18.09.2026, 17:00
Оқылды: 12

Жобаны қабылдамастан  бұрын неге жеті рет өлшеп, бір рет кеспейміз?

...Әнебір жылдары Ақжайық ауданындағы Жанама ауылына таза су құбыры тартылып,  ауылдағылар  бөріктерін  аспанға  атып, қуанды.  Содан кейін  көп  ұзамай-ақ  тұрбадан  тамшы  су  ақпай қалғанын көрді жұртшылық.  Неге десеңіз, су Жайық өзенінен бөлініп қалған  қарасудан  тартылған  еді.  Шөлейт  аймақтың  таңдай  кеберситін    құрғақшылығы  салдарынан  жайылма судың кеуіп, қара батпаққа айналатыны таңсық емес.  Бірақ мұны ескермеген  тапсырыс  беруші әрі жобалаушы аудандық құрылыс бөлімі қайтадан жоба жасақтап,  Жайықтан  су тартқаны есімізде.  Аталған аудандағы  Шабдаржап  ауылындағы  ауыз  су  жобасы да осыған ұқсас жағдайдың  кепешін  киіп, әдірем  қалып отыр. 

Ауыл көрінісі

Шабдаржап ауылы ит арқасы қиянда, аудан орталығы Чапаевтан гөрі Атырау облысының Индер ауданы орталығына жақын орналасқан. Елді мекенде 607 адам тірлік етеді. 2018 жылы  мектеп жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Келесі жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша таза су құбыры тартылған-тұғын.  Ұзындығы 22 шақырым су құбыры жүйесінен жеті жыл өткенде ши шықты. Өткен жылдан бастап ауылдағылар суға жарымай-ақ қойды.

Тұрғындардың айтуынша, 127 ауланың барлығы таза су құбырына қосылды. Соңғы жылы ауыз сумен үздіксіз қамтыған құбыр суының сапасы нашарлаған. Кейде сарғайған, кейде қарайған судың өнімділігі төмендеді.

– Өткен қыста судың келуі күрт азайды. Оның неден азайғанын білмедік. 2024 жылы Жайық өзені тасыды. Сонда ауылға су құбыры тартылған шахталық құдықтарды тасқын су басты. Сорғылар жанып кетті деген де әңгіме айтылды. Су тасқынынан бүлінбеген бір құдықтан су келіп тұрды. Қазір ауыз су техникалық су құбырына жалғанды. Алайда бау-бақша маусымы бітеді, қазан айында ол суды беру тоқтатылады. Сонда суды қайдан ішеміз деп уайымдап отырмыз, –  деді  Шабдаржап ауылындағы Х. Доспанова атындағы  орта мектептің директоры әрі Тайпақ ауылдық округі әкімінің өкілі Бекзат Иманғалиева (суретте).

Сонымен «Ақбұлақ» бағдарламасының суы бу болып, көзден ғайып болды. Су жүйесінің мешелдігінен Шабдаржаптың ғана емес, іргедегі Томпақ  елді мекенінің де 200-ге тарта тұрғыны сусыз қалмақ. Өйткені ол ауылдың су құбыры осы Шабдаржаптағы су жүйесіне қосылған. Өткен жылы су ауылға нақтыланған уақыт аралығында беріліп тұрды. Бұрын  тұрғындар қолдағы малын Жайық өзеніне айдап суаратын. Енді таза су келгелі төрт түлік малды құбырдағы сумен суаратындар көбейген. Одан басқа әр үйде жайлы пәтердегідей душқа, әжетханаға су кіргізілген. Осындай жайттардың барлығы судың тапшылығын дендете түседі.  Мектепте де әжетхана іште орналасқан. Былтыр қыста құбырдан тамшы су ақпағанда Тайпақтан, Атырау облысына қарасты іргелес Аққаладан су таситын көліктер келді. Олар белгіленген сомаға әр үйдің  құдығын суға толтырды.

– Адам баласы жақсылыққа тез үйренеді екен. Өткенде тұрғындар жиналысына келген аудан мен округ басшылары жаңа жоба жасақталуда, қаржы бөлінсе, жобаны іске жүзеге асыру басталады деп үміттендірді. Бұрынғыдай ешкім от жағып, күл шығармайды. Мектебіміз жаңа, медпункт (ФАП) бар. Ауылымыздан ешкім басқа жаққа көшіп жатқан жоқ. Жаңа жеке үйлер салып, мал өсіріп, тату-тәтті тірлік кешудеміз, – деді ауыл ақсақалы  Жеңіс  Құлақов.

 Тұрмыс  түзеліп, әл-қуат артты

Ауыл мектебі

Шабдаржаптықтар электр жарығының үп етіп, жел соқса, сөніп қалатынына өкпелі. Кеңестік заманнан бергі жөндеу көрмеген «қырық құрау» желі әбден тозған. «Елді мекендегі электр желілерін жаңғырту жұмыстары қашан басталады?» деп қоңырау шалдық «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ға. «Жақын  арада» деген деп сендірді аталған компания басшылығы.   Мердігерді анықтау конкурсы өтті десті.

Сымдай тартылған бес көшеден тұратын ауылда клуб жоқ. Бірақ клуб меңгерушісі штаты сақталып, еден жуушы қысқартылған. Мәдениет ошағы болмаған соң клуб қызметкері мектептің акт залында отырады. Аппараттары да сонда. Жаңа клуб салу қаржы тапшылығына байланысты жылдан-жылға кейінге шегеріліп келеді. Тұрғындары ешқайда көшпеген мұндай елді мекенге шағын модульді клуб салған жөн болар еді.

Бой көтергеніне сегіз жыл болған қос қабатты білім ұясы ғимаратының айналасына егілген 500 түп ағаш жайқалып, сән беріп тұр. Он бір жылдық мектепте 107 бала оқиды. Мамандар жеткілік-ті. Жалпы елді мекендегілер жасыл желекті молайтқан. Тау төбе болып жататын қалдықтар көрінбейді. Тайпақ ауылдық округінің әкімдігі трактор, «КамАЗ» көліктерін жіберіп, қоқыстың далаға шығарылуын қадағалайды. Жаңа үйлер сап түзеп тұр. Бұл да ауылдағылардың тұрмысының түзеліп, әл-қуатының артқаны  байқалады.

Ауылдың үлкені 92 жастағы Есенғали Жақсығалиев

Жаңа  жоба  жарылқасын

Ақжайық ауданы әкімдігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, «Жайықтехсервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жерасты суын жоғары көтеретін ұңғымаларды және құбырларды толық залалсыздандырып, су сорғыларын, сүз-гілерін жаңалау жұмыстарын жүргізді. Бірақ нәтиже нөл. Су жоқ. Тасқыны салдарынан 5 ұңғыманың үшеуі істен шыққан көрінеді. Ауылға іссапармен барған бетте құдықтардың жай-күйін көрмекші болғанбыз, бірақ су мұнарасының да, бес құдықтың да қоршауларында қара құлып тұрды. Су жіберетін жаңа оператор жұмысқа қабылданбақ болып, Чапаевқа кеткен. Ал бұрынғы қызметкерді әлдебір себептермен жұмыстан шеттеткен. Ауылдағылар: «Қолы шебер еді» деп мақтайды. Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Денис Омашев әкімдіктің  Шабдаржап ауылының ауыз су мәселесінен хабардар екенін айтты.

– Қазіргі кезде ауыз су бе-ру өнімділігінің төмендеуіне байланысты ауылды сумен қамтамасыз ету бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар жер учаскесін рәсімдеу және жобаға қатысты тиісті мемлекеттік құрылымдар үйлестіру жұмысын жүргізуде. Жобаға сәйкес ауылды сумен қамтамасыз ету мақсатында Жайық өзенінен су құбырын тарту көзделген. Жобалық-сметалық құжаттаманы толық аяқтау ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарланды, – деді Денис Молдағалиұлы.

Желге  ұшқан  қаржы...

Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлі-мінің басшысы Мирхат Омаров жоба аяқталғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмысын жүргізуге қаражат қажет екенін алға тартты. Сол үшін облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім жолданатынын жеткізді. Жаңа жоба бойынша ауыз су Жайық өзенінен тартылады. Жобаның болжамды құны – 250 млн теңге. Ал бұрынғы іске қосылған (жерасты суы пайдаланылатын) жобаның сметалық құны 468 млн 120 мың теңге болғанын ескерсек, соншама қазына қаржысы желге ұшқанын бағамдау қиын емес.

«Неге жерасты суынан емес, Жайықтан су құбырын тартуды жобаламадыңыздар?» деген сауалымызды іркіп қала алмадық.

– Елді мекендерге су тарту үшін сол аумақтағы су көздері барланады. Елді мекенге жақын жерде тұщы су көзі болса, соны пайдалануға ұмтыламыз. Өйткені жақыннан су тарту тиімді. Жайықтың жайын білесіз. Ауылға таяу жерден жерасты су қоры табылды. Содан су тарту жобасы жасақталды. Бірақ Жайық өзені тасиды деп кім болжаған, – деді істен шыққан жобаны жасақтаған бөлімнің басшысы Мирхат Омаров. Оның айтуынша, жобаны жүзеге асырған тәжірибелі мердігер  Құрылысгаз» ЖШС міндеттемесін мінсіз атқарды.

Жаңа жоба жасақтап, оны «жандандыруға» бюджеттің қыруар қаржысын жұмсағанша, жерасты суы тартылған бес шахталық құдықты қалпына келтірген экономикалық жағынан тиімді емес пе?! Сананы сансыратқан сұрақтың жауабын іздеп, өңірдегі жерасты суын барлайтын, бекітетін «Жайықгидрогеология» ЖШС-ның бас директоры Жанат Тайкеновке жолықтық.

– Мұндай жағдай Теректі ауданында Теректі ауылында болды. Қазылған құдықты тасқын су басты. Үш құдықты қалпына келтіреміз деп көріп едік болмады. Тасқын сумен аққан саз балшық жер астындағы су көзін бітеп тастайды. Құдықтың түбін тазартқанмен, оның арғы жағы  бітеліп қалған соң жарамсыз болады. Сондықтан бітелген құдық пайдасыз, оны жаңадан қазу керек. Шабдаржаптағы жер-асты су алынатын бес құдық Жайықтың жайылмасында орналасқан. Басқа жерде тұщы су көзі болмады. Зерттегенбіз, картамыз бар, – деп Жанат Тайкенов экономикалық тиімділікке қатысты күдігімізді жоққа шығарды.

 Тобықтай түйін

Ендігі үміт – жаңа жобада.  Биыл  қаржы  бөлініп  жатса, нұр үстіне  нұр.  Туған жерін  түлетіп, шашау шықпай отырған осындай елді мекендердің тұрғындарының мұң-мұқтажына  сергектікпен  қараған жөн.  Сондай-ақ жоба жасақтағанда өткеннен  сабақ  алсақ, артық  болмас еді. 

Гүлбаршын  Әжігереева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале