Бәйтерек ауданы әкімдігі жанындағы Заң мен тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Аудан әкімі Марат Тоқжановтың төрағалығымен өткен жиында өңірдегі жол қауіпсіздігі, құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен елді мекендердегі ашық тұрған қауіпті нысандардың жай-күйі кеңінен талқыланды.

Отырыс барысында алғашқы болып сөз алған аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Азамат Жумагулов жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында атқарылған шараларға кеңінен тоқталды. Баяндамашының келтірген деректеріне сүйенсек, ағымдағы жылы аудан көлемінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы, яғни көлікті мас күйде басқару бойынша 29 дерек тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (2025 жылы – 27 дерек) 2 оқиғаға артып отыр.
Дегенмен, мас күйде қайтадан рөлге отырғандарға қатысты жағдай оң динамика көрсеткен. Қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша биыл 6 заң бұзушылық анықталса, өткен жылы 14 тіркеліп, бұл бағыттағы қылмыс саны едәуір азайған. Жалпы жол ережесін сақтау бойынша жүргізілген рейдтер мен бақылау жұмыстарының нәтижесінде 912 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды (2025 жылы – 894). Оның ішінде 761 заң бұзушылық фактісі бойынша 18 миллион 984 мың 821 теңге көлемінде айыппұл салынып, бүгінде оның 15 миллион 312 мың 088 теңгесі өндірілді. Нәтижесінде өндірілу пайызы 80,6 пайызды құрап отыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы салынған 15 миллион 830 мың 370 теңге айыппұлдың 14 миллион 486 мың 060 теңгесі өндіріліп, көрсеткіш 91,5 пайызға жеткен еді.
Өкінішке орай, профилактикалық шараларға қарамастан, жалпы жол-көлік оқиғаларының саны артып отыр. Ауданда апаттылық көрсеткіші 30-дан 38 оқиғаға дейін өсіп, жарақат алғандар саны 50-ден 74 адамға жеткен. Жол апатынан 7 адам қаза тапқан. Әсіресе Перемётный, Мичурин, Асан, Байқоныс, Дариян, Володарка, Достық ауылдарының ішінде, сондай-ақ «Орал — Кирсанов», «Перемётный — Зеленый» бағытындағы жолдарда қайғылы жағдайлар жиілеген. Тіркелген жол-көлік оқиғаларының басты себептері — белгіленген жылдамдықты шамадан тыс асыру және қарсы бағытқа шығып кету. Сонымен бірге, мотокөліктердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары жиілеген. Жиында сөз болған тағы бір өзекті мәселе — түнгі уақытта қараусыз жүрген малдың кесірінен болатын апаттар. Мәселен. республикалық тас жолдарда (Орал-Атырау, Орал-Бузулук, Орал-Тасқала-РФ шекарасы, Орал-Ақтөбе) 13 жол көлік оқиғасы орын алып,4 азамат көз жұмып, 27-сінің жарақат алуы — жағдайдың күрделі екенін көрсетеді. Аудан әкімі бұл бағытта ауылдық округ әкімдері мен полиция қызметкерлеріне бақылауды күшейтуді, түнгі уақытта жолдағы қараусыз малды дер кезінде шетке шығарып, иелерін жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Жиын барысында комиссия отырысына онлайн қосылған БҚО ПД Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы полиция полковнигі Нұрбол Мендіханов сөз алып, аудандағы профилактикалық жұмыстардың жүйелеуді қажет ететін тұстарын атап өтті. Мысалы, бұрын сотталған азаматтарды қайта оңалту және оларды жұмысқа орналастыру бойынша бөлінетін квоталардың аздығы, емдеу мекемелеріне мәжбүрлеп жіберу процедуралары талқыланды.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бағдат Халденовтың айтуынша, есепті кезеңде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 105 азамат тіркеуге алынған. Олардың ішінде жұмыспен қамту органдарына ресми түрде 10 адам өтініш білдіріп, нәтижесінде 7 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Атап айтқанда, 5 адам тұрақты жұмысқа орналасса (соның ішінде 1 азамат арнайы квота арқылы), 2 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілді. Сонымен қатар Достық, Байқоныс және Дариян ауылдық округтері бойынша 3 азамат ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр.
Бұдан бөлек, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды квота арқылы жұмысқа орналастыру жоспары 100 пайызға орындалған. Жоспарланған 1 квота бойынша 1 адам «Переметнинский элеватор» ЖШС-не жұмысқа бағытталды. Бөлім басшысы өз сөзінде квота санының аз бөліну себебін де түсіндірді: өкінішке қарай, жеке кәсіпкерлер мен мекеме басшылары бұрын сотты болған азаматтарды жұмысқа қабылдауға әлі де болса жүрексініп, жиі бас тартатын көрінеді.
Отырыстың түйінді бөлігі мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне арналды. Аудандық полиция бөлімінің басшысы Қайрат Маратов елді мекендерді аралау кезінде түсірілген нақты фотоайғақтарды ұсынды. Фотосуреттерде мектеп маңындағы қоршалмаған трансформаторлар, қақпағы жоқ немесе ағашпен уақытша жабылған люктер, сондай-ақ қараусыз тұрған иесіз ғимараттар анық көрініс тапқан. Осындай ашық-тесік нысандар ертеңгі күні баланың токқа түсуіне, шұңқырға құлауына немесе жасөспірімдерге қарсы қылмыстардың орын алуына себеп болуы мүмкін.

Аудан басшысы мұндай жауапсыздыққа ескерту жасап, аудан орталығы Перемётный және өзге де ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Ескерту хаттар берумен шектелмей, заң аясында айыппұлдар салу, иесіз немесе қараусыз ғимараттардың қожайындарын тауып, нысанды бұздыру, ал жауап болмаса, өкілетті тарап шұғыл шара алатынын жеткізді.
Балалар өміріне қауіп төндіретін барлық электр щиттері, ашық люктер мен шұңқырлар 1 қарашаға дейін толықтай ретке келтірілуі тиіс. Қоршаулар уақытша емес, балалар өте алмайтындай биік әрі сапалы жасалуы міндеттелді. Сонымен бірге, білім беру ұйымдарындағы істен шыққан бейнебақылау камералары қайта қаралып, мердігер компаниялардың кепілдік міндеттемелері аясында сапасын назарға алып, қайта іске қосылуы тапсырылды. Берілген тапсырмалардың орындалуы аудан әкімінің тікелей бақылауында болады.
Гүлім Орда,
Бәйтерек ауданы