Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жатқан жандардың білімін арттырып, өзін-өзі жетілдіру жолында игілікті бастамаларды көз көріп, құлақ естіп отыр. Мемлекеттік қызметшілердің мәдениеті жоғары, білімі лайықты болу мақсатында келелі істер атқарылып келеді.

Сурет: istockphoto.com
Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 29 тамыздағы №1845 қаулысымен елімізде Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебі құрылды. Оқу орны мемлекеттің стратегиялық мақсаттарын іске асыруға қабілетті отандық басқарушыларды даярлау мақсатында ашылған. 2000 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы Алматыдан Астана қаласына қоныс аударды. Академия магистратура және докторантура бойынша 3 мыңнан аса түлекке сапалы білім берді. Бөрлі ауданы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын аяқтап, магистр дәрежесін алған мемлекеттік қызметшілердің бірі аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов. Ол 2013 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша магистр дәрежесімен бітірген. Сонымен қатар Бөрлі ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау жұмысы және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің бас инспекторы Алдияр Бикеев 2025 жылы Академияның «Өңірлік даму» білім беру бағдарламасы бойынша магистратурасын тәмамдаған. Биылғы оқу жылы академияға мемлекеттік қызмет саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген жандар оқуға түсіп аудан мерейін асырды. Оның бірі аудан әкімінің орынбасары қызметіндегі азамат Алтай Тоқжанов болса, екіншісі аудан әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және өтініштер бөлімінің басшысы Гаухар Муканова. Оқу жылының басталар тұсында грнат иегерлері атанған жерлестерімізбен аз-кем сұхбат құрып академияға түсудің артықшылығы туралы ой-пікірлерін сұрап білдік.

Алтай Серғазыұлы:
- Мемлекеттік қызметте жинақтаған тәжірибем кәсіби білімді үнемі жетілдіріп отыру қажеттігін көрсетті. Әсіресе, жергілікті деңгейде халықпен жұмыс істеу, әлеуметтік мәселелерді шешу және басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде заманауи тәсілдер мен жаңа білімнің маңызы зор. Сондықтан Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алу арқылы кәсіби құзыреттерімді арттырып, алған білімімді өңірдің дамуына және мемлекеттік қызметтің тиімділігін көтеруге бағыттауды мақсат еттім.

Гаухар Жалғасқызы:
- Мен Бөрлі аудандық әкімдігінде 17 жылға жуық еңбек етіп келемін, қызмет жолымды ең төменгі лауазымдардан бастадым. Осы жылдар ішінде мемлекеттік басқару жүйесі үнемі өзгеріп, жаңа талаптарға бейімделуде. Қазіргі уақытта елімізде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде, сапалы және тиімді басқаруды қамтамасыз ету үшін цифрландыру саласындағы білім мен құзыреттердің маңызы ерекше. Сондықтан кәсіби білімімді жетілдіріп, осы бағыттағы заманауи дағдыларды меңгеру мақсатында Академияны таңдадым.
Алтай Серғазыұлы:
- Академияға түсу үдерісі жүйелі дайындықты талап етті. Құжаттарды дайындау, белгіленген талаптарға сәйкес іріктеу кезеңдерінен өту, аналитикалық ойлау қабілетін және кәсіби тәжірибені көрсете білу маңызды болды. Негізгі қиындықтардың бірі – күнделікті қызметтік міндеттермен қатар дайындыққа уақыт бөлу. Дегенмен, нақты мақсат қойып, уақытты дұрыс жоспарлау арқылы бұл кезеңдерден өтуге мүмкіндік болды.
Гаухар Жалғасқызы:
- Конкурсқа қатысу үшін құжаттар тапсырылады, бұл ретте үміткердің біліктілігі мен жұмыс тәжірибесі таңдаған білім бағдарламасының бағытына сәйкес келуі қажет. Конкурсқа жіберілгеннен кейін іріктеу екі кезеңде өтті: эссе жазу және Астана қаласында сұхбаттан өту. Мен үшін ең күрделі кезең эссе жазу кезеңі болды, себебі тақырып ақпараттық жүйе арқылы кездейсоқ түрде беріледі, сондықтан алдын ала нақты тақырыпқа дайындалу мүмкін емес. Осыған қоса, бір қатар талаптарды сақтау қажет: эссе шамамен 1000 сөз көлемінде болуы тиіс және эсседе жеке ұстаным мен дәлелдер, қазіргі жағдайға талдау, қолданыстағы заңнамалық және стратегиялық құжаттарға сілтемелер, проблемалар мен оларды шешудің нақты жолдары қамтылуы қажет.
Алтай Серғазыұлы:
- Ең алдымен, стратегиялық және жүйелі ойлау, деректерге негізделген шешім қабылдау, жобалық басқару, көшбасшылық және тиімді коммуникация дағдыларын тәжірибеде қолдануды жоспарлап отырмын. Сонымен қатар, халықтың қажеттіліктерін тереңірек талдап, мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесін бағалау тәсілдерін жергілікті атқарушы органдардың жұмысында пайдалану маңызды деп есептеймін. Басты мақсат – алған білімді теория жүзінде қалдырмай, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты шешімдерге айналдыру.
Гаухар Жалғасқызы:
- Ең алдымен, деректерді талдау, жасанды интеллект құралдарын пайдалану және цифрлық шешімдерді мемлекеттік басқару үдерістеріне енгізу бойынша алған білімімді қолдануды жоспарлап отырмын. Әсіресе азаматтардың жолданымдарымен жұмыс жүргізу барысында оларды жүйелі талдау және ықтимал мәселелерді алдын ала анықтау бағыттары мен үшін аса маңызды. Бұл өз кезегінде азаматтардың өтініштерінің қарау сапасын арттырып, басқарушылық шешімдердің тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Алтай Серғазыұлы:
- Бүгінде қоғам да, технология да, азаматтардың мемлекеттік органдарға қоятын талаптары да жылдам өзгеріп келеді. Сондықтан мемлекеттік қызметкер тек бұрынғы тәжірибесіне сүйеніп қана қоймай, үнемі білімін жаңартып, жаңа басқару құралдарын меңгеруі қажет. Менің ойымша, үздіксіз кәсіби даму – тиімді мемлекеттік қызметтің негізгі шарттарының бірі. Білімді және жаңашыл мемлекеттік қызметкер ғана уақыт талабына сай шешім қабылдап, халықтың сенімін арттыра алады.
Гаухар Жалғасқызы:
- Меніңше, бұл — мемлекеттік қызметкер үшін өмірлік қажеттілік. Себебі қоғамның сұранысы, технологиялар және мемлекеттік басқару тәсілдері үнемі өзгеріп отырады. Қазіргі жағдайда мемлекеттік қызметкер де осы өзгерістермен бірге дамып, жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп отыруы тиіс. Үздіксіз білім алу — тек кәсіби міндет емес, сонымен қатар қоғам алдындағы жауапкершіліктің де көрінісі деп ойлаймын.
Алтай Серғазыұлы:
- Ең алдымен, Академияға түсу тек мансаптық өсу құралы ретінде емес, кәсіби және тұлғалық дамудың мүмкіндігі ретінде қарастыруға кеңес берер едім. Өз саласындағы мәселелерді терең зерттеп, аналитикалық ойлау қабілетін дамыту, тілдік және басқарушылық дағдыларды жетілдіруді көздеу қажет деп есепеймін. Ең бастысы – алдына нақты мақсат қойып, дайындықты ертерек бастау және өзіне сену. Мемлекеттік қызметте білімге салынған инвестиция түптеп келгенде елдің дамуына қызмет етуі тиіс деп ойлаймын.
Гаухар Жалғасқызы:
- Академияда оқудың ең жауапты тұсы алған білімді қоғам игілігіне пайдалану және кәсіби тұрғыдан өсу мүмкіндігі ретінде қарастыру. Еш қиындықтан қорықпау, тек алға ұмтылу қажет. Қолайлы сәтті күтудің қажеті жоқ, өйткені қолайлы сәт ешқашан болмайды. Ең бастысы — мақсатқа сену және үздіксіз даму, білім алу және соның жолында болу.
- Құрметті Алтай Серғазыұлы және Гаухар Жалғасқызы біздің сұрақтарымызға шынайы жауап бергендеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Сіздерге тек қана сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан Мейрамбек Сыдықов
Бөрлі ауданы