20.09.2026, 9:30
Оқылды: 26

Қазталовта жемшөп қорын тұрақтандырудың жолдары талқыланды

Қазталов ауданына қарасты Талдыапан ауылында ұйымдастырылған жиында екпелі шөп өсіру технологиясы, жемшөп дайындау мен сақтау, суармалы егіншіліктің мүмкіндігі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары сөз болды.

InShot_20260920_010434001

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев жүргізді. Оның айтуынша, аудан экономикасында ауыл шаруашылығының, соның ішінде мал өсірудің үлесі айрықша. Ал бұл саланың орнықты дамуы, ең алдымен, төрт түлікке қажетті азық қорын қалыптастыруға байланысты.

– Соңғы жылдардағы табиғи-климаттық жағдайлар табиғи шабындықтарға ғана тәуелді болмай, екпелі шөп алқаптарын ұлғайтуды, мал азығы дақылдарын ғылыми негізде өсіруді, дайындалған азықты дұрыс сақтауды қажет етіп отыр, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Семинар барысында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сағат Нұрмұхамбетов аудан көлеміндегі мал азығы және екпелі шөп бағытындағы жұмыстарды таныстырды. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы бөлімінің бас маманы Асылболат Кубиев егіс алқаптарын әртараптандыру, екпелі шөп түрлерін өсіру және салаға берілетін мемлекеттік қолдау жөнінде түсінік берді.

Шаруаның көкейіндегі басты сұрақтың бірі – өндірісті кеңейтуге қажетті қаржыға қол жеткізу. Осы ретте «AQJAIYQ» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма басшысы Азамат Ахметов ауылдағы кәсіпкерлік бастамаларды қаржыландыру тетіктерін түсіндірді.

Ал «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС-ның аға ғылыми қызметкері Жасқайрат Бекеев екпелі шөп егудің тиімділігіне тоқталып, мал азығын өндіруде ғылыми негізделген тәсілдердің маңызын атап өтті.

Мәселенің екінші қыры – су. Су жеткілікті жерде екпелі дақылдардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік бар. Сондықтан суармалы егіншілікті жолға қою да аудан шаруалары үшін маңызды бағыттардың бірі болып отыр.

«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы Сарыөзен учаскесінің бастығы Еркебұлан Ермұқанов су беру тәртібі мен су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері жөнінде ақпарат берді.

Бір қарағанда, бұл бағыттар бөлек-бөлек мәселе секілді көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, барлығы бір тізбектің буыны. Жерді дұрыс таңдау, сапалы тұқым пайдалану, агротехникалық талаптарды сақтау, су көзін тиімді пайдалану, шөпті уақытында жинап, құнарын жоғалтпай сақтау – мал азығының сапасын айқындайтын өзара сабақтас үдерістер.

Жиынға бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысып, сала мамандарына сауалдарын қойды. Өзекті мәселелер ортаға салынып, алдағы жұмысқа қатысты ұсыныстар айтылды.

InShot_20260920_010503950

Ауыл шаруашылығында нәтижеге жеткізетін жолдың бірі – бар табиғи мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, жаңа технологияны өндіріске енгізу. Бүгінде екпелі шөп егу тек жемшөп дайындаудың қосымша тәсілі емес, мал шаруашылығының тұрақты азық базасын қалыптастыратын маңызды құралға айналып келеді.

Қазталов үшін бұл бағыттың мәні бөлек. Себебі төрт түлік өсіруді дәстүрлі шаруашылықтан тиімді өндіріске айналдыру үшін мал басының санына ғана емес, оның азығына да есеппен қарау қажет. Жемшөп қоры берік болса, шаруаның қыстан қысылмай шығуына, өндіріс шығынын жоспарлауына және мал шаруашылығының өнімділігін арттыруына мүмкіндік молаяды.

image-19-09-26-07-23-4

Әдемі Жасұланқызы, 

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале