Қиялын қылқаламмен сөйлеткен Билкис
Бөрлі ауданында балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, өнердің сан қырына баулитын орталықтар баршылық. Солардың бірі – Балалар өнер мектебі. Мұнда жас өрендер сурет салу, театр, би, ән айту және түрлі музыкалық аспаптарда ойнау бағыттары бойынша білім алады. Әр баланың бойындағы қабілетін танып, оны дамытуға мүмкіндік беретін өнер мектебінде талай таланттың қанаты қатайып келеді.

Бүгінгі кейіпкеріміз – осы мектептің бейнелеу өнері бөлімінің оқушысы Билкис Кенжеғалиева. Ол кішкентайынан сурет салуға қызығып, қиялын ақ қағаз бетіне түсіруді әдетке айналдырған. Бүгінде Билкис – өнер мектебінде 11 жылдан бері білім алып келе жатқан жас суретші.

Өнерге бала кезден құштар Билкис
Билкистің ең алғашқы салған суреті – суда жүзіп жүрген үйрек. Кішкентай қыз сол сәтте көз алдында жүзіп жүрген үйрекке қарап, оны қағаз бетіне түсірген екен. Содан бері қылқалам мен бояу оның ажырамас серігіне айналған.
Билкис қазіргі таңда «Балалар өнер мектебінің» кәсіптік бағдар беру сыныбында оқиды. Ол бір суретті салуға 5-6 сағат немесе бір күн уақыт жұмсаса, күрделі жұмыстарын бір жылға дейін жалғастыратын кездері де бар. Мұның бәрі салатын суретінің мазмұны мен күрделілігіне байланысты.

- Мені Балалар өнер мектебінің бейнелеу өнері бөліміндегі сурет сыныбына анам алып келді. Мен кішкентайымнан сурет салғанды жақсы көремін. Маған табиғатты, теңізді бейнелеген ұнайды. Сурет салу – менің хоббиім. Сурет салатын кезде идея кейде өз қиялымнан туса, кейде адамдардың ұсынысынан пайда болады. Өзіме ең ұнайтын жұмыстарымның бірі – «Кішкентай ханзада» атты суретім. Оның басты кейіпкері – адамның теріс қасиеттерін білмейтін кішкентай бала. Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктеріме ұстаздарымның қосқан үлесі зор. Сол кісілерден алған білімім суретке деген қызығушылығымды одан әрі арттырды, – дейді Билкис.
Жас суретші бүгінге дейін талай байқауға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Былтыр «Бояулар құпиясы» атты жас суретшілердің республикалық байқауында І орын иеленіп, өзінің шығармашылық қабілетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Байқаудағы жетістігі үшін Билкисті дайындаған жетекшісі Шынар Джакуповаға да алғыс хат табысталған.

Сонымен қатар Билкис ЮНЕСКО ұйымдастырған халықаралық «ECO FEST TURAQTY JOL 6.0: Жер тынысы» байқауына «Өнер» (ART) номинациясы бойынша қатысып, шығармашылығын халықаралық деңгейде танытты.

Ұстаз тағылымы – шәкірт жетістігі
Билкистің өнердегі алғашқы қадамынан бастап бүгінгі жетістігіне дейінгі жолында ұстаздарының еңбегі ерекше. Оқушысының шығармашылық қабілетін дамытуға атсалысып жүрген педагогтардың бірі – Бейнелеу өнері бөлімінің мұғалімі Людмила Калашникова.
- Билкис – өте талантты, қабілетті әрі алдына мақсат қоя білетін оқушы. Ол өнер мектебінде ұзақ жылдар бойы білім алды. Алғашқы төрт жыл дайындық сыныбында оқыса, кейін төрт жыл негізгі бағдарлама бойынша білім алды. Негізгі білімін аяқтағаннан кейін де Билкис тағы екі жыл кәсіптік бағдар беру сыныбында оқуын жалғастырды. Алғашқы сабақтардан-ақ оның бейнелеу өнеріне деген қызығушылығы, шығармашылық белсенділігі мен қиялының кеңдігі байқалды. Билкистің жұмыстары әрдайым ұқыптылығымен, әсерлілігімен, ерекшелігімен және өзіндік қолтаңбасымен дараланады. Оның бойындағы табиғи дарын уақыт өте келе үлкен шеберлікке айналды. Бұл тек қабілеттің арқасы емес, сонымен қатар орасан зор еңбекқорлық пен үнемі ізденудің нәтижесі, – дейді бейнелеу өнері бөлімінің мұғалімі Людмила Николаевна.

Билкистің шығармашылық ізденісіне бағыт-бағдар беріп жүрген ұстазы Шынар Ғайсақызының да шәкірті туралы айтары көп. Шынар Ғайсақызы қазіргі уақытта Билкиске кәсіптік бағдар беру сыныбында сабақ береді.
- Билкис өте шығармашыл оқушыларымның бірі. Мінезі де ашық. Көбіне өз идеясымен сурет салады. Кейде маған келіп, «Мен осындай сурет салғым келеді» деп өзінің ойын айтады. Ол қарындашпен жұмыс істегеннен гөрі гуашь, акрил секілді бояуларды қолданғанды ұнатады. Соңғы уақытта Билкистің қызығушылығы қытай кескіндемесіне ауып жүр. Сондықтан алдағы уақытта шығыс бағытындағы суреттерге көбірек көңіл бөлетін боламыз. Бұл сыныпта оқушылар болашақта таңдаған мамандығына қажетті бағытта сурет салады. Мысалы, оқушы архитектор болуды жоспарласа, жоғары оқу орнына түсу кезінде шығармашылық емтиханда берілетін тапсырмаларға қарай дайындық жүргіземіз, – дейді Шынар Ғайсақызы.
P/S: Билкис үшін сурет – жай ғана қағазға бояу жағу емес, өз ойын, сезімін және қиялын жеткізудің ерекше тәсілі. Бір қарағанда үнсіз ғана салынған суреттің артында жас суретшінің талай сағаттық еңбегі мен қиялы жатыр.
Өнер жолын бала күнінен бастаған Билкистің алдағы мақсаты да айқын. Ол қылқаламын серік етіп, жаңа дүниелерді іздеуден, үйренуден және өз қолтаңбасын қалыптастырудан жалыққан емес. Бәлкім, бүгін ақ қағаз бетінде қиялын бейнелеп жүрген жас суретшінің туындылары ертең үлкен көрмелердің төрінен орын алар. Бастысы - оның бойындағы өнерге деген ынта мен ізденіс.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы