Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармониясының әртісі, талантты әнші Айдана Ажғалиева Сербия астанасы Белград қаласында өткен халықаралық «GOT TALENT» байқауында бас жүлдені жеңіп алды.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген мықты өнерпаздар қатысқан бәсекеде отандасымыз финалдық сахнада қазақтың біртуар композиторы Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін аса шеберлікпен орындады.

Тартысты сайыста 250 үміткердің арасынан іріктелген 11 финалистің қатарынан озып шыққан өнерпаз сырлы үнімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Осылайша, Белград Арена сахнасында Қазақстанның көк туы желбіреп, еліміздің өнер саласындағы жетістігі тағы бір мәрте мойындалды.
Айжан Бауыржанқызы,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі