9.09.2026, 23:50
Оқылды: 18

Қараөзенде ел құрметіне бөленген ардагер Болат Бекешов 80 жасқа толды

Қазталов ауданына қарасты Қараөзен ауылында елге сыйлы ақсақал, еңбек ардагері, округтік ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Бекешов 80 жасқа толып, мерейтой иесіне арнайы құрмет көрсетілді.

image-09-09-26-11-40-3

​Мерейтой иесін құттықтау үшін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Мұханбетова мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов арнайы барып, сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақалға аудан әкімінің құттықтау хатын табыс етті.

​1946 жылы 28 тамызда дүниеге келген Болат Оразұлының еңбек жолы өте мазмұнды. Ол 1965 жылы Қараөзен совхозында комсомол ұйымының хатшысы болып бастап, кейін аудандық «Коммунист» газетінде тілші, әдеби қызметкер ретінде журналистика саласында да еңбек етті. Алматы жоғары партия мектебін тәмамдаған соң аудандық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі және совхоз партия комитетінің хатшысы жауапты қызметтерін атқарды. Сондай-ақ зейнеткерлікке шығар алдындағы жылдары Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік архивінің Жалпақтал филиалын басқарып, өлке тарихын сақтауға сүбелі үлес қосты.

​Ардагер 2012 жылдан бері Қараөзен ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық жұмысқа белсене араласып, кейінгі буынға ақыл-кеңесін беріп келеді.

Әдемі Оразғалиева,

Қазталов ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале