22.09.2026, 15:45
Оқылды: 12

Казталов ауданында жылыту маусымына дайындық мәселесі пысықталды

Казталов ауданының әкімі, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия төрағасы Асланбек Сарқұловтың төрағалығымен өткен комиссияның кезекті отырысында су тасқынының алдын алу, су айдындарындағы қауіпсіздік, өрт қаупі кезеңінің қорытындысы, жылыту маусымына және қысқы кезеңге дайындық мәселелері кеңінен талқыланды.

image-22-09-26-03-46-4

Комиссия отырысында алдымен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы азаматтық қорғау майоры Олжас Абдрахман баяндама жасап, су тасқынының алдын алу және өрт қауіпті кезеңінің өту барысы жөнінде ақпарат берді.

image-22-09-26-03-46

— Жыл басынан бері аудан бойынша 125 хабарлама тіркелді. Оның ішінде 36 өрт оқиғасы, 67 жану оқиғасы, 19 авариялық-құтқару жұмыстарына шығу және 3 өзге де шығу фактісі бар. Өрттердің 25-і тұрғын үй секторында, 8-і автокөліктерде, екеуі дүкендерде және біреуі далада болды. Жану оқиғаларының ішінде 41 дала өрті тіркелді. Дала жануларына қатысты анықталған кінәлі тұлғаларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды, — деді бөлім басшысы.

Су тасқынының алдын алуда гидротехникалық нысандардың орны бөлек. «Қазсушар» РМК БҚО филиалының Казталов учаскесінде бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылған.

— Фурманов магистралды каналы бойындағы Байбоз басты қақпа, Отыз кебен, Байбоз және Талдыапан нысандарындағы су тежегіш қақпалары жөнделді. Қақпалар мен көтергіш механизмдер жаңартылып, металл конструкциялар қайта орнатылды. Бетон негіздері қалпына келтірілді. 2025–2026 жылдары «Балықты–Сакрыл (Қайып)» қақпаларында да жөндеу жүргізіліп, төрт қақпа жаңартылып, екі көтергіш құрал ауыстырылды. Бұдан бөлек, «Казталов-1», «Казталов-2» және «Мамай» суландыру жүйелерінің қақпалары ағымдағы жөндеуден өтті. Сарыөзен мен Қараөзен өзендерінің суын лимандарға шығару жұмыстары да ұйымдастырылып, су басу қаупі жоғары елді мекендер ескеріліп, бақылау жүргізілуде, — деді «Қазсушар» РМК БҚО филиалының Казталов учаскесінің басшысы Еркебұлан Ермұханов.

Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы мен округ әкімдеріне су тасқынының алдын алу мақсатында қажетті материалдарды дайындау, өрт фактісіне байланысты жауапкершілікке тарту мәселесін пысықтауды тапсырды.

Алдағы 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық та комиссияның басты назарында болды. Аудан аумағында 136 әлеуметтік нысан бар. Оның ішінде 60 білім беру ұйымы, 8 кітапхана, 26 мәдениет және 42 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді.

— Әлеуметтік нысандардың әзірлігін бағалау мақсатында аудандық штаб құрылып, 16 ауылдық округтегі нысандар тексерілді. Қолданыстағы талаптарға сәйкес 15 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында күзгі-қысқы кезеңге дайындық паспорттары рәсімделеді. Қазіргі таңда 108 нысан тиісті паспорт алды. Дегенмен тексеру барысында бірқатар мәселе де анықталды. Атап айтқанда, кейбір нысандарда сигнализаторлардың техникалық тексерісі, генераторлардың жетіспеуі, қазандықтар мен жылу жүйелерінің жекелеген элементтерін ауыстыру қажеттілігі бар, — деді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерлан Нұрланұлы.

image-22-09-26-03-46-2

Жылыту маусымына дайындық мәселесі жөнінде аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Джангереева, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ержан Құмарғалиев, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Манарбек Бектияров хабарлама жасап, әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығына егжей-тегжейлі тоқталды.

Қысқы кезеңде жол қауіпсіздігі де ерекше маңызға ие. Казталов ауданындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 508,3 шақырымды құрайды. Қысқы кезеңдегі жұмыстарды «Техсапа Құрылыс» ЖШС және «Казталов мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны» атқарады. Ал мердігерлердің қарамағында қар тазалау және жолды күтіп ұстауға арналған 26-ға жуық техника болмақ. Оның ішінде автогрейдерлер, тиегіштер, экскаваторлар, тракторлар, бульдозерлер және басқа да арнайы техника бар. Асфальт жамылғысы бар жолдарға арналған тұзды-құм қоспасын дайындау бойынша да тапсырмалар берілген. Қазан айында аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мердігерлердің техникасы мен инертті материалдарының қысқы кезеңге дайындығын тексереді. Бұл туралы Ерлан Аронов хабарлады.

Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы төтенше жағдайлардың алдын алу ортақ міндет екенін ескере отырып, салалық бөлім және мекеме басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

— Қауіпсіздік саласында «кейін көрерміз» деген ұстанымға орын жоқ. Себебі қысқы боран мен көктемгі тасқынның, өрт пен техникалық ақаудың нақты қай күні туындайтынын ешкім алдын ала болжап біле алмайды. Ал оған қаншалықты дайын екеніміз бүгін атқарылған жұмыстың нәтижесімен өлшенеді. Сондықтан комиссия отырысында көтерілген мәселелердің барлығы уақытында шешімін тауып, жауапты мекемелер белгіленген міндеттерді сапалы орындауы аудан тұрғындарының қауіпсіздігі үшін маңызды. Округ әкімдері әлеуметтік нысандарды тексеріп, операторлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін пысықтаңыздар. Сонымен қатар салалық бөлім басшылары да өз салаларыңыз бойынша тиісті шешімдерді қабылдап, жылыту маусымына дайындықты күшейтіңіздер, — деді аудан әкімі.

 

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале