ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, Анталья қаласында Қазақстан-Түркия автомобиль көлігі жөніндегі аралас комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Фото: istockphoto.com
Жиын қорытындысы бойынша екі ел арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары мен транзитті әрі қарай дамытуға бағытталған нақты шешімдер қабылданды. Ең басты нәтижелердің бірі – қазақстандық тасымалдаушыларға Түркияның теңіз порттарынан Қазақстанға кейіннен жеткізу үшін жүктерді тиеуге рұқсат етілуі.
Сонымен қатар тараптар электрондық рұқсаттарға ешқандай сандық шектеулер қойылмайтынын келісті. Бұл қадам тасымалдарды икемді ұйымдастыруға және жүргізушілердің сұраныстарына жедел ден қоюға жол ашады. Оған қоса, 2026 жылдан бастап мұндай транзиттік жүктерді тасымалдау үшін жыл сайын 3 мыңнан рұқсат бланкілерімен өзара алмасу жүзеге асырылмақ.
Отырысқа қатысушылар бұл бастамалардың екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық байланыстар мен көлік-логистикалық әлеуетті нығайтуға зор үлес қосатынын атап өтті.