Мемлекеттік басқарудан бастап білім мен ауыл шаруашылығына дейінгі барлық сала күн сайын цифрлық форматқа көшіп жатыр.

Әсіресе жасанды интеллектінің қарқынды дамуы бұл үдерістің ауқымын бұрынғыдан да кеңейте түсті. Ең бастысы – бұл игіліктен шалғай жатқан ауыл-аймақтар да тыс қалмауы тиіс, өйткені сапалы интернет пен заманауи сервистер тұрғындардың өмір сапасын көтерудің басты тетігі саналады.
Осы мақсатта Қазталов ауданында «Digital Qazaqstan» стратегиясын іске асыруға арналған маңызды ақпараттық-түсіндіру жиыны өтті. Жиынға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов төрағалық етіп, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Камашев, «Астана Хаб» өкілі және сала мамандары қатысты.

Жиында аудан басшысы Президент айқындаған цифрландыру және жасанды интеллект бағыттары өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ауылдық жерлердегі байланыс сапасын жақсарту бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. Биыл аудандық бюджеттен 24,6 млн теңге бөлініп, Саралжын және Қособа ауылдарында антенна-діңгек құрылыстары аяқталды. Жыл соңына дейін бұл елді мекендерде «Beeline» желісі іске қосылады деп жоспарланған. Сондай-ақ жеке инвесторлардың қолдауымен Серік және Бейістерек ауылдарының маңында да осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Алқалы жиында облыстық басқарма басшысы Нұрғиса Камашев өңірді цифрландырудың басымдықтарына тоқталды. Жиын барысында «Smart Region» тұжырымдамасы, интернет сапасы, генеративті жасанды интеллект құралдары мен Vibe Coding бағыттары сөз болды. Цифрлық сервистер артқан сайын ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау мәселесі де өзекті бола түсетіні айтылды. Сондықтан басты міндет – озық технологияларды тек енгізіп қана қоймай, оны қауіпсіз әрі сауатты пайдалана алатын орта қалыптастыру.

Ауылдағы тұрақты интернет, электронды қызметтер мен жасанды интеллект мүмкіндіктері – алыстағы болашақтың еншісіндегі дүние емес, бүгінгі күннің талабы. Басты мақсат – технологияны халықтың игілігіне қызмет ететін тиімді құралға айналдыру.
Жиын соңында басқарма басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Қазталов ауданы