10.09.2026, 17:00
Оқылды: 28

Ғаламат жад иелері жаһан рекордын жаңғыртпақ

Қазақтың дәстүрлі әні – ұлттың ғасырлар қойнауынан жеткен рухани шежіресі. Кең даланың үнін, халықтың  қуанышы менмұңын, елдің тарихы мен тағдырын бойына сіңірген  бұл  өнер  бүгінде  ұлттық  сахнадан  асып,  әлемдік  мәдени  кеңістікте  өз биігін айқындап келеді.

IMG_6185.JPG

2026 жылы қазақтың дәстүрлі ән өнерінде айрықша тарихи оқиға болды. Абай облысында дәстүрлі әнші, Шәкәрім университетінің құрметті профессоры Қайрат Қабышев 5 сағаттан астам уақыт ішінде қазақтың 102 дәстүрлі әнін орындап, халықаралық «Global Best of Records» ұйымының рекордын жаңартты. Өнерпаз әндерді нотасыз, мәтінсіз және фонограммасыз, аспаптың сүйемелдеуімен орындаған. Алайда рекорд тарихы мұнымен тоқтаған жоқ. Сол жылы Жамбыл облысының дәстүрлі әншісі Бақыт Шағырбаев 114 әнді қатарынан орындап, бұған дейінгі көрсеткіштен асып түсті. Ол алты сағаттан астам уақыт бойы сахнада үздіксіз өнер көрсетіп, қазақ әнінің шексіз мүмкіндігін тағы бір  мәрте дәлелдеді.

5-6 қыркүйек күндері халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармонияның директоры Бауыржан Халиолланың бастамасымен қолға алынған дәстүрлі ән орындаудағы жаһандық рекорд көрсеткішін жаңартуға арналған жобаның қорытынды дайындығы өтті.

«Атамекен» өнер ордасында 29-30 қыркүйек күндері аталған жоба бойынша облыстық академиялық филармонияның дәстүрлі әншілері, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев 120 ән орындап, дауылпаз әнші, табиғи талант, атақты Аманкелді Ғұбайдуллиннің шәкірті, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов 132 ән орындап, рекорд жаңартуда бақ  сынамақшы.

Қорытынды дайындыққа құрметті қонақ ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, фольклортанушы ғалым, эпикжыршы Берік Жүсіпов, айтыскер ақын, әнші-термеші, сазгер Жәкен Омаров арнайы келді.

Алғашқы қатысушы Қатимолла Жәңгірұлы 70 әнді домбыраның, 16 әнді баян аспабының, 14 әнді күйсандықтың, 2 әнді эстрада аспабының, 18 әнді Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен тамылжыта шырқады. Күйсандықта сүйемелдеген Галина Андреева.

Дайындық нәтижесі бойынша Қатимолла Бердіғалиев 6 сағат, 40 минутта 120 әнді бір деммен орындап шықты.

Келесі күні «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов 132 әнді домбыраның сүйемелдеуімен 5 сағат, 30 минутта  орындады.

Қос мықтының өнеріне Берік Мырзалыұлы өзіндік бағасын  берді.

– Екі күнге созылған қорытынды дайындық іс-шарасы жоғары деңгейде өтті. Мұндай жоба Семейде басталып, Жамбыл облысында жалғасын тапқан болатын. Жалпы

«The Guinness Book of Records» – Гиннес рекордтар кітабымен иық тірестіріп, қатар тұратын Азия және Африка елдерінің әлемдік рекордтарын тіркейтін «GBR GLOBAL BEST of RECORDS» кітабындағы дәстүрлі ән айтудан жаһандық көрсеткішті жаңарту көзделіп отыр. Осыған орай Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармонияның ұсыныс беруіне байланысты әншілердің ән қорын толық тыңдауға қатысты екікүндік қорытынды дайындық  мәресіне  жетті.

Алғашқы күні дара құбылыс, жад иесі Қатимолла Бердіғалиев 6 сағат 40 минутта домбыра, баян аспабы мен күйсандық, оркестрдің сүйемелімен бірнеше тілде 120 әнді бірінен соң бірін әуелетсе, келесі күні Қайрат Кәкімов екінің бірі тәуекел етіп, орындай бермейтін Батыс Қазақстан өңірінің Мұхит төре мектебімен сабақтас биік, өрелі һәм күрделі 132 әнін айтып, соңғы нүкте ретінде «Паңкөйлекті» шырқағанда отырған орнымыздан қалай еріксіз тұрып кеткенімізді байқамай қалдық. Егер біз өнер мен ғылымда бірдеңе білсек, сезіне алсақ, жалпы Қайрат сияқты Тәңір ыдық таңбалаған өрелі әншінің тапжылмай, бір сәтте тоқтаусыз Батыс Қазақстанның эпикалық пафостағы биік әндерін шырқауға енді көп уақытқа дейін ешкім тәуекел ете қоймасы анық. Әрине, айтуға жеңіл, ыңғайға қолайлы әндер болса, бұл тізімді өсіріп, рекорд жаңартуды жалғастыра  беруге  болар, бәлкім.

Айтатыны жоқ, биыл атап өтілуі жоспарланып отырған академиялық филармония ұжымының 60 жылдық мерейлі мерекесіне орай осындай ауқымды жобаны ұйымдастыру жұмысының шашауын шығармай, биік деңгейде, абыроймен алып келе жатқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Бауыржан Халиолла ініміздің еңбегі  орасан зор, –  деді Б. Жүсіпов.

Қос саңлақтың өнеріне мекеме басшысы Бауыржан Ергенұлының арнайы шақыруымен айтыскер ақын, әнші-термеші, сазгер Жәкен Омаров, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медхат Қамбетов те куә болды.

IMG_6221.JPG

Жоспарланған меже бойынша Қ. Бердіғалиев – 120 ән, Қ. Кәкімов 132 ән орындамақ. Кешегі дайындық барысында Қ. Кәкімов 150 ән орындауға ниетті екенін тілге тиек етті.

Өз кезегінде Жәкен Омаров екікүндік дайындық бойынша пікір  білдірді:

– Екі күннен бері Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармонияда үлкен жаңалықтың басы басталды. Бұл тарихи сәтке куә болып отырғанымызды өзімізге үлкен мәртебе санаймыз. Себебі, күні кеше Абай облысынан Қайрат Қабышев, Жамбыл облысынан Бақыт Шағырбаев «рекорд орнаттым» дей бергенше, ізін суытпай Батыс өңірінде Қатимолла ағамыз 120 әнді мүдірмей, сөзінен қате жібермей орындап таңғалдырса, екінші күні Қайрат Кәкімов «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, шабытына шабыт қосылып, дауысы әр ән сайын ашылып жатқандай.

Осындай аға-бауырларымыздың өнердегі мүмкіндіктерінің ашылуына себепкер болып отырған мекеме басшысы Бауыржан Халиолла бауырымызға алғысымыз шексіз,  –  деді  ақын.

Иә, жоба қатысушылары Қатимолла Бердіғалиев пен Қайрат Кәкімов осындай үлкен жобаға мүмкіндік берген мекеме басшысы Бауыржан Халиоллаға, рухани қолдау білдірген ұжымға дән риза.   Айта кетейік, дәстүрлі ән орындаудағы жаһандық рекордтық көрсеткішті жаңартуға арналған жоба 29-30 қыркүйек күндері «Атамекен» өнер  ордасында  өтеді.

Бұл – жай ғана сан қуған рекорд емес. Бұл – ғасырлардан жеткен әншілік дәстүрдің өміршеңдігін, қазақтың ұлттық өнерінің терең тамырын әлемге танытқан рухани белес. Әр орындалған ән – өткеннің үні, әр әуез – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан аманат. Бүгінде дәстүрлі әнді орындау арқылы жаһандық рекордтық көрсеткішті жаңарту – ұлттық өнерді әлемдік деңгейде танытудың ерекше жолына айналып отыр. Мұндай бастамалар қазақтың әншілік мектебін дәріптеп қана қоймай, жас ұрпаққа атадан қалған асыл мұраны қадірлеудің маңызын көрсетеді.

Даланың дауысын әлемге естірткен дәстүрлі ән – уақытпен бірге жасайтын мәңгілік өнер.

 

Айжан Бауыржанқызы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале