18.09.2026, 12:00
Оқылды: 9

Бөрліде инфекцияның алдын алу жүргізілуде

АИТВ инфекциясының алдын алу, тұрғындардың инфекция туралы ақпараттандырылу деңгейін арттыру және ауруды ерте анықтау мақсатында облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының мамандары 16-18 қыркүйек күндері Бөрлі ауданында профилактикалық іс-шаралар өткізуде.

6a05d42a-32a1-40e0-b9f9-54fc28df360c

Үш күнге жоспарланған шара барысында орталық дәрігерлері полиция бөлімшесінде, Ақсай қаласындағы өрт сөндіру бекеттерінде, өнеркәсіп нысандарында және ойын-сауық орталықтарында болып, тұрғындар мен қызметкерлерге АИТВ инфекциясының алдын алу жолдары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар қала тұрғындарына инфекцияны анықтауға арналған экспресс-тест тапсыру мүмкіндігі ұсынылады.

АИТВ – адамның иммундық жүйесін зақымдап, оның инфекциялар мен түрлі ауруларға қарсы тұру қабілетін біртіндеп төмендететін созылмалы жұқпалы ауру. Инфекция негізінен үш жолмен беріледі: қорғалмаған жыныстық қатынас кезінде, қан арқылы және анадан балаға.

51d644ff-9cec-491d-96ef-f77d0b37a025

Мамандардың айтуынша, АИТВ-ның алдын алудағы маңызды қадамдардың бірі – инфекцияға уақытылы тексерілу. АИТВ анықталған жағдайда адам дәрігер бақылауында болып, тиісті ем қабылдаса, ұзақ әрі толыққанды өмір сүре алады.

– Ақсай – түрлі ұлт өкілдері тұратын, шетелдік компаниялар жұмыс істейтін, сырттан келетін азаматтар көп шоғырланған қала. Сондықтан профилактикалық жұмыстарды жиі өткізуге тырысамыз. Бөрлі ауылында да, Ақсай қаласында да, соның ішінде «Алтындар», «Жарсуат» сауда үйлерінде осындай шаралар ұйымдастырдық, – дейді облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы профилактика бөлімінің басшысы Алтынай Ашиғалиева.

30731382-082e-4f37-b337-6fef92988f16 (1)

Маман экспресс-тест тапсырудың қарапайым әрі құпия түрде жүргізілетінін атап өтті.

– Тексеру кезінде азаматтардың аты-жөнін сұрамаймыз, анонимді түрде жүргізіледі. Әр адамға арнайы сан беріледі. Сол сан арқылы өз нәтижесін біледі. Егер нәтиже теріс болса, жақсы. Ал күмәнді нәтиже шыққан жағдайда азаматты орталыққа келіп, күре тамырдан қан тапсыруға шақырамыз, – дейді Алтынай Ашиғалиева.

Профилактика бөлімінің басшысы күнделікті өмірде сақтық шараларына да мән беру қажеттігін ескертеді. Әсіресе маникюр, педикюр сияқты қызметтер кезінде құралдардың дұрыс зарарсыздандырылуына назар аударған жөн. Құрамында қан болуы мүмкін құралдар тиісті деңгейде стерильденбесе, инфекция жұқтыру қаупі туындауы мүмкін.

Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталсақ, соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында АИТВ инфекциясы бойынша жағдай тұрақты. 2026 жылдың сегіз айында облыста АИТВ инфекциясының 38 жағдайы тіркеліп, сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 5,5-ті құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24 пайызға төмен.

Тіркелген жағдайлардың жас ерекшелігі бойынша ең жоғары үлес 40-49 жас аралығындағы азаматтарға тиесілі. Жыныстық құрамы бойынша ер адамдар басым: 25 жағдай немесе 65,8 пайыз, әйелдер арасында 13 жағдай анықталған. Ал 2026 жылдың өткен кезеңінде АИТВ инфекциясын әдейі жұқтыру фактілері тіркелген жоқ.

Мамандар АИТВ-ның алдын алудың ең тиімді жолы – ауру туралы дұрыс ақпарат білу, қауіп факторларынан сақтану және денсаулықты уақытылы тексертіп тұру екенін еске салады.

Өз денсаулығыңа жауапкершілікпен қарау – аурудың алдын алудың алғашқы қадамы.

Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале