Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясында елімізде инвестициялық саясатты кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде - деп жазды primeminister.kz

2025 жылғы желтоқсанда 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы қабылданып, «Бәйтерек» холдингі ұлттық инвестициялық холдинг болып қайта құрылды. Жаңа модель жеке және шетелдік капиталды тартуға, отандық өндірісті, инфрақұрылымды, технологияларды және шикізаттық емес экспортты дамытуға бағытталған. 2029 жылға дейін холдинг құралдары арқылы қосымша $150 млрд инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Капитал тарту тәсілдері де жетілдірілуде. Мемлекет инвесторларды белсенді іздеу және нысаналы түрде тарту моделіне көшуде. Мәселен, өңірлер басым салалық бағыттарды айқындап, алдын ала пысықталған инвестициялық ұсыныстар әзірлейді.
Инвесторларды сүйемелдеу жүйесі қайта құрылып, енді сыртқы, орталық және өңірлік деңгейлерде жұмыс істейді. Жобаларды жедел жүзеге асыру үшін Fast Track тетігі қолданылып, Үкімет жанындағы Инвестициялық штабтың мүмкіндіктері кеңейтілуде. Инвесторлардың құқықтарын қорғау күшейтілді: «прокурорлық сүзгі» қолданылады, проблемалық мәселелер мен шағымдардың бірыңғай тізілімі қалыптастырылуда, инвестициялық дауларды сотқа дейін реттеу тетіктері жетілдірілуде. 2025 жылы инвестициялар туралы 30 келісім жасалса, 2026 жылы жалпы сомасы шамамен 5,2 трлн теңге болатын 26 келісім жасалды.
Сонымен қатар негізгі шетелдік әріптестерді сүйемелдеу үшін task force жұмыс топтарының тетігі қалыптастырылып, қажетті рәсімдерден жедел өтуге арналған «жасыл дәліз» қолданылады. Жаңа модельдің цифрлық бағыты Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны дамытуды, сондай-ақ деректерді талдау құралдары мен жасанды интеллект элементтерін қамтитын инвестициялық жобаларды мониторингтеудің интеграциялық талдау жүйесін әзірлеуді көздейді.
2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 16,7%-ға артты
Қазақстандағы инвестициялық белсенділік оң қарқынын сақтап отыр. 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 19,4 трлн теңгеден асып, нақты өсім 8%-ды құрады. 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен 23,5 трлн теңгеге дейін ұлғайып, нақты өсім қарқыны 16,7%-ға жетті.
2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында негізгі капиталға 13,5 трлн теңгеден астам инвестиция салынды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға көп. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың ЖІӨ-дегі үлесі 2024 жылғы 14,2%-дан 2025 жылы 14,7%-ға дейін өсті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 13,4%-ды құрады.
Сонымен қатар жаңа инвестициялық портфель қалыптастырылуда. Kazakh Invest базасында Астанада «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Kazakhstan Investment House бірыңғай ақпараттық орталығын құру көзделген. Бүгінде жалпы инвестиция көлемі $162,5 млрд болатын 667 нақты жоба іріктелді. Бұдан бөлек, шикізат базасын дамытуға бағытталған жалпы құны $42,6 млрд болатын жобалар пулы қалыптастырылуда.
2024-2025 жылдары тартылған жаңа жобалардың қатарында терең өңдеу, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені және көлік инфрақұрылымы салаларындағы өндірістер бар. Жамбыл облысында Fufeng Group құны $350 млн болатын жүгеріні терең өңдеу жобасын жүзеге асыруда. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылы басталды, жобаның бірінші кезеңін 2026 жылы іске қосу жоспарланған.
Ақмола облысында Dalian Hesheng Holding Group құны $500 млн болатын бидайды терең өңдеу кешенін салуда. Испаниялық Roca Group Қызылорда облысында құны $70 млн болатын санитариялық-техникалық өнім өндіру және құрастыру зауытының жобасын жүзеге асыруда.
Алматы облысында Solico Group тәулігіне 155 тонна өнім өндіруге қауқарлы, құны $58,8 млн болатын ірімшік өндірісінің құрылысын бастады. 400-ге жуық жұмыс орны ашылатын кәсіпорынды 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Guoyou Materials Group Қазақстанның Каспий теңізі жағалауында жылына 15 млн тоннаға дейін жүк өткізуге қауқарлы, құны $1,1 млрд болатын жаңа порт салу жобасын пысықтауда. Швейцариялық Harvest Group SA құны $700 млн болатын агроиндустриялық кластерді іжүзеге асыруға кірісті. Жоба аясында 300 мың гектар жерді кезең-кезеңімен суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына айналдыру көзделген.