10.09.2026, 15:30
Оқылды: 12

Казталов ауданында ветеринария саласын цифрландыру мәселелері талқыланды

 

Бүгінде ветеринария саласындағы цифрландыру жануарлардың қозғалысын, ветеринариялық шаралардың орындалуын және азық-түлік қауіпсіздігін бақылаудың маңызды тетігіне айналып отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу мақсатында Казталов ауданында ветеринария саласындағы ақпараттық жүйелерді пайдалану және қоғамдық тамақтану нысандарын цифрлық бақылау жүйесіне енгізу мәселелеріне арналған түсіндіру жиыны өтті.

WhatsApp Image 2026-09-10 at 15.09.18 (1)

Жиынға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аудандық аумақтық басқармасының басшысы Арген Малахов төрағалық етті. Басқосуға Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының тамақ өнімдері қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Мұрат Сейітқалиұлы Сисенбаев, ауданның дербес бөлім басшылары, білім беру саласының мамандары және кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Кездесуде ветеринария саласын цифрландырудың қазіргі кезеңдегі маңызына айрықша назар аударылды. Атап айтқанда, жануарларды цифрлық платформаларда тіркеу, ветеринариялық іс-шараларды ақпараттық жүйелер арқылы жүргізу, деректердің уақытылы әрі толық енгізілуін қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Мұнда «АШЖБ», «Вет-Лаб», «Төрт-түлік» сияқты ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды. Өйткені цифрлық база неғұрлым толық әрі нақты қалыптасса, мал басының есебін жүргізу, ветеринариялық жағдайды бақылау, зертханалық мәліметтерді жинақтау және тиісті шешім қабылдау да соғұрлым жүйелі болады.

Жиында осы бағыттағы жұмыстар бойынша түсіндіру жүргізген Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының тамақ өнімдері қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Мұрат Сейітқалиұлы Сисенбаев ветеринариялық ақпараттық жүйелермен жұмыс істеу тәртібіне тоқталды.

Бөлім басшысының айтуынша, цифрлық жүйелердің тиімділігі ең алдымен мәліметтердің нақтылығы мен жүйеге уақытылы енгізілуіне байланысты. Сондықтан ветеринария саласында қызмет атқаратын мамандар үшін ақпараттық жүйелерді дұрыс пайдалану – қосымша міндет емес, күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігі болуы тиіс.

Жиынның тағы бір маңызды бағыты – «Ветеринариялық-санитариялық сараптама» модулін енгізу мәселесі. Бұл бағыттағы пилоттық жоба республика аумағындағы қоғамдық тамақтану объектілерін, оның ішінде асханалар, кафелер, тойханалар, өңдеу цехтары және өзге де тұтыну объектілерін ветеринариялық-санитариялық бақылаудың цифрлық жүйесіне кезең-кезеңімен енгізуді көздейді.

Мұның түпкі мәні – тұтынушы дастарханына жететін өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Яғни мал шаруашылығындағы өнімнің өндірілуінен бастап, оның өңделуі, сараптамадан өтуі және қоғамдық тамақтану орындарында пайдаланылуына дейінгі процестердің ашық әрі бақылауда болуы көзделеді.

WhatsApp Image 2026-09-10 at 15.09.18

Азық-түлік қауіпсіздігі ветеринария саласының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан цифрлық бақылау тетіктерін енгізу санитариялық және ветеринариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етумен қатар, заңсыз айналымдағы немесе тиісті сараптамадан өтпеген өнімдердің тұтынушыға жету қаупін азайтуға бағытталған.

Басқосу барысында жаңа жүйеге қатысты туындауы мүмкін практикалық мәселелер де назардан тыс қалмады. Қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, ақпараттық жүйелерді пайдалану және нысандарды «Ветеринариялық-санитариялық сараптама» модуліне қосу тәртібі бойынша түсініктемелер алды.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале