17.09.2026, 16:30
Оқылды: 6

Сырым ауданында күзгі әскерге шақыру жұмыстары пысықталды

Сырым ауданы әкімінің міндетін атқарушы Серік Тоқмамбетов күзгі әскерге шақыру науқанының ұйымдастыру мен барысына қатысты кеңесі өткізді.

IMG_4195

Жиынға қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы С.Саянов, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Б.Сыдықов және ауылдық округ әкімдері бейнеконференция байланысы арқылы қатысты.

Кеңес барысында әскерге шақырылушыларды медициналық тексеруден өткізу, олардың құжаттарын нақтылау, шақыру жұмыстарының белгіленген тәртіпке сәйкес жүргізілуі және әскерге шақырудан жалтарып жүрген азаматтармен жүргізілетін жұмыстар талқыланды.

Әскер жастарға не артықшылық береді?! Осы сұрақты Сырым аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Серік Саяновқа қойдық:

- Әскерге жігіт біріншіден өмір мектебінен өту үшін аттанады. Сарбаз сапында тұру - азамат үшін арман әрі абырой. Екіншіден,  жанұясынан алыс жүрген азамат ата - ананың қадірін, туған жердің бағасын түсінеді. Өмірдің үлкен сабағы осы емес пе?! - деп бастады подполковник әңгімесін.

- Бұдан бөлек, әскери борышын өтеген азаматтарға мемлекеттік білім гранты беріледі. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға қосымша әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Оның ішінде мемлекеттік білім беру гранттарын алу мүмкіндігі де бар. Жүйе Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігінің 145 мыңнан астам әскери қызметшісін қамтиды. Жүйеде әскери қызмет кезеңіндегі бағалар, әскери қызметшілердің жеке рейтингтері, тәртіп пен жауынгерлік даярлық көрсеткіштері және 12 бейіндік пән бойынша тестілеу нәтижелері жинақталады.

- Министрлік Қазақстан бойынша 50 жоғары оқу орынымен келісімшартқа қол қойды. Әскерден келген жігіт қалаған оқу орынына, қалаған мамандығына түсе алады. Әскери билет жатақханаға орналасуға да басымдық береді. Сондықтан, әскерге бару - өмірден кешігу емес, жаңа мүмкіндіктер есігін ашу деп түсіну қажет, - деді Серік Елшіұлы.

Әскер ЖП

Иә, қатарым оқу оқып, жастық думанын қыздырып жатқанда, етігімді сартылдатып казармада жүремін бе деген ой жастарға келуі мүмкін. Қорғаныс бөлімінің бастығы бұл турасында өте тамаша айтты. Әскерге арнаған уақыт - Отаныңның алдындағы қарызды өтейтін қасиетті іс.

«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңы — 2012 жылғы 16 ақпанда қабылданған негізгі заңдардың бірі. Ол әскери қызметті өткеру тәртібін, әскери қызметшілердің құқықтары мен міндеттерін және әлеуметтік кепілдіктерін реттейді.

Бұл заңнамада әскери есеп пен әскерге шақыру бойынша жергілікті атқарушы орган айналысады деп көрсетілген.

- Сырым ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Серік Тоқмамбетов ауылдық округ әкімдеріне әскерге шақыру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырып, әрбір шақырылушы бойынша нақты есеп жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, әскери міндетін орындаудан жалтарып жүрген азаматтарға қатысты қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылдап, әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті, - деп жазады Сырым ауданы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасы.

Әрине, жігіттің бәрі жалтарып жүр деуге тағы болмайды.

2026 жылы көктемгі шақырылымда Сырым аудандық қорғаныс бөлімі арқылы 30 азамат әскер қатарына жөнелтілген. 2025 жылы күзде ауданнан 25 бала Отан алдында ант қабылдаған. Сырым аудандық қорғаныс бөлімінің есебінде 520 шақырылушы бар. Оның 94-і әскерге шақыруға жатады. Көбі - студент.

Әскер - мемлекеттің азаматқа деген сенімі. Серт беріп, сенім жолында адал қызметте тұрған әр сарбаз үйіне аман оралғай!

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале