18.09.2026, 14:30
Оқылды: 10

Өмірі - өнеге, есімі - мәңгілік

Адам өмірінің өлшемі - артында қалдырған ізімен, елге сіңірген еңбегімен бағаланады. Өз ғұмырын туған жерінің өсіп-өркендеуіне, ел игілігіне арнаған азаматтардың есімі уақыт өткен сайын алыстамай, керісінше, кейінгі ұрпақ үшін өнеге бола түседі.
image-18-09-26-01-57-5
Бүгін аудандық мәдениет үйінде Тасқала ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері Өтеміс Уәлиұлы Мырзағалиевтің туғанына 70, өмірден өткеніне 15 жыл толуына орай «Өмірі - өнеге, есімі - мәңгілік» атты еске алу кеші өтті.
Тағылымды шараға ауыл тұрғындары мемлекеттік қызметшілер, мекеме мен бөлім басшылары, ауыл әкімдері, аудандық және ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ,  Өтеміс Уәлиұлымен әр жылдары қызметтес болған әріптестері мен жақын жандары және марқұмның ұрпағы қатысты.
image-18-09-26-01-57-9
Еске алу кешінің мазмұны елге еңбегі сіңген азаматтың өнегелі өмір жолын кейінгі буынға таныстыруға, оның азаматтық болмысын, қызметтегі жауапкершілігін, ел мен жерге деген адалдығын насихаттауға арналды.
Шараға арнайы келген қонақтарды ауылға кіреберістен аудан басшылығы мен ұйымдастырушылар қарсы алып, ақтан ауыз тигізіп, қазақы дәстүрмен құрмет көрсетті. Бұл - елге қызмет еткен азаматтың рухына көрсетілген тағзымның, үлкенге құрмет пен өткенді ұлықтаудың жарқын көрінісі болды.
Бұдан әрі қонақтар аудандық мәдениет үйінің фойесінде кітапхана мен архив мамандары ұйымдастырған көрмені тамашалады. Көрмеге Өтеміс Уәлиұлының өмірі мен еңбек жолына қатысты құжаттар, тарихи деректер, фотосуреттер мен баспасөз материалдары қойылып, қайраткердің жүріп өткен жолынан сыр шертетін құнды дүниелер көпшілік назарына ұсынылды.
image-18-09-26-01-57-4
Еске алу кеші театрландырылған көрініспен басталды. Сахналық қойылым арқылы Өтеміс Уәлиұлының студенттік шағы, азамат болып қалыптасу кезеңдері мен ел қызметіндегі жылдары көрерменге әсерлі жеткізілді. Сондай-ақ марқұмның өмір жолы мен жеткен жетістіктеріне арналған бейнероликтер көрсетіліп, оның ел тарихындағы орнына назар аударылды.
Өтеміс Уәлиұлының ғибратты ғұмыры - бір адамның өмірбаяны ғана емес, тұтас бір кезеңнің шежіресі. Ол ел басқару ісінде жауапкершілік пен табандылықты, азаматтық қызметте адалдық пен еңбекқорлықты ту еткен тұлға ретінде замандастарының жадында қалды. Оның қызмет жолы туған өлкенің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына үлес қосқан еңбекпен сабақтасып жатты.
Қайраткердің еңбегінің елеулілігі де осында - ол өз дәуірінің жауапты міндеттерін атқарып қана қоймай, елдік мәселелерге бейжай қарамайтын, халықпен етене жұмыс істейтін азаматтық ұстанымымен ерекшеленді. Мемлекеттік қызметтің мәнін лауазыммен емес, елге жасаған қызметпен өлшей білген тұлғаның өнегесі бүгінгі буын үшін де маңызды.
image-18-09-26-01-57
Кеш барысында Өтеміс Уәлиұлымен қызметтес болған әріптестері мен көзкөрген замандастары сахна төріне шығып, азаматтың адами болмысы, қызметтегі ұстанымы, елге деген жанашырлығы туралы естеліктерімен бөлісті.
Естелік айту - өткенді ғана еске алу емес, кейінгі ұрпаққа аманат қалдыру. Осы тұрғыдан келгенде, кеш барысында айтылған әрбір естелік Өтеміс Уәлиұлының бейнесін толықтыра түсті. Бірі оның еңбекке деген талапшылдығын айтса, енді бірі адамға деген құрметін, қарапайымдылығы мен елжандылығын еске алды. Замандастарының жүрекжарды әңгімелерінен оның ел арасында өзіндік орны бар азамат болғаны аңғарылды.
Жиын барысында айтылған жылы лебіздер мен тағылымды естеліктерден Өтеміс Уәлиұлының артында өшпес із, ел жадында сақталған жарқын бейне және кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі іс қалғаны анық сезілді.
image-18-09-26-01-57-8
Тағылымды шара барысында ҚР "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісінің иегері Майра Хайдарова Бақтықожа Ізмұхмбетовтің сөзіне жазылған Заттыбек Көпболсыновтың әніне жазылған "Көңіл толқуы" атты әнді шырқаса, ҚР Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісінің иегері Ермек Молдабеков өзі шығарған "Тағдыр" күйін шертіп берді. Одан бөлек кезінде Өтеміс Уәлиұлының бастамасымен  құрылған аудандық ұлт аспаптар оркестрі Нұрғиса Тлендиевтің "Махамбет поэмасын көпшілікке тарту етті.
Еске алу шарасын аудан әкімі Талғат Шакиров қорытындылап, ел ағасының елеулі еңбегін тілге тиек етті. Оның ел басқарған аз ғана уақытта істеген игі істері тасқалалықтардың жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Содан соң марқұмың енесі мен бауырларына, қалаберді  келіндеріне аудан жұртшылығы атынан құрмет көрсетіп сый-сияпат табыстады.
Ия, адамды уақыт алыстатуы мүмкін, бірақ оның елге жасаған еңбегін, халқына сіңірген қызметін өшіре алмайды. Өтеміс Уәлиұлы Мырзағалиевтің есімін ұлықтауға арналған  еске алу кеші  осының айғағы.
Ел үшін атқарылған еңбек - ұрпақ жадында. Азаматтың ғибратты ғұмыры - кейінгіге өнеге. Сондықтан Өтеміс Уәлиұлының есімі мен елге сіңірген еңбегі туған жер тарихында өз орнын сақтап, уақыт өткен сайын тағылымдық мәні арта бермек. Еске алу шарасынан кейін марқұмға құран бағышталып ас берілді.
Назгүл Серікқызы, 
Тасқала ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале