Орал қаласының күніне орай ұйымдастырылған арқан тартыстан «Oral Cup» қалалық ашық турнирі мәресіне жетті.

Өңірдің үздік арқан тартыс шеберлері бақ сынаған додаға Орал қаласы мен аудан командаларынан құралған 16 команда қатысып, күш пен ептілікті, ұйымшылдық пен табандылықты қатар талап ететін сайыста өзара мықтыны анықтады. Дүбірлі додада Шыңғырлау ауданының намысын қорғаған Алмаз ауылының «Алмаз арландары» командасы қарсыластарының бәрінен басым түсіп, жарыстың бас жүлдесін жеңіп алды. Ал екінші орын Қазталов ауданының «Тереңкөл» командасына бұйырса, үшінші орынды сол ауданның «Жұлдыз» командасы иеленді.
Аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің директоры Жұбаныш Түймешов «Алмаз арландарының» жеңісін жоғары бағалап, команда мүшелерінің спортқа деген ынтасына тоқталды. Бұл спорт түрі күштілікті ғана емес, табандылықты, төзімділікті және командалық бірлікті талап ететінін, команда құрамында таудың тасындай мығым, намысты жігіттер бар екенін, олар жарыс барысында өздерінің физикалық дайындығын ғана емес, бір-біріне деген сенімін, ұйымшылдығын көрсете білгенін айтты. Осындай жігіттердің аудан намысын абыроймен қорғап, үлкен жарыста бас жүлдені иеленуі үлкен қуаныш екенін және бұл жеңіс алдағы жарыстарға жаңа серпін беретінін жеткізді.

«Алмаз арландары» командасының бапкері Самғат Жантөриновтің жетекшілігімен шыңдалған спортшылар жарыс бойы жігерін жанып, әр белдесуде жеңіске деген берік сенім танытты. Әр тартылыста бар күшін бір арнаға тоғыстырған жігіттер айқын басымдық көрсетіп, чемпиондық атақты қанжығаларына байлады.
Алмаз ауылының азаматтары үшін бұл жеңістің жөні бөлек, өйткені ауылдан шыққан спортшылардың облыс орталығында өткен ашық қалалық турнирде 16 команданың арасынан суырылып шығып, топ жаруы аудан спортының әлеуетін танытқан айтулы жетістік болып саналады.
Светлана Ешматқызы,
Шыңғырлау ауданы