10.09.2026, 16:30
Оқылды: 11

Сырым ауданында «Қауіпсіз өңір» жобасы аясындағы мәселелер талқыланды

Сырым ауданы әкімдігінде «Қауіпсіз өңір» жобасы аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және құқық бұзушылықтардың жолын кесу мәселелері талқыланған жиын өтті. Отырысқа аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов төрағалық етті.

IMG_4027

Жиынға аудан прокуроры Ершат Қамбетов, бөлімдер мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері және шаруа қожалықтарының иелері қатысты.

Күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі – жол бойындағы қараусыз мал. Малдың автожолға шығып кетуі жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін. Осыған байланысты малды бірдейлендіру, таңбалау, ен салу, жайылымға шығаруда жауапкершілікті күшейту және шаруашылық аумақтарын «электронды бақташы» жүйесімен қоршау жұмыстары сөз болды.

Сырым аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Бағдат Сыдықов мал ұрлығының алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Оның айтуынша, ветеринария саласындағы заң талаптарын бұзу бойынша жыл басынан бері 11 іс-құжат ветеринариялық инспекцияға жолданған. Оның ішінде 5 ауыл шаруашылығы жануарларының иесі анықталып, жалпы 194 625 теңге айыппұл салынған.

Мал ұрлығына қарсы күресте аудандық полиция бөлімі мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы күшейтілген. Бірлескен рейдтер жүйелі түрде ұйымдастырылып, тұрғындар мен шаруа қожалықтарына түсіндіру-профилактикалық жұмыстары жүргізілуде. Мал иелеріне малды қараусыз қалдырмау, жайылымға шығарған кезде жауапкершілікті арттыру және малды сәйкестендіру құралдарын қолдану қажеттігі түсіндірілуде.

Жол бойындағы малдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шағылыстырғыш ленталар тағу жұмыстары да жүргізілуде. Бүгінде барлығы 3103 малға, оның ішінде 1962 ірі қара мен 1141 жылқыға шағылыстырғыш лента тағылған. Сонымен қатар аудандағы 12 ауылдық округте 22 бағыт бақтаушылармен бақыланса, 23 бағытта малдың қараусыз жайылу фактілері белгіленген.

Жиында ауылдық жерлердегі жол қауіпсіздігі мен абаттандыру мәселесі де қаралды. Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиев елді мекендегі атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның мәліметінше, Жымпиты мен Өлеңті ауылдарында барлығы 857 көше жарықшамы орнатылған. Биыл Өлеңті ауылы көшелеріндегі жарықтандыру жүйесін жақсарту мақсатында 178 жарық шамы ауыстырылған.

Сонымен қатар Жымпиты ауылында білім беру ұйымдарына жақын орналасқан жаяу жүргіншілер өткелдері жарықтандырылып, балалардың макеттері қойылып, тиісті жол белгілері мен жолақтар орнатылған.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі бейнебақылау жүйесінің жұмысы да талқыланды. Қазіргі таңда Жымпиты және Өлеңті ауылдарында 104 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Білім беру саласындағы қауіпсіздік мәселесі бойынша Білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбылов баяндама жасады. Ал аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Саламат Иманғалиев пен ветеринариялық станция директорының орынбасары Руслан Усағалиев өз салалары бойынша атқарылған жұмыстарды таныстырды.

Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов қауіпсіздік мәселелеріне қатысты жауапты мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, мектеп оқушыларының жолдан қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін жаяу жүргіншілер өткелдерін ретке келтіру және қажетті жерлерге қосымша өткелдер ұйымдастыру тапсырылды. Күннің қысқарып, күз мезгілінің келуіне байланысты елді мекендердегі көше жарықтарының жұмысын тексеріп, ақауларды дер кезінде жою қажеттігі айтылды.

Сонымен бірге ауылдардағы бейнебақылау камераларының жұмысын тексеріп, істен шыққан немесе ақауы бар құрылғыларды қалпына келтіру міндеттелді.

IMG_4026

Шаруа қожалықтарының иелерімен кездесіп, малдарды уақытылы таңбалау және бірдейлендіру жұмыстарын жүргізу, малды жол бойына қараусыз шығармау және осы бағыттағы бақылауды күшейту тапсырылды.

Серік Тоқмамбетов қауіпсіздікке қатысты жұмыстардың жүйелі жүргізіліп, берілген тапсырмалардың нақты орындалуы қажеттігін атап өтті.

 

Қ.Жеңісұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале