15.09.2026, 17:15
Оқылды: 28

Колледжде өткен конгресс

Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінде стоматологтер мен жақсүйек-бет хирургтерінің  республикалық конгресі өтті.

DSC03739

Ғылыми-практикалық іс-шара көрнекті ғалым, ұстаз, медицина ғылымдарының докторы, профессор Орынбек Шалабаевтың рухына тағзым етуге және медицина ғылымдарының докторы, профессор Клара Шалабаеваның 80 жылдық мерейтойына арналды. Еліміздің әр өңірінен және шетелден жиналған мамандар бас қосып, медицинадағы заманауи үрдістерді талқылап, тәжірибе алмасып, шеберлік сабақтарына қатысты. Конгресс қонақтарының қатарында облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Ғұбайдуллина,

С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Стоматология мектебінің деканы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас стоматологі, профессор Сәуле Есембаева, профессор Клара Шалабаева болды. Сондай-ақ Бірыңғай Қазақстан стоматологтер қауымдастығының вице-президенті, профессор Серік Нұрмағанов, облыстық көпбейінді аурухананың директоры Ерлан Тоқсанов, «Жайық-Дент» стоматологиялық орталығының директоры Мерует Мусина және басқа да мамандар  қатысты. 200-ге жуық маман бас қосқан конгресті Қазақстан Республикасы стоматологтерінің ұлттық комитеті мен Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі ұйымдастырды.

Ерлі-зайыпты Орынбек пен Клара Шалабаевтардың есімі Батыс Қазақстандағы медицина ғылымының даму тарихымен тығыз байланысты. Өңірде туып-өскен ерлі-зайыпты ғалымдардың кәсіби жолы да осы өлкеден бастау алып, кейін республикалық деңгейдегі ғылыми ортада жалғасты. Олар дәрігерлік қызметті ғылыммен ұштастырып, жақсүйек-бет хирургиясы мен стоматологияның дамуына елеулі үлес қосты. Күрделі операцияларды орындаудың жаңа тәсілдерін меңгеріп қана қоймай, жинақтаған тәжірибесін кейінгі буын мамандарына үйретті. Ғылыми еңбектері мен диссертациялық зерттеулерінің практикалық маңызы жоғары болды.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов оқу орнының медицина кадрларын даярлаудағы  рөліне  тоқталды.

– Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі – еліміздің жетекші оқу орындарының бірі.  Колледж Қазақстан Республикасында медициналық білім берудің бастауында тұр. Мұнда алты мамандық бойынша жоғары білікті және білікті медицина қызметкерлері даярланады. Колледж түлектері еліміздің барлық өңірінде және одан тыс жерлерде сұранысқа ие. Оқу орны осы уақытқа дейін 25 мыңнан астам маман тәрбиелеп шығарды. Сондықтан бүгінгі іс-шараның студенттер үшін маңызы зор, – деді Тілепберген  Каюпов.

Ғылым жолында зерттеу жұмыстарын жүргізіп қоймай, жүздеген шәкірт тәрбиелеген Шалабаевтар отбасының еңбегі өлшеусіз. Бүгінде қос ғалымнан тәлім алған мамандар еліміздің әр өңірінде қызмет етіп, отандық медицинаның  дамуына  үлес  қосуда.

Конгреске қатысқан Бірыңғай Қазақстан стоматологтер қауымдастығының вице-президенті, профессор Серік Нұрмағанов медицина ғылымдарының докторы Шалабаевтар отбасының медицина саласындағы еңбегіне жоғары баға берді.

«Бұл кісілер жақсүйек-бет хирургиясын дамытуға көп үлес қосты. Кандидаттық, докторлық диссертацияларының барлығының практикалық маңызы болды. Балаларды емдеу, жедел остеомиелит және басқа да қабыну үдерістерінде ота жасау әдістерін жетілдірді. Арнайы өз әдістемелерін қалыптастырып, кейінгі буын мамандарына үйретті», – деді ғалым.

Ғылыми бағдарлама аясында Қазақстан мен Ресейдің жетекші мамандары баяндама жасап, стоматология мен жақсүйек-бет хирургиясының бүгінгі тынысын саралады. Профессорлар С. Есембаева, К. Шалабаева, С. Нұрмағанов, А. Замураева, Мәскеу облыстық ғылыми-зерттеу клиникалық институтының (МОНИКИ) өкілі М. Амхадова және басқа да мамандар өз зерттеулері мен тәжірибелерімен бөлісті.

Жиын барысында стоматологиядағы заманауи тәсілдер, жақсүйек-бет хирургиясы, реконструктивті-қалпына келтіру операциялары, онкологиялық сақтық, ортодонтиялық емдеу, мамандандырылған медициналық көмекті ұйымдастыру, жақ сүйектерінің COVID-ассоциацияланған остеонекрозы және басқа да өзекті мәселелер қозғалды. Қазіргі таңда стоматология тек тісті емдеумен шектелмейді. Ауыз қуысы мен жақсүйек-бет аймағының ауруларын ерте анықтау, күрделі патологияларды хирургиялық жолмен емдеу, туа біткен ақауларды түзету, онкологиялық аурулардың алдын алу – барлығы да жоғары біліктілікті талап етеді.

Конгрестің ерекшелігі – ғылыми пікірталастардың практикалық жұмыстармен қатар жүруінде.

Жиын аясында амбулаториялық стоматологиялық қабылдау кезінде онкоскрининг жүргізу, ауыз қуысы кіреберісінің кілегей қабығы аномалияларын түзету әдістері, балаларға LM және JM-активаторларын қолдану бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Мұндай тәжірибелік сабақтар мамандарға жаңа әдістерді тікелей тәжірибеде көруге мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, жақсүйек-бет аймағында патологиясы бар науқастарға кеңес берілді. Мамандардың кеңесін 50-ден астам адам алды. Конгресс аясында өңір тұрғындарына ота жасалып, 10-нан астам науқасқа хирургиялық көмек көрсетілді.

Облыстық көпбейінді аурухананың директоры Ерлан Тоқсанов іс-шараның практикалық маңызына тоқталды.

DSC03743

– Бүгінгі іс-шара Орынбек Шалабаевтың рухына, сонымен қатар зайыбы Клара Шалабаеваның мерейтойына арналып отыр. Бұдан екі күн бұрын профессор Серік  Нұрмағанов шеберлік сағаттарын өткізді. Дәрігерлерге жақсүйек-бет хирургтерінің тәжірибесін шыңдауға көмектесті. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын таба  бермек, – деді ол.

Конгреске қатысушылар іс-шараның  жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ғылым мен тәжірибені ұштастырған ерекше алаң болғанын  айрықша  бағалады.

Гүлжамал Кенжеғалиева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале