Ауыл тарихынан бір үзік
Бұл ауылдың тарихы өте әріден басталады. Святодуховка деп аталған кезден. Святодуховка ауылында 1922 жылы «Гигант» колхозы құрылған. Оның құрамына енген 13 ауыл көп ұзамай тарап, бірнеше ұсақ ұжымшарлар құрылған. Артынша, осы жылы Святодуховка ауылы, Буденовка ұжымшары болып өзгертілген. Ал 1958 жылы Буденный колхозы Киров атына ауыстырылды. Сонымен бірге қазіргі Қарағанды ауылы біздің даңқты жерлесіміз, Кеңес одағының батыры В.Ф.Тарасенконың туған ауылы. 1960 - 80 жылдар әруақытта да еселі еңбек еткен ұжымшардың өрлеу жылдары болып ауыл шаруашылығының тарихында жазылып қалды. Аталған жылдары осы ауылда ауылда май зауыты болған. Сол уақытта зауыттан «Экстра» майы және ірімшіктердің әртүрлі түрлері экспортқа шығарылған екен. Ауыл еңбеккерлерінің еңбектері жоғары бағаланып, шаруашылықтың көптеген мамандары мен еңбеккерлері жоғары наградаға ұсынылған. Миллионер колхоз атанған жыл да осы кезең. Ал Қарағанды атауына келсек, осы ауылдың маңында қараған деген шөп (бұта) көп өскен деседі.

Тәуелсіз елдің Қарағанды ауылы
Қарағанды ауылдық округінің әкімі Бибигүл Сағидулина. 2026 жылғы 1 тамызға округтің жалпы халық саны 500 адамды құрайды. Округ аумағында мектеп-бөбекжай-балабақша кешені, ауылдық мәдениет үйі, кітапхана бар. Сол сияқты фельдшерлік-акушерлік пункті мен №3 өрт сөндіру бекеті халық игілігіне қызмет етуде.

Ауыл шаруашылық құрылымдарына келер болсақ, 24 шаруа қожалығы, 8 жеке кәсіпкері, 2 ауыл шаруашылық коперативі тіркелген және өз кәсіптерін ойдағыдай жүргізуде. Соның ішінде көпшілігі ірі қара мал шаруашылығымен және егістікпен айналысады. Айта кетер болсақ ірі қара малмен айналысатын шаруа қожалықтар: Жантуреев.Л.П, Сагидулин Ж.Х., Буршиев А.Ж., «Азат»шқ Салакбаев Ж.М., Салакбаев М.Ж.,Акшиев.А.М, Батханов М.С, Шакиров С.К, Наурзгалиев Е.К, Панченко В.С, Идалиев С.С, «Қара-Монке» шқ Курманбаев Б.Т,, Мамбеткалиев А.У, егістікпен айналысатын шаруа қожалықтары Панченко В.С., Буршиев А.Ж, Акшиев А.М., Шакиров М.Б.Каиржанов С.М., Тулеугалиев Б.Е.,Шакиров С.К.,Жантуреев Л.П.,Салакбаев Ж.М.,Бахтияров Ж.Х.Жанаева А.Е.Сагидулин Ж.Х.Салакбаев М.Ж. Идалиев Б, Буршиев М.Ж,Акшиев А.М. жеке кәсіпкерлер «Наурзгалиева», «Данила», «Жаннар», кооперативтер «Асыл тұқым» .
«Ауыл адамдарының тұрмысын жақсарту мен әл-аухатын көтеру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз - дейді ауылдық округтің әкімі Бибігүл Амангелдіқызы – жыл сайын көшелерді асфальттауға, жарықтандыруға күш саламыз. Биыл да бұл жұмыс жалғасын тапты. 2026 жылдың шілде айында Қарағанды–Кентүбек автомобиль жолдарына және ауыл ішіндегі 2 (екі) көшеге күрделі жөндеу жүргізу (асфальт төсеу) жұмыстары басталды. Орталық саябақты абаттандыру және дерритаризациялау жұмыстары жыл сайынғы жоспарға сай жүргізіледі. Тағы бір қуанышты жаңалық ауылымызда ветеринариялық пункттің құрылысы жүргізілуде. Бұл негізінен мал шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен көмек және қолдау».
Бір жақсысы ауыл іші таза, жасыл желекті. Бұл негізінен елді мекеннің табиғаты тамаша жерде ғана емес, топырағы құнарлы, ауыл тұрғындарының белсенді, тазалыққа құмар, еңбексүйгіш екендігін көрсетеді.

Ауылдағы «Ауыл аманаты»
Аталған ауылда мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған шаруашылықтар баршылық екен. Мәселен, 2023 жылы «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы арқылы мал шаруашылығын дамыту үшін 3 ауыл тұрғыны өз кәсіптерін ашса, 2024 жылы осы бағдарламамен мал және құс шаруашылығын дамытуға 1 ауыл тұрғыны өз кәсібін ашқан. Ал 2025 жылы ауыл тұрғыны «Данила» жеке кәсіпкері Сарбасова Сандуғаш несие алып, оған 70 (жетпіс дана) жұмыртқалағыш тауықтар, 50 (елу дана) қаз және 200 (екі жүз дана ) муларда үйрегінің балапандарын сатып алып, өсіріп өнімін бірінші кезекте ауыл тұрғындарына, артығын Ақсай қаласындағы жәрмеңкеге апарып, халыққа қол жетімді бағада сатылымға шығарды. Қазіргі кезде құс етінің өтімділігі өте жоғары екенін бәрі біледі. Сондай ақ, осы жылы ауылымыздағы «Қарағанды асыл-тұқым» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы Жанаева Ақзила кооператив малдарына арналған жем-шөп шабу жұмыстарына пайдалану мақсатында 29 536 000 теңге көлемінде несие алып, сонымен қатар 2 (екі) ауыл шаруашылығы тракторын (ZOOMLION, Беларусь 920) сатып алды. «Қарағанды-Батыс» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі басшысы Салақбаев Жеңіс Мұратұлы – 33 685 000 (отыз үш миллион алты жүз сексен бес мың) теңге несие алып, (50 бас- ұсақ мал, трактор, үш корпусты қайырмалы соқa, алдыңғы корпустары бар, аспалы жабдық, тісті тырма) өз шаруашылығын жандандыру үстінде.

Ауылда бәрі жақсы ма?
Барлық ауылдар сияқты Қарағанды ауылының да күн мәртібінен түспей тұрған өзекті мәселелері жоқ та емес. «Бүгінгі таңда электр желілері мен электр бағаналары мәселесі біз үшін аса маңызды болып тұр –дейді ауыл әкімі Бибігүл Амангелдіқызы -
Жалпы, біздің ауыл Достық ауылының маңында орналасқан қосалқы станциядан электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Ауылымыздағы электр желілерінің сымдары мен бағаналары 1970 жылдардан бері пайдаланылып келеді. Осыған байланысты жел, жаңбыр және қар жауған кезде электр желілерінің үзілу жағдайлары жиі орын алады. Сондықтан ауыл ішіндегі электр желілері мен ауылдар арасындағы жоғары кернеулі электр желілерін жөндеу мәселесі – негізгі өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселенің қажеттілігі туралы жыл сайын айтып, көтеріп келеміз. Өкініштісі, нақты қашан шешілетіні белгісіз».

Сонымен бірге Қарағанды ауылдық округінің басшылығы мен жергілікті тұрғындары Қарағанды мектеп бала-бақша кешеніндегі оқушылар санының азаюын үлкен күрделі мәселе деп санайды. Округ басшысы ибігүл Амангелдіқызының айтуынша, былтыр 2025 жылы мектепте 48 оқушы, 13 бала даярлық сыныпта оқыған және 12 бала балабақшада тәрбиеленген. Қарағанды мектебіндегі бала санының азаюының алдын алу мақсатында, ауылда 2025 жылы екі пәтерлі екі үй салынып, ниет білдірген көп балалы отбасылардың ауылға көшіп келуіне жағдайлар жасалынған екен. Осы салынған үйлер Отбасы банк арқылы беріледі деп шешілген, бірақ үй алуға ниет білдірген көп балалы отбасылар болмаған. Қазіргі таңда 2026 жылы мектепте бала саны 52 оқушы. Осы жылы да салынған жаңа екі үй бос тұр екен.
Дегенмен, ауылдың жергілікті тұрғындары туған ауылдарының болашағына сенеді. Ауылдың көркейетін, мектепте оқушысы көбейетін, шамдары ешқашан сөнбейтін күннен үмітті. Ғасырдан артық тарихы бар ауылдың адамдарының үміті алдамағай.
Дариға Нұрашова
Бөрлі ауданы