтарды тергеп-тексеру кезінде бұл мәселе тіпті күрделене түседі. Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Жандос Кенжебаев өз баяндамасында күрделі құқықтық және экономикалық терминдерді қазақ тілінде бірізді қолдану, процессуалдық құжаттарды мемлекеттік тілде сауатты әзірлеу және мамандардың кәсіби тілдік даярлығын жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Конференция барысында көтерілген мәселелердің бірі – құқықтық терминологияны біріздендіру. Заң саласындағы терминдердің әртүрлі құжатта әрқалай қолданылуы құқықтық мәтіннің түсініктілігіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан сот, прокуратура, полиция, адвокатура, мемлекеттік құрылымдар және білім беру ұйымдары пайдаланатын құқықтық терминдердің ортақ жүйесін қалыптастыру қажет. Осыған байланысты сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдануды жақсарту үшін бірыңғай құқықтық терминологиялық сөздік әзірлеу қажеттігі айтылды. Мұндай сөздік тек мамандар үшін ғана емес, құқықтық салада қазақ тілін үйреніп жүрген студенттер мен жас заңгерлер үшін де маңызды құрал болар еді. Қазіргі кезеңде кез келген саланың дамуы цифрлық технологиялармен тығыз байланысты. Сондықтан мемлекеттік тілдің құқықтық кеңістіктегі қолданысын кеңейту электрондық құжат айналымы жүйелерін жетілдірумен де сабақтас. Конференцияда қазақ тілін толыққанды қолдайтын электрондық құжат айналымы жүйелерін жетілдірудің маңыздылығы сөз болды. Мемлекеттік құрылымдар пайдаланатын ақпараттық жүйелердің қазақ тіліндегі нұсқасы сапалы әрі функционалдық тұрғыдан толық болуы қажет. Бұл қызметкерлердің мемлекеттік тілде жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасап қана қоймай, құжаттардың дайындалу сапасын да арттырады. Сонымен қатар маңызды басқосуда цифрлық ортаға бейімделген, құқықтық мәтінмен жұмыс істей алатын білікті мамандар даярлау қажеттігі де назардан тыс қалмады.
Конференция соңында Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы Досжан Әмір 2026 жылдың 8 айында қаралған істердің небары 34%-ы қазақ тілінде жүргізілгенін айтып, көптеген жағдайда іс жүргізу тілінің тиісті негізсіз орыс тіліне ауыстырылатынын атап көрсетті. Сондай-ақ, бүгінгі күнгі заң талаптарына сай соттар мен құқық қорғау құрылымдарының мемлекеттік тілде іс жүргізуге нақты басымдық беруі, ал мемлекеттік органдардың құжаттар мен анықтамаларды қазақ тілінде рәсімдеуге көшуі қажеттігін айтты.
– Конституция мен «Қазақстан Республикасының тіл туралы» заңына сәйкес, Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша іс жүргізу мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. 30-бап, 14-бап – азаматтық істер, 737-бап – әкімшілік құқықбұзушылықтарда нақты көрсетіліп отыр. «ҚР-да қылмыстық іс, әкімшілік құқықбұзушылық істер мемлекеттік тілде жүргізіледі» делінген. Бүгінгі күні сіз бен біз заңның үстемдік құруын қамтамасыз етеміз десек, заңды басшылыққа ала отырып, ертеңнен бастап, осы екі санаттағы істі 100% мемлекеттік тілде қарауға болады, – деді Досжан Әмір.
Конференция соңында мемлекеттік тілдің мерейін үстем ғып жүрген сот саласының өкілдері мен мемлекеттік қызметшілер марапатталды.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»