10.09.2026, 10:30
Оқылды: 19

Ақжайық ауданының полицейлері қылмыстың ізін суытпай ашты

Ақжайық аудандық полиция қызметкері жуырда орын алған мал ұрлығы бойынша қылмысты ізін суытпай ашты.  Тергеу амалдары қысқа мерзімде жүргізіліп, жиналған дәлелдемелер негізінде қылмыстық іс соттың қарауына жолданды.

Қылмысты ашуға үлес қосқан тәртіп сақшыларының есімін атап өтейік. Тергеу мен жедел-іздестіру шараларын аудандық полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі, полиция капитаны Сұлушаш Қадырғалиева, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары Дидар Отаров пен Шыңғыс Шоқанов, сондай-ақ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Ерсін Шиғанбаев жүргізген. Осы аталған әр қызметкердің өз мақсат-міндеті бар, әрине. Бірі қылмыстың ізін кесіп, күдіктіні анықтаса, енді бірі дәлелдемелерді жинап, болған оқиғаның барлық мән-жайын заң талаптарына сай бекітті. Учаскелік инспекторлар өз аумағындағы жағдайға жақсы қанық. Ал жедел қызметкерлер күдіктілердің ізін анықтап, ақпаратты тексерді.

Тергеу және жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті тұлғалардың түн жамылып, ауыл тұрғындарының қора-жайларынан және өрістен ұсақ малдарды жасырын түрде ұрлап жүргені анықталды.

Ерсін Шиғанбаев

Қылмысты ашуда Ерсін Шиғанбаевтың жұмысы маңызды рөл атқарды. Ол қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтап, олардың әрекеттерін тексеріп, істің мән-жайын нақтылауға бағытталған шаралар жүргізді. Ал учаскелік полиция инспекторлары Дидар Отаров пен Шыңғыс Шоқанов өздеріне бекітілген аумақтағы жағдайды зерделеп, қажетті шаралардың жедел атқарылуына үлес қосты. Ал жиналған ақпарат пен дәлелдемелерді бір жүйеге келтіріп, қылмыстық істі заң талаптарына сай жүргізу тергеуші Сұлушаш Қадырғалиеваның еншісіне тиді. Үйлескен осындай жұмыстың нәтижесінде қылмыстық іс қысқа мерзімде аяқталып, соттың қарауына жолданды.

Полиция қызметінің сырт көзге көріне бермейтін тұстары көп. Қылмыс жасалды деген хабар түскен сәттен бастап жұмыс басталады. Оқиға орнын зерттеу, куәлармен сөйлесу, жедел ақпаратты тексеру, күдіктілерді анықтау, дәлелдемелер жинау – мұның бәрі уақыт пен тиянақтылықты қажет етеді. Бұл жолы ұрылар ұсталды. Ұрланған малдың ізі табылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Әрине, мұндайда полицияның еңбегі көзге көрінеді. Бірақ осы тұста мал иелеріне қатысты бір шындық бар.

Дидар Отаров пен Шыңғыс Шоқанов

Егер ұрлық ашылмай қалса, жоғалған мал табылмаса, тәртіп сақшыларын қаралауға дайын тұратындар аз емес. «Малым қайда?», «Полиция не істеп жүр?» деген реніш көбейеді осындайда. Тіпті өзі бақпаған малының өтемін полицейлер төлеуі керек секілді желөкпеленіп жататындар да табылады. Ал бір қылмыстың ізін кесіп, ұрыны анықтап, жоғалған малды табу үшін қаншама уақыт пен күш жұмсалатынына бас ауырта бермейміз.

Шын мәнінде, учаскелік полиция инспекторының жұмысы тек жоғалған мал іздеумен шектелмейді. Оның мойнында ауылдағы қоғамдық тәртіп, құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрғындардың арыз-шағымы бар. Мектеп оқушыларының құқықтық тәрбиесін де қамдау керек, ауыл ішіндегі түрлі кикілжіңді реттеуге дейін араласатын кездері болады. Кейде ерлі-зайыптының арасындағы дауға да ара ағайын болып, бітімгерлік жасауына тура келеді.

WhatsApp Image 2026-09-10 at 11.04.17

«Іздесе – солардың жұмысы ғой» дейтіндер де табылар. Әрине, қылмысты ашу – полицияның міндеті. Бірақ өз мүлкіңді сақтау, өз малыңа ие болу тек полицияның мойнына артылатын шаруа емес. Бұл – әрбір азаматтың да жауапкершілігі. «Ауыл іші ғой» деп қора-қопсыны ашық-шашық қалдыру, малды қараусыз далаға жібере салу – ұрыны өзің айғайлап шақыру деген сөз. Қораны құлыптап, малды қараусыз қалдырмай, мүмкіндігінше бақташыға ілестіріп, өз мүлкімізге өзіміз де қырағы болсақ, полицияның жұмысына да едәуір қолдау болар еді. Сонда ғана кісі малын адал асындай қылғытқан ұрылар да айылын жиып, аяғын аңдап басар еді.

Бұл ретте полиция қызметкерлерініңың қылмысты жедел ашудағы еңбегі ерен, әлбетте. Қоғам тыныштығын қырағы күзеткен мамандардың жұмысына жеміс тілейміз. Алғыс көбейсін!

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале