Шыңғырлау ауданында күйші-композитор, өлкетанушы, жерлесіміз Болат Шалабаевтың 90 жылдығына арналған оқушылар арасындағы облыстық «Күй-ғұмыр» күйшілер байқауы өтті.

Өмірін ұлттық музыка өнерін насихаттауға арнаған әуесқой композитор әрі домбырашы қазақтың домбыра өнері мен күй шығару дәстүрін жалғастырып, 40-тан астам күй жазды. Оның танымал шығармалары қатарында «Құрманғазы», «Батырлар дабылы», «Сейтектің арманы» сияқты туындылар бар, ал кейбір күйлері үнтаспа мен күйтабаққа жазылып, алтын қорға енген. Сонымен қатар Шыңғырлау топырағында дүниеге келген тұлға күйшілік өнермен қатар туған өлкенің тарихын зерттеп, кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырды.

Шараға Батыс Қазақстан облысының барлық ауданынан келген 13 жас домбырашы қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады. Қатысушылардың өнерін Мәдениет саласының үздіктері Асқар Кенжеғалиев, Ербол Губайдуллин және Гүлістан Өміралиева бағаласа, іріктеу кезеңінде аудандық бөлім басшысы Олжас Сейтимов сәттілік тіледі.
Байқау қорытындысында І дәрежелі диплом мен 100 мың теңгелік сертификатты Шыңғырлау ауданының өкілі Мақсат Сақтар (жетекшісі – Салтанат Мұхитқызы) жеңіп алды. Ал ІІ дәрежелі диплом мен 70 мың теңгені Жаңақала ауданынан келген Нұрғиса Батырхан (жетекшісі – Амангүл Сәбитқызы) еншіледі. ІІІ дәрежелі диплом мен 50 мың теңге Қаратөбе ауданының жас күйшісі Ибраһим Буранбайға (жетекшісі – Қыдырнияз Құбаниязұлы) бұйырды. Сондай-ақ Бәйтерек ауданы Махамбет ауылынан келген Кәусар Барисова (жетекшісі – Айнұр Дюсенқызы) дипломант атанып, 30 мың теңгелік сертификатқа ие болды және тағы 9 қатысушыға ынталандыру дипломдары мен 20 мың теңгелік сертификаттар табысталды.

Шара соңында Болат Шалабаевтың ұрпақтарына және қазылар алқасына алғысхаттар мен естелік сыйлықтар берілді.
Сара Әділ,
Шыңғырлау ауданы