10.09.2026, 12:00
Оқылды: 17

Шыңғырлау ауданында жас отбасылар арасында «Family battle» сайысы өтті

 

Отбасы күніне арналған тағылымды шара Шыңғырлау аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жас отбасылар арасында «Family battle» тақырыбында өтті.

image-10-09-26-11-05 (4)

Байқауға Амангелді ауылынан Төлеукуловтар, Ардақ ауылдық округінен Қазиевтер, Ащысай ауылдық округінен Рахимовтер, Ащысай ауылынан Бекниязовтер, Шыңғырлау ауылынан Естековтер отбасылары қатысты.

Көңілді әрі мазмұнды бәсекенің басты мақсаты отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ерлі-зайыптылар мен балалар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру.

Шара барысында жүргізуші аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Жасқанат Ерсайынов отбасының адам өміріндегі ерекше орнын атап өтіп, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

- "Жас отбасылар үшін мұндай басқосулардың маңызы зор. Себебі отбасы мүшелері күнделікті тіршіліктің қарбаласынан бір сәт арылып, бірге ойнап, бірге күліп, бір-бірінің жан дүниесіне тағы бір үңіле түседі",- деп атап өтті.

image-10-09-26-11-05

Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы «Біздің отбасы» кезеңінде қатысушылар өз шаңырақтарын таныстырып, отбасының атауы мен ұранын ортаға салды. Әр отбасы өзінің ерекшелігі мен дәстүрін айтып, шаңырақтағы татулықтың сырын бөлісті. Бұл кезеңнен-ақ әр отбасының өзіндік болмысы, қалыптасқан дәстүрі мен ортақ мақсаты бар екені аңғарылды.

Ал «Отбасымды танимын» кезеңі қатысушылар үшін ерекше қызықты болды. Мұнда отбасы мүшелеріне бір-бірі жайлы сұрақтар қойылып, олардың жақындарын қаншалықты жақсы білетіні сыналды. Анасының сүйікті тағамы, әкесінің хоббиі, баланың жақсы көретін түсі мен пәні, отбасының бірге өткізгенді ұнататын демалысы секілді қарапайым сұрақтардың өзі үлкен мәнге ие болды. Өйткені жақын адамды тану – оның көңілін түсіну, қалауын білу, жанынан табыла білу деген сөз.

"Сөзсіз түсіндір" кезеңінде отбасы мүшелерінің бір-бірін ым-ишара арқылы түсіну қабілеті сыналса, «Отбасылық эстафета» кезеңінде олардың шапшаңдығы мен ұйымшылдығы байқалды. Бір мақсатқа жұмылған отбасының кез келген белесті бірге бағындыра алатыны осы кезеңде анық көрінді.

image-10-09-26-11-05 (2)

Сайыстың мазмұнын тереңдете түскен келесі кезең – «Біз біргеміз». Қатысушылар ватманға өз отбасы үшін ең маңызды құндылықтарды сурет арқылы бейнелеп, оны қорғады. Бірі сыйластықты, бірі сенімді, енді бірі бірлікті басты құндылық ретінде көрсетті. Шын мәнінде, әр шаңырақтың бақыты да осындай қарапайым көрінгенімен, аса қымбат ұғымдардан құралады.

Отбасы деген тек бір үйде бірге тұру емес. Ол – қуанышты бірге бөлісу, қиындықты бірге еңсеру, бір-біріне сүйеніш болу. Әкенің өнегесі, ананың мейірімі, баланың күлкісі тоғысқан жерде ғана шынайы шаңырақ жылуы қалыптасады. Сонымен қатар "Шыңғырлау жастары" жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айбатыр Асу жасанды  интеллект (ЖИ) арқылы шарада ребус түрінде жасырылған мақал-мәтелдерді шешу өте қызықты әрі заманауи идея болды.Бұл тәсіл логиканы дамытып қана қоймай, ана тіліміздің байлығын жаңа технологиялармен байланыстыруға мүмкіндік берді.

Сайыстың соңғы «Мақал – сөздің мәйегі» кезеңінде қатысушылар халқымыздың отбасы, ата-ана, бала тәрбиесіне қатысты мақал-мәтелдерін жалғастырып, ұлттық тәрбиенің терең тамырына тағы бір үңілді. «Отан – отбасынан басталады», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген халық даналығы бүгінгі ұрпақ үшін де өз мәнін жойған жоқ.

Қазақ халқы қашанда шаңырақты қасиетті санаған. «Шаңырағың биік болсын», «Босағаң берік болсын» деп тілек айтқан. Өйткені шаңырақтың биіктігі – оның қабырғасының өлшемімен емес, ондағы адамдардың бір-біріне деген құрметі мен мейірімі арқылы өлшенеді.

image-10-09-26-11-05 (3)

"Family battle"сайысының да негізгі мәні осында. Бұл – кімнің жеңгенін анықтайтын қарапайым жарыс емес, отбасылық байланысты бекемдейтін, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақындататын тәрбиелік шара. Сайыс барысында отбасылар тапқырлығын, шапшаңдығын, шығармашылығын көрсеткенімен, оның ең басты жеңісі бірге өткізілген уақыт пен ортақ қуаныш болды.

Бүгінде жас отбасыларды қолдау, олардың берекелі шаңырақ құруына жағдай жасау қоғам үшін аса маңызды міндеттердің бірі. Өйткені бүгінгі жас отбасы – ертеңгі елдің іргесін бекітетін буын. Отбасында қалыптасқан тәрбие баланың мінезіне, дүниетанымына, азаматтық ұстанымына әсер етеді. Ал жақсы тәрбие алған ұрпақ мемлекеттің жарқын болашағы.

Сондықтан отбасы құндылығын дәріптейтін мұндай шаралардың тәрбиелік маңызы ерекше. Әсіресе жастарға отбасының қадірін сезіндіру, ата-ананы құрметтеу, балаға уақыт бөлу, өзара сыйластық пен жауапкершілікті арттыру бүгінгі қоғамның басты құндылықтарының бірі.

Шара соңында айтылғандай, бұл сайыстағы ең үлкен жеңіс жүлде немесе атақ емес. Ең үлкен жеңіс – отбасыңның амандығы, жақындарыңның жаныңда болуы. Қандай жетістікке жетсең де, қандай биікті бағындырсаң да, оны бөлісер отбасың болмаса, қуаныштың мәні кемиді.

Әр шаңырақта шаттық орнап, ата-ананың мерейі үстем, бала күлкісі сыңғырлап тұрса елдің де еңсесі биік. Берекелі отбасы көбейген сайын қоғам да нығая түседі.

image-10-09-26-11-05 (1)

Бірнеше отбасылардың басын біріктірген бұл мағыналы шара жас отбасыларға бір қарапайым, бірақ аса маңызды ойды тағы бір мәрте ұқтырды: бірлік бар жерде береке, сыйластық бар жерде бақыт, ал мейірім бар шаңырақта өмірдің мәні бар.

Шара аясында "Мерейлі отбасы" ұлттық жобасының облыстық кезеңіне қатысқан Жұмабаевтар, Қабиевтар, Төлеукуловтар,

Қазиевтер отбасыларына Алғыс хаттар мен ескерткіш сыйлықтар тапсырылды.

Берекелі шаңырақ пен отбасындағы татулық елімізді тұрақты дамытудың және Әділетті Қазақстанды құрудың мызғымас кепілі.

 

Сара Шакрат

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале